Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев туралы көңіл айтып жазу өте қиын. Жүрегіміз ауырып, қабырғамыз қайысып отыр. Соңғы рет мен Бердібек Мәшбекұлымен 05-ші наурыз күні кездескен едім. Сол күні Бердібек аға республикалық сайлауалды штабтың мүшесі ретіде Таразға келіп, екеуміз Жамбыл облысының бірнеше аудандарын аралап, халықтың арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздік. Елімізде болып жатқан саяси реформаға байланысты өз ойларымызбен бөлістік. Осы кездесу соңғы екенін білмедік.
Бердібек Мәшбекұлы туралы көп айтуға болады. Адамшылық, адамгершілік, ізгілік кез-келген пенденің өміріндегі биік мұраты болса керек. Көп пенденің бірі болып өмір сүру бар да, нағыз адам болып өмір сүру тағы бар. Өкінішке орай пенделерге қарағанда нағыз адамдардың саны тым аз. Бердібек Мәшбекұлы – пенделіктен өзін биік ұстап, адамгершіліктің биіктігіне жеткен тұлға еді. Ол үнемі қайнаған өмірдің ортасында жүрді. Премьер-министрдің орынбасары, министр, 5 облыстың әкімі – осындай еңбектің арқасында үлкен абырой жинап, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, парасатты басшы, үлкен жүректі ұстаз ретінде елдің зор құрметіне ие болды.
Әнет бабаның Қазыбек биге берген батасында келесі сөздер бар:
“Балам, әкім деген сөзді ұмытпа:
“Ә” деген әміршіл болма, әділ бол,
“К” деген – кекшіл болма, көпшіл бол,
“І” деген – іріткі салма, ізетті бол,
“М” деген – менмен болма, мейірбан бол”.
Әкімге қажетті осы қасиеттердің барлығы Бердібек Мәшбекұлының бойында бар еді. Оны халық жақсы біледі.
Әрине, Бердібек Мәшбекұлының өмірінде қиын кезеңдер де болды. “Тырнақтың астынан кір іздеп”, аяғынан шалғысы келгендер де кездесті. Әйтеке бидің Күлтөбедегі бір жиында айтқан сөзі бар: “Елдің бағын ашпаса, ер мұратқа жетер ме! Ерінің сағын сындырса, ел мұратқа жетер ме?!”
Сол сияқты Бердібек Мәшбекұлының сағын сындырамын дегендерде болды. Өмірдің осындай қиын сәттерінен адалдық, ашықтық, әділеттілік сияқты ұстанымдарының арқасында ол үлкен абыроймен өте білді. Өзінің барлық өмірін халықтың бағын ашуға арнады.
Бердібек Мәшбекұлының елімізге бергені аз емес. Әліде беретіні бар еді. Өкінішке орай, ортамыздан бақилық өмірге кетіп қалды. Артында басшы және ғалым ретінде жақсы із, үлкен мұра қалдырды. Осы мұраны зерттеу, сол мұрамен бүгінгі күннің арасында байланыс пен сабақтастықты орнату, сол мұра арқылы жастарға тәлім-тәрбие беру – біздің парызымыз.
Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаевтың дана және дара тұлғасы халықтың есінде мәңгі сақтала бермек.
Махметғали Сарыбеков,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор.