Жамбыл облысында алғаш рет «Жас сақшы – қауіпсіз болашаққа қадам» атты республикалық форум өтті. Ауқымды іс-шараға еліміздің 19 өңірінен келген «Жас сақшы» сыныптарының оқушылары қатысты. Форум тәжірибе алмасуға, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелерін талқылауға және білім беру ұйымдары мен құқық қорғау органдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға арналған маңызды алаңға айналды, деп хабарлайды “Эк-спорт” АА.
Форум жұмысына Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, құқық қорғау және арнайы органдардың басшылары, білім беру саласының өкілдері, ішкі істер органдарының ардагерлері, полиция департаментінің қызметкерлері, сондай-ақ еліміздің түкпір-түкпірінен келген оқушылар мен педагогтер қатысты.
Бүгінде балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жастар арасында заңға бағынушылық мәдениетін қалыптастыру және құқық бұзушылықтың алдын алу мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі мен білім беру ұйымдарының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Жас сақшы» жобасының маңызы артып келеді. Жобаның басты мақсаты – оқушылардың бойында жауапкершілік сезімін қалыптастыру, заңға құрметті арттыру, белсенді азаматтық ұстанымды дамыту және қоғамдық тәртіпті сақтауға деген қызығушылықты күшейту.
Форум барысында қатысушыларға «Жас сақшы» сыныптарының қызметі мен Жамбыл облысында жүзеге асырылып жатқан жобаның нәтижелері таныстырылды. Бүгінде өңірде 43 мамандандырылған полиция сыныбы жұмыс істейді. Онда 900-ге жуық оқушы білім алады. Оқушылар жалпы білім берумен қатар құқық негіздерін меңгеріп, құқық қорғау органдарының қызметімен танысады, патриоттық, спорттық және волонтерлік іс-шараларға белсенді қатысады.
Форумға қатысушылар алдында сөз сөйлеген облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі жүйелі жұмыстың маңыздылығына тоқталды.

– Елдің болашағы бүгінгі жастардың қандай құндылықтарды ұстанатынына байланысты. «Жас сақшы» жобасы тәртіпті, жауапты әрі отансүйгіш азаматтарды тәрбиелеуге ықпал етеді. Бұл бастама жастардың заңға құрметін арттырып, әділдік пен қоғам алдындағы жауапкершілік сезімін қалыптастырады. Мұндай қасиеттер әрбір жасқа өмірде табысқа жету және еліне адал қызмет ету үшін қажет, – деді өңір басшысы.
Форум аясында тақырыптық пікірталас алаңдары ұйымдастырылып, қатысушылар жасөспірімдерді құқықтық тәрбиелеу, буллинг пен кибербуллингтің алдын алу, есірткі қылмысының профилактикасы, интернеттегі қауіпсіздік мәселелері және полиция, мектеп пен ата-аналар қауымдастығы арасындағы өзара іс-қимылды нығайту бағыттарын талқылады.
Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаев жобаның тиімділігін атап өтті.
– «Жас сақшы» оқушыларды құқық қорғау органдарының жұмысымен таныстырып қана қоймай, олардың құқықтық мәдениетін қалыптастырады, заң мен мемлекеттік институттарға деген құрметін арттырады. Ең маңыздысы – балалар өз қатарластары арасында профилактикалық жұмыстарға белсенді араласып, қоғамдағы оң өзгерістердің бастамашысына айналады, – деді ол.
Форумның шығармашылық бөлігі де көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Оқушылар буллингтің, есірткі қылмысының алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қозғалысы қауіпсіздігі тақырыптарына арналған театрландырылған қойылымдар мен әлеуметтік жобаларды ұсынды. Сахналық көріністер арқылы олар қоғамдағы өзекті мәселелерге деген көзқарастарын білдіріп, олардың шешу жолдарын көрсетті.
Қонақтар үшін құқық қорғау органдарының арнайы техникасы мен жабдықтарының көрмесі де ұйымдастырылды. Оқушылар заманауи қауіпсіздік құралдарымен танысып, полиция қызметкерлерімен сұхбаттасып, ішкі істер саласындағы мамандықтар туралы мол ақпарат алды.
Форум аясындағы маңызды оқиғалардың бірі – кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторларға 15 жаңа қызметтік автокөліктің кілтін табыстау рәсімі болды. Жаңа техникалар инспекторлардың мобильділігін арттырып, жасөспірімдермен жүргізілетін профилактикалық жұмыстардың тиімділігін күшейтуге мүмкіндік береді.
Іс-шара марапаттау рәсімімен қорытындыланды. Қазақстанның барлық өңірлерінен келген «Жас сақшы» сыныптарының үздік оқушылары мен жетекшілері Алғыс хаттармен және арнайы марапаттармен наградталды. Ұйымдастырушылар форум алдағы уақытта тәжірибе алмасуға арналған дәстүрлі алаңға айналып, жобаның одан әрі дамуына серпін беретініне сенім білдірді.
Форумға қатысушылар мұндай іс-шаралар жастардың құқықтық мәдениетін нығайтуға, белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға және заңды құрметтейтін, жауапкершілікті жоғары қоятын жаңа буынды тәрбиелеуге ықпал ететінін атап өтті.
