воскресенье, 28 апреля 2024   Подписка на обновления  RSS  Реклама на сайте
Популярно
15:45, 20 July 2023

Рысқұлов ауданының мектептері жаңа оқу жылына қалай дайындалуда


Рысқұлов ауданының 38 мектебіне жаңа 2023-2024 оқу жылында 15 мыңға жуық оқушы келеді деп күтілуде. Олар үшін оқу сыныптары жөнделіп, аумақтар абаттандырылып, ғимараттар күзетпен қамтамасыз етіліп жатыр, деп хабарлайды ec-sport.kz порталы.

Рысқұлов ауданында 70 білім беру ұйымы бар. Оған 38 мектеп (28 орта, сегіз бастауыш, екі негізгі), 26 балабақша, бес қосымша білім беру ұйымы, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті кіреді.

Рысқұлов ауданының әкімі Ернар Есіркеповтың төрағалығымен өткен кезекті аппарат кеңесінде аудан мектептерінің жаңа оқу жылына дайындығы мен оқушылардың қауіпсіздігі талқыланды, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.

Аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Бауыртыровтың мәліметінше, жаңа 2023-2024 оқу жылында 14550 оқушы мектеп партасына отырады. Бірінші сыныпқа 1470 бала келеді деп жоспарлануда.

Жиында бүгінгі таңда аудандық білім беру ұйымдарында қауіпсіз орта қалыптастырудың, балалардың қауіпсіздігін толық қамтамасыз етудің аса маңызды екені айтылды.
Қыркүйектің 1-інен бастап қауіпсіздік мамандары аудандағы тоғыз мектепте бақылау қызметін атқаратын болады. Бұл орайда 14 мектеп және 23 мектептің бейнебақылау камералары аудандық ішкі істер бөлімінің жедел басқару орталығымен біріктіріледі. Тоғыз мектепте турникеттер орнатылуда.

Шалғай елді мекендерде тұратын оқушыларды бес автобус 12 оқу орнына тасымалдайтын болады.

Аудан басшысы Ернар Есіркепов тиісті бөлімдерге аудандағы барлық білім беру мекемелерінің жаңа оқу жылындағы қауіпсіздік жағдайына талдау жасап, қажет болған жағдайда мектептердің алдына жол қауіпсіздігіне қатысты барлық жол белгілерін орнатуды тапсырды.

Рысқұлов ауданы әкімдігінің мәліметінше, 2023 жылы білім беру жүйесін қаржыландыруға 16,3 млрд теңге бөлінген. Салыстыру үшін – 2022 жылы 15,2 млрд теңге бөлінген болатын. 2022-2023 оқу жылында аудандағы 38 мектепте 14846 бала білім алды.

Об авторе: Жанна Сулеймани


Leave a Reply

© 2024 Эк-Спорт

Яндекс.Метрика