Рысқұлов ауданы – Олимпиада чемпиондарының ұстаханасы. Олимпиадашылар мен халықаралық беделді жарыстардың жүлдегерлері Ермахан Ыбрайымов, Елдос Сметов, Ақжүрек Таңатаров үлкен спорттағы жолын осы жерден бастады. Облыстың елді мекендерінде спортты дамытуға барлық жағдай жасалуда.
2022 жылы Луговое ауылында еркін күрес, қазақ күресі, бокс, волейбол, футбол спорт секциялары бар балалар мен жасөспірімдер спорт клубы ашылды, онда үш жүзден астам бала кесте бойынша тегін жаттығуда. Ересек тұрғындар үшін кешкі сағат жетіден онға дейін спортпен тегін шұғылдануға мүмкіндік туды. Бұған дейін луговойлық жас спортшылар кез келген ауа райында жеті шақырым жол жүріп, аудан орталығына баруға мәжбүр болатын. Қазір заманауи спорт кешенінде спортпен айналысқысы келетіндер көп.
Рысқұлов ауданы әкімдігінің мәліметінше, бүгінгі таңда ауданда 182 спорт нысаны – стадион, екі спорт кешені, 105 спорт алаңы, 21 футбол алаңы, 48 спорт залы және т.б. бар. Барлық спорт нысандары тұрғындарға тегін қолжетімді.
Аудан халқының 39,5 пайызы дене шынықтырумен және спортпен тұрақты айналысады, бұл шамамен 27 мың адам.
Ауданда төрт спорт мекемесі, оның ішінде екі спорт мектебі, бұқаралық спорттық іс-шаралар орталығы және Луговое ауылындағы балалар мен жасөспірімдер спорт клубы бар. Спорт мекемелерінде 58 жаттықтырушы жұмыс істейді. Балалар үшін спорт мектептерінде спорттың 14 түрі бойынша үйірмелер жұмыс істейді, мұнда екі мыңға жуық жасөспірім тұрақты түрде спортпен шұғылданады.
2022 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Рысқұлов ауданына қарасты үш елді мекендегі үш дене шынықтыру және спорт кешенінің құрылысына аудандық бюджеттен 856,5 миллион теңге бөлінді.
«Ауданда бұқаралық спортты дамыту мақсатында Көгершін, Ақыртөбе және Р.Сәбденов ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары 2022 жылы басталған, биыл жыл соңына дейін аяқталатын болады. Бұл ауылдардың тұрғындары бұқаралық спорттың алуан түрлерімен айналысуға мүмкіндік алады», – деп түсіндірді басқармада.
Жаңа спорт нысандарының пайдалануға берілуі халықтың дене шынықтырумен және спортпен айналысу үлесін 42 пайызға дейін арттырады. Салыстыру үшін айтсақ, 2022 жылы бұл көрсеткіш 38,6 пайызды құраған болатын. Аудан тұрғындарын спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету деңгейі 34,7 пайызға жетеді деп болжануда.
Рысқұлов ауданының 2023 жылдың басынан бергі жаңа спорттық жетістіктерінің қатарында Дана Дидайдың (75 келі салмақта) бокстан Азия чемпионатындағы, Асан Нұржанның (77 келі салмақта) грек-рим күресінен Азия чемпионатындағы, Адина Қалдыбайдың (60 келі салмақта) бокстан Қазақстан чемпионатындағы қола жүлделері бар. Грек-рим күресінен Қазақстан чемпионатының алтынын Ерет Жарылқасын (63 келі салмақта) әкелді.
Рысқұлов ауданы әкімдігінің хабарлауынша, жуырда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сәкен Арубаев ауданға жұмыс сапарымен келген. Шаруа қожалықтары мен оқу орындарын аралаумен қатар сенатор Рысқұлов ауданындағы спорт нысандарында болып, Көгершін ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты. Бұл спорт нысаны 2023 жылдың тамыз айында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Кешенде волейбол, баскетбол, футбол және басқа да спорттық үйірмелер болады.
2025 жылға қарай Рысқұлов ауданының елді мекендерінде барлығы алты жаңа спорт нысаны пайдалануға беріледі. Бұл халықты тегін секциялармен көбірек қамтуға мүмкіндік береді, деп атап өтті ведомствода.