суббота, 27 апреля 2024   Подписка на обновления  RSS  Реклама на сайте
Популярно
12:00, 31 July 2023

Болат жол шақырымдары – Луговой рельс дәнекерлеу кәсіпорнына 35 жыл


Қазақстанның теміржол желілері жедел қарқынмен дамып келеді, еліміздің магистральдық теміржол желісін жаңарту үшін жыл сайын сан шақырым рельс қажет. Қазақстан темір жолын ұзақ жылдар бойы рельспен қамтамасыз етіп келе жатқан Луговское рельс дәнекерлеу кәсіпорны өз мерейтойын атап өтуде. «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ филиалы Луговское рельс дәнекерлеу кәсіпорнының тарихы мен бүгіні туралы – «Эк-Спорт» порталының материалында.

Қазақстанда мұндай екі кәсіпорын бар – Жамбыл облысындағы Луговское рельс дәнекерлеу кәсіпорны және Ақмола облысындағы Курорт-Бурабай рельс дәнекерлеу кәсіпорны. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басынан бастап «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ жол шаруашылығы мамандары рельс дәнекерлеу кәсіпорындарында рельстерді жаңарту мүмкіндіктерін зерттей бастады. Еуропалық қайта құру және даму банкінің несиесі аясында 2013 жылы Курорт-Бурабай стансасында тарихы 1969 жылдан бастау алатын реконструкцияланған рельс дәнекерлеу зауыты ашылды. Бұл кезде кәсіпорын Қазақстанның солтүстік өңіріндегі жол құрылыстарының рельстерді жөндеу және дәнекерлеу қажеттілігін қамтамасыз етіп тұрған еді.
«Қазақстанның оңтүстігінде, Жамбыл облысының Рысқұлов ауданында (бұрынғы Луговой) орналасқан Луговское рельс дәнекерлеу кәсіпорнының тарихы туралы айтқанда, әңгімені өткен ғасырдың 40-жылдарынан бастау керек», – дейді аудандық «Құлан таңы» газетінің бас редакторы Нұрлан Бықыбаев. – Алғашқы рельс дәнекерлеу кәсіпорындары КСРО-да 1940 жылдардың басында, Ұлы Отан соғысы кезінде рельс дәнекерлеу пойыздары құрылған кезде пайда болды. Олардың құрамына технологиялық жабдықтары бар вагондар енгізілді. Кейіннен барлық дәнекерлеу және рельстерді жөндеу жұмыстарын орындауға қажетті технологиялық жабдықтармен, жартылай автоматты өндірістік желілермен жабдықталған, арнайы өндіріс орындары мен біріктірілген цехтары бар стационарлық зауыт үлгісіндегі кәсіпорындар ұйымдастырылды. Сондай кәсіпорындардың бірі – «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының филиалы Луговское рельс дәнекерлеу кәсіпорны бүгінде ауданымыздың бюджетіне лайықты көлемде салық төлеп келеді».
Айта кету керек, темір жол саласы Рысқұлов ауданы үшін маңызды салалардың бірі болып табылады. Аудан көлік жолдарының торабында орналасқан. Ауылдың солтүстігіне қарай екі шақырым жерде әскери аэродром орналасқан. Ал Луговая стансасы Алматы, Тараз, Бішкек, Шу бағыттарын байланыстыратын ірі темір жол торабы болып табылады.
Түркістан-Сібір темір жолының алғашқы рельстері 1927 жылы дәл осы Луговая стансасынан бастап төселген болатын. Бұл темір жол құрылысының басталу рәсімі осы жерде, бюсті қазір вокзал перронына сән беріп тұрған Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұловтың қатысуымен өтті. Аты аңызға айналған магистраль сол кездегі экономиканың дамуында маңызды рөл атқарып, байтақ өңірдің табиғи ресурстарын игеруге, өнеркәсіптік және ауылшаруашылық әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Бүгінде Қытайдан бастап, Ресей, Орта Азия, Таяу Шығыс елдері арқылы Еуропаға дейінгі біртұтас Жібек жолына біріктіретін Түрксіб Қазақстанның ғана емес, Орта Азияның барлық республикаларының да экономикасы үшін табысты жұмыс істеуде.
«КСРО Жол қатынастары министрлігінің тапсырмасымен 1980 жылы 1 сәуірде Луговское рельс дәнекерлеу кәсіпорны ғимаратының іргетасы қаланды, – деп жалғастырады Нұрлан Бықыбаев. – Жобаны «Гипротранспуть»-тың Новосибирск филиалы жасаған, құрылыстың бас мердігері – Алматы темір жолының «Дорстройтрест» кәсіпорны, мердігері Жамбыл стансасының СМП-384 құрылыс-монтаждау пойызы болды. Бұл стратегиялық кәсіпорынды бүкіл ел болып салды. КСРО Жол қатынастары министрінің бұйрығымен Луговское рельс дәнекерлеу кәсіпорны 1988 жылы 1 тамызда пайдалануға берілді. Міндеті жолдан шығарылған ескі рельстерді жөндеу және дәнекерлеу, бунақтарының ұзындығы 800 метрге дейін жететін жаңа рельстерді дәнекерлеу болып табылатын бұл бірегей кәсіпорынның тарихы сол кезден басталып, жалғасып келеді.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ – Луговское рельс дәнекерлеу кәсіпорнының директоры лауазымына 2017 жылдың қыркүйегінен бастап Бақтияр Төлеков тағайындалды.


«Материалдық-техникалық база, білікті кадрлар және ондаған жылдар бойы теміржол желісінің инфрақұрылымын дамытуға қатысу тәжірибесі біздің компанияға жаңа жіксіз рельс өрімдерін жоғары сапалы дәнекерлеуге, ескі рельс өрімдерін және 25 метрлік рельстерді жөндеуге мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ бізде жылжымалы рельс дәнекерлеу машиналары бар, олардың көмегімен бригадалар рельстерді PRSM-4 өздігінен жүретін рельс дәнекерлеу машинасымен тікелей жол бойында дәнекерлейді. Ал кәсіпорынның өзінде ұзындығы 800 метрге дейін жететін темір жол бунақтары дәнекерленеді, олар жаңа теміржолдарға төсеу және ескі рельс бунақтарын ауыстыру үшін арнайы теміржол составтарымен Қазақстан бойынша тасымалданады», – деп түсіндірді кәсіпорын басшысы.
Луговое рельс дәнекерлеу зауытында аса ұзын рельстер 2016 жылдан бері дәнекерлене бастады. Мұндай рельстер өндірісі Қазақстанда алғаш рет Ақтөбеде жолға қойылды, оған дейін Ресейден сатып алынатын. Ақтөбеден тасымалдау үшін ұзындығы 120 метрге жететін роликті арнайы платформалар дайындалды.
Егер бұған дейін 800 метрлік тұтас рельсті құрастыру үшін 25 метрлік рельстер 32 жерден, ал 100 метрлік рельстерді біріктіру кезінде сегіз жерден дәнекерленген болса, 2016 жылдан бастап Луговское кәсіпорнында «барқыт» жолдар деп аталатын рельстер шығарыла бастады.
Неліктен «барқыт» – өйткені мұндай дәнекерлеу кезінде темір жол рельстерінің түйскен жерлері арасындағы қашықтық стандартты 25 метрден әлдеқайда ұзындау, сондықтан теміржол рельстері бойынша қозғалыс жоғары жылдамдықты және іс жүзінде әдеттегі доңғалақтың тықылынсыз, дыбыссыз болады.
Әрине, жіксіз жолды төсеу әлдеқайда қымбат. Бірақ бұл оған тұрарлықтай. Мұндай жолдар жоғары пайдалану сапасына ие, пойыздар қозғалысының жоғары жылдамдығын қамтамасыз етеді және пайдалану шығындарын азайтады.
Дәнекерлеудің осы технологиясын енгізудің арқасында пойыздар сағатына кемінде 200 шақырым жылдамдықпен еркін қозғала алады. Ең жылдам «Тұлпар-Тальго» пойыздары сағатына 140 шақырым жылдамдықпен жүреді, ал «барқыт» болат магистральдар бойымен сағатына 250 шақырым жылдамдықпен жүруге есептелген. Қазақстанда теміржол рельстерінің жартысынан астамы осындай жіксіз технология арқылы төселген.
Луговское рельс дәнекерлеу кәсіпорны дирекциясының мәліметінше, зауыт аумағындағы 3,6 гектар жерде бірқатар бөлімше орналасқан. Ол рельс дәнекерлеу цехы, рельс тасымалдау пойызы, жылжымалы рельс дәнекерлеу машинасы, балқыту бағандары, ескі рельстерді жөндеу цехы, механикалық шеберханалар цехы (ұста цехы, қазандық, автоцех).
Кәсіпорын жұмыс істеген барлық жылдар бойына рельстерді және ескі бунақтарды дәнекерлеу, айқыштарды балқыту, сондай-ақ бекітілген өндірістік бағдарламаның басқа да көрсеткіштері бойынша жоспарларды артығымен орындап келеді.
«Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында біздің кәсіпорын жоспардағы 66 км/жолдың орнына R-65 үлгідегі жаңа ауқымды-шыңдалған 66,7 км/жол рельс бунақтарын дәнекерледі. Сондай-ақ жоспардағы 13,2 км/жол орнына ескі R-65 бунағының 14,4 км/жолын дәнекерлеу жұмыстары жүргізілді. Жоспардағы 3,9 км/жол орнына 4 км/жол теңестіру рельстері дайындалды. Компания мұнымен тоқтап қалмақ емес. Өндіріс көлемін ұлғайту мақсатында МАС-150 дәнекерленген тігістерді тегістейтін автоматты станоктан және Францияда сатып алынған біріктірілген лазерлік өлшеу жүйесі бар, рельстерді төрт бағытта түзетуге арналған гидравликалық жылжымалы престен тұратын түзету-тегістеу кешені жұмыс істейді. Жаңа заманауи жабдықтарды пайдалану еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді, кәсіпорынның өндірістік және қаржылық-экономикалық көрсеткіштерін арттырады», – деп атап өтті басқармада.
Мұндағы рельс дәнекерлеу цехы төрт ауысымда күндіз-түні жұмыс істейді. Дайын рельстер рельс жолдары дистанцияларының сұраныстары бойынша осы жерден тәулік бойы Қазақстанның түкпір-түкпіріне таратылып, рельстарату құрылымы арқылы қалаған мекенжайға жеткізіледі. Жылжымалы рельс дәнекерлеу аппараты ақаулы рельс тіректерін қалпына келтіру және рельстерді дәнекерлеу жұмыстарын тікелей теміржол бойында орындайды.
Кәсіпорын жетістіктерінде ұжымның үлесі орасан зор, ардагерлер мен жастардың сапалы жұмысы кәсіпорын жетістігінің кепілі екендігі сөзсіз. Кәсіпорын орынды мақтан тұтатын теміржолшылар қатарында бас инженер Жанатбек Беспаевты, жөндеу-құрылыс цехының операторы Әбдіжалал Ертаевты, өздігінен жүретін рельс дәнекерлеу жол машиналарының машинистері Марат Нұрмаханбетов пен Рысбай Тоғышақовты, машинист Сейтқали Алшабаевты, жол машиналарын реттеуші Амангелді Шайлазимовты, жөндеу-құрылыс цехының кесушісі Қайрат Базылбековты атауға болады. Бұл мамандардың әрқайсысының теміржол саласында 35 жылдан астам өтілі бар.
Луговское рельс дәнекерлеу кәсіпорнында жастар үшін «Жол картасы» бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өту, сондай-ақ Тараз және Астана қалаларының білім беру орталықтарында оқу курстарынан өту мүмкіндігі қарастырылған. Курстарды бітіргеннен кейін жас маман қосымша мамандық алып, біліктілігін арттыра алады.
Луговское рельс дәнекерлеу кәсіпорнында бүгінде 280-нен астам адам еңбек етеді, олардың орташа айлық жалақысы 300 мың теңгеден асады. Қызметкерлер үшін жақсы әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасалған. Олар Бурабайдағы Сәкен Сейфуллин атындағы шипажайда және Қазақстанның басқа да шипажайларында денсаулығын жақсарта аласыз. Жазғы демалыс кезінде қызметкерлердің балалары үшін демалыс лагерлері қарастырылған. Кез келген қызметкерге әртүрлі – қайғылы да, қуанышты да өмірлік жағдайларда материалдық көмек көрсетіледі. Жылына бір рет теміржол көлігімен жеңілдікті тегін жол жүру қызметін пайдалана алады.
Жыл сайын Наурыз мейрамы мен Теміржолшылар күнін мерекелеу кезінде ерекше көзге түскен қызметкерлер Құрмет грамоталарымен, Алғысхаттармен және сыйлықтармен марапатталады.
«Биыл Луговское рельс дәнекерлеу кәсіпорны өзінің 35 жылдығын атап өтуде. Осы жылдар көлемінде кәсіпорын Жамбыл облысында да, республика ауқымында да үздіктердің бірі болды. 2022 жылғы салалық байқаудың қорытындысы бойынша кәсіпорын «Салалық жарыстың жеңімпазы» атанып, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы басшылығы тарапынан еңбек ұжымы ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Көрсеткіштеріміз жылдан-жылға айтарлықтай жақсарып келеді – тауарлық өнім көлемінде өсім бар және кәсіпорынның қуаттылығы айтарлықтай артты – жылына 200 шақырым жол. Кәсіпорынның бүгінгі таңдағы тұрақты жұмысына және келешектегі оң өзгерістеріне сенеміз», – дейді кәсіпорын директоры Бақтияр Төлеков.

Рысқұлов аудандық «Құлан таңы» газеті редакциясының фотосы

Об авторе: Жанна Сулеймани


Leave a Reply

© 2024 Эк-Спорт

Яндекс.Метрика