среда, 11 декабря 2024   Подписка на обновления  RSS  Реклама на сайте
Популярно
11:05, 12 May 2023

РЕСПУБЛИКА ҚҰНДЫЛЫҒЫ


Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздері еліміз егемендігін алғаннан кейін пайда болып, 1992 жылы 4 маусымда бекітілді. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Заңның қазір қолданыстағы редакциясы 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Көне замандардың өзінде елдер мемлекеттіктерінің ел ұмтылысы мен армандарын бейнелейтін бірінші кезектегі атрибуттарын — Туын, Елтаңбасын, Әнұранын белгілеп алатын болған, деп хабарлайды «Эк-спорт» АА.

РЕСПУБЛИКА ҚҰНДЫЛЫҒЫ

Ғалия Көшекбаева, заңгер, ҚР ӘМ «Республикалық Құқықтық ақпарат орталығы» РМК ардагері.

Көне замандардың өзінде-ақ белгілі бір мемлекетке тән басты графикалық символ-бейнелер айқындалғаны, әскерлердің ұлттық тулар астында, батырлыққа үндейтін әнұрандар әуенімен шайқасқаны белгілі. Қазіргі заманда да мемлекеттік символдар бірінші кезектегі мәнге ие. Ұлттық тулар мемлекеттік мекемелерде, халықаралық форумдар мен спорт ареналарында желбірейді. Жеңімпаз отандастарымыздың құрметіне Қазақстанның мемлекеттік Туы көтеріліп, еліміздің мемлекеттік Гимні шырқалғанда мақтаныштан әр адамның жүрегі дүрсілдеп қоя береді деп ойлаймын. Егер символиканың мәні туралы айтар болсақ, көне замандарда өздерінің күш-қуатын танытып, жауларының жүрегін ұшыруға тырысқан. Мысалы біздің Тараз қаласының Елтаңбасында көне замандарда Қараханидтер мемлекетінің билігі мен қуатының символы – аяғын көтеріп тұрған Барыс бейнеленген. Бүгінде Қазақстан өзінің мемлекеттік рәміздеріне бейбітшілік ырғақтарын орналастырып отыр. Ол – туған үй символы шаңырақ. Ол – прогреске деген ұмтылысты бейнелейтын мифтік жылқылар. Ол – күнге қарай қалықтап бара жатқан алтын қыран. Және ой-ниетіміздің тазалығының символы – ашық көк аспан.

Еліміз егемендігін алғаннан кейін Кеңес заманындағыдан өзгеше, дербес жаңа мемлекеттік символдарға деген қажеттілік туындады. 1992 жылдың басында Жоғарғы Кеңес Төралқасының жаңа мемлекеттік символикаларды әзірлеу жөніндегі жұмыс тобын құру туралы Қаулысы шықты. Елтаңбаның, Тудың, Гимннің жобаларын жасау байқауына 600-ден астам адам қатысты, Мемлекеттік Тудың, мемлекеттік Елтаңбаның және Мемлекеттік Гимннің эскиздерінің шығармашылық жобалары, нұсқаларын ұсынған көптеген өтініш түсті. Тудың авторы Шәкен Ниязбеков, Елтаңбаның авторлары Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлихан сияқты шеберлердің жас егемен еліміздің саяси мәні мен мақсаттарын барынша жарқын, жоғары көркемдікпен бере білгендері белгілі. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстанның Гимні бертінде, 2006 жылы өзгертілді. Оның негізіне белгілі композитор Шәмші Қалдаяқовтың танымал әні алынды.

Бұл орайда музыкасының авторы біздің жерлесіміз, ұзақ жылдар Жамбыл ауданының Жалпақтөбе ауылында тұрған белгілі қазақ композиторы Шәмші Қалдаяқов екенін жамбылдықтар мақтаныш ете алатынын айтқым келеді.

Қазақстанның мемлекеттік рәміздері 1992 жылы 4 маусымда бекітілсе, 1996 жылы 24 қаңтарда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Заң қабылданды. 2007 жылы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Заңның қазір қолданыстағы редакциясы қабылданды.
Елімізде мемлекеттік рәміздер заңдылықтарға сәйкес қолданылуы тиіс. Қазақстанда 2007 жылы 4 маусымда мемлекеттік рәміздер туралы Конституциялық Заң қабылданды. Онда Тудың, Елтаңбаның және Гимннің сипаттамалары берілген. Осы Заңмен оларды пайдалану тәртібі де белгіленген — қандай іс-шараларда, қандай мекемелерде. Сондай-ақ оларды сақтау тәртібі де бекітілген. Заңда саяси, патриоттық, тәрбиелік қуаты аса зор, сондықтан өзіне тиісінше құрметті талап ететін мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілік те қарастырылған . Бүгінде мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібі, сондай-ақ пайдалану стандарттарын сақтауға деген қатаң талаптар мемлекеттік стандарттар деңгейіне шығарылған, оларды бұзу белгілі бір әкімшілік-құқықтық жауапкершілікке әкеліп соғады. Мәселен, Заңның 4-бабында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы қайда және қалай көтерілетіні, тігілетіні және орналастырылатыны айқындалған. Ғимараттарда тұрақты негізде тігілген Ту түн мезгілінде міндетті түрде жарықтандырылуы керек. Ұлттық Ту орталық, жергілікті өкілетті және атқару органдарының, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынышты және есепті мемлекеттік органдардың алқа мәжілістері залдарында, сондай-ақ мемлекеттік органдардың ғимараттары ашылғанда, салтанатты рәсімдер кезінде, салтанатты және спорттық іс-шаралар кезінде, ашылу салтанаттары мен оқу жылы аяқталғанда білім ұйымдарында, елімізге мемлекеттік және ресми іссапарлармен келген мемлекет, парламент және үкімет басшыларын қарсы алғанда желбірейді. Сол төртінші бапта Қазақстан Республикасы Президентінің, Парламенттің, Үкіметтің, министрліктердің, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдардың және олардың ведомстволары мен аумақтық бөлімшелерінің, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының және жергілікті соттарының, Жоғарғы Сот Кеңесінің, жергiлiктi өкілді және атқарушы органдардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінің веб-сайттарында міндетті түрде орналастырылатыны айтылған.

Ал Қазақстанның Мемлекеттік Елтаңбасына келсек, ұлттық қазақстандық Елтаңбасы бар рәмізді пайдалану тәртібі осы Заңның үшінші тарауында айқындалған. Мемлекеттік Елтаңба еліміздің Мемлекеттік Туы сияқты Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен орналастырылады.
Бұл орайда Мемлекеттік Елтаңбаны қоғамдық бірлестіктер мен басқа да ұйымдар елтаңбаларының геральдикалық негізі ретінде пайдалануға болмайтыны нақтыланған.
Мемлекеттік Гимнді қандай да бір қоғамдық орындарда, супермаркеттерде, базарларда, үйлену тойларында, басқа да отбасылық іс-шараларда өз бетінше, негізсіз орындауға жол берілмейді. Бұл мемлекеттік рәмізге деген құрметсіздік болып табылады.

Мемлекеттік Гимн Қазақстан Республикасының Президенті қызметке кіріскен кезде, Қазақстан Республикасы Парламенті сессияларының ашылуы және жабылуы кезінде; Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мерекелеріне, сондай-ақ өзге де салтанатты іс-шараларға арналған жиналыстар мен мәжілістердің салтанатты ашылуы кезінде; теле-, радиоарналар эфирге шыққан кезде тәулiк сайын, олардың хабар таратуы басталғанда және аяқталғанда; Қазақстан Республикасы халқының өміріндегі аса маңызды тарихи оқиғаларды атап өту құрметіне ескерткіштерді, монументтерді, құлпытастарды және басқа да ғимараттарды ашу кезінде; Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктері мен өзге де ұйымдары өткізетін ресми және салтанатты рәсімдер, спорттық іс-шаралар кезінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көтерілген кезде; Қазақстан Республикасына мемлекеттік немесе ресми сапармен келген шет мемлекеттердің басшыларын қарсы алу кезінде; жалпы орта, кәсіптік бастауыш, кәсіптік орта, кәсіптік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жаңа оқу жылының ашылу және оқу жылының аяқталу рәсімдері кезінде, сондай-ақ өзге де салтанатты іс-шаралар өткізілген кезде; Қазақстан Республикасының ұлттық (құрама) командасы қатысатын спорттық іс-шаралар өткізілген кезде орындалады.

Заңда Мемлекеттік Гимнді қалай орындау керектігі де айқындалған: «Мемлекеттік Гимн көпшілік алдында орындалған кезде қатысушылар оны орнынан тұрып айтады (тыңдайды), бұл ретте Қазақстан Республикасының азаматтары оң қолын жүрек тұсына қояды». Гимнді ықшамдап орындауға жол беріледі, бірақ Гимннің мәтіні мен музыкалық редакциясын басқа музыкалық шығармалардың және өзге де өнер туындыларының негізі ретінде пайдалануға болмайды.

Мемлекеттік рәміздер туралы Заңда «Мемлекеттік органдардың құзыреті» деп аталатын тарау жеке бөліп көрсетілген. Онда техникалық реттеу және метрология саласындағы уәкілетті органның Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Мемлекеттік Елтаңбасының ұлттық стандарттарын, эталондарын әзірлеумен, оларды дайындау жөніндегі қызметті лицензиялауды жүзеге асырумен қатар лицензиаттың лицензияда көрсетілген талаптарды сақтауын бақылауды да жүзеге асыратыны айтылған. Бұл уәкілетті орган сонымен қатар ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін мемлекеттік рәміздерді ауыстыру және жою қағидаларын әзірлейді.

Жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздерінің тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында пайдаланылуын, тігілуін және орналастырылуын бақылауды жүзеге асырады. Бұл орайда облысымызда мемлекеттік рәміздердің облыстағы мемлекеттік ұйымдарда қалай пайдаланылатынына белгілі бір тексерулер жүргізіліп тұрады. Тексерулер барысында мемлекеттік рәміздер туралы заңдылықтардың талаптарын бұзу жағдайлары, белгіленген мемлекеттік стандарттарға сәйкес келмейтін мемлекеттік рәміздерді пайдалану оқиғалары анықталуда.

Жамбыл облысында мемлекеттік рәміздерге деген құрмет пен заңға сай көзқарасты насихаттау жүзеге асырылуда. Облыс әкімдігі жанында мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия құрылған, ол бекітілген жоспар бойынша жұмыс істейді. Қоғамдық-саяси сипаттағы әртүрлі іс-шаралар, Қазақстан Республикасы ұлттық символикасының элементтері бар көрнекілік үгіт құралдары пайдаланылатын көрмелер, акциялар мемлекеттік рәміздерді насихаттау мен пайдалануға бағытталған. Мемлекеттік рәміздерді жастар ортасында насихаттаудың ерекше мәні бар екенін атап көрсеткен жөн. Жастар — біздің болашағымыз. Олардың күш-жігерімен және ұмтылысымен болашақ Қазақстан – кеңістігін мекендейтін барлық халықтардың тұрақты да толыққанды өмірін қамтамасыз ететін бейбітшіліксүйгіш мемлекет қалыптасатын болады.

Об авторе: Айгерим Ахметова


Leave a Reply

© 2024 Эк-Спорт

Яндекс.Метрика