суббота, 2 ноября 2024   Подписка на обновления  RSS  Реклама на сайте
Популярно
19:53, 28 July 2023

Жамбыл облысының Рысқұлов ауданында «Жастар лигасы» құрылды


Бүгінде Рысқұлов ауданында бірқатар ірі жоба жүзеге асырылып, тұрғын үйлер салынып, ауылшаруашылығы дамып келеді. Жастарды туған ауылдарында ұстап тұрған да осы болса керек, деп хабарлайды ec-sport.kz порталы.

Жамбыл облысы Рысқұлов ауданының әрбір үшінші тұрғыны дерлік жастар санатына жатады. Аудандағы 15 ауылдық округтің 42 елді мекенінде 67636 адам тұрады, оның 20960-ын жастар құрайды. Сонымен қатар, Рысқұлов ауданы көп ұлтты өңір. Мұнда 20-дан астам этностың өкілдері тұрады.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында ғана 479 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылып, жастар арасындағы жұмыссыздық 2,7 пайызды құрады. Рысқұлов ауданында «NEET» (жұмыссыз, білімі жоқ) санатындағы жастардың үлесі 0,08% құрайды, бұл – 88 жас. Сексенге тарта жас «Жасыл ел» еңбек жасағына маусымдық жұмысқа тартылып отыр.

Жастар өз аудандарының қоғамдық өміріне қызығушылықпен қатысады. Аудан орталығы Құлан ауылында өткен актив жиынында «Жастар лигасы» құрылды.
Рысқұлов ауданы әкімдігінде аудан әкімі Ернар Есіркеповтің түрлі салада еңбек етіп жүрген аймақ жастарының жүзден астам өкілімен кездесуі өтті.
Жиында аудан басшысы өңірдің экономикалық даму болашағына тоқталып, жастарды оң бастамаларды қолдауға, өз елінің, өңірінің дамуына үлес қосуға шақырды.

«Жастардың бастамашыл, белсенді, іскер өкілдері өз елді мекендерінің өміріне, әлеуметтік, саяси және қоғамдық мәселелерін шешуге атсалысуы керек», – деді Ернар Есіркепов.
Өңірде ауылшаруашылығы, жаңартылатын энергия көздері, құрылыс индустриясы салаларында елеулі инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатқаны атап айтылды. 2022-2025 жылдарға жоспарланған инвестициялық жобалардың жалпы құны 60 миллиард теңгеден астам.
«Тек биылғы жылдың өзінде жалпы құны 6,5 млрд теңгені құрайтын 70 жоба іске асырылады. Жалпы 637 жұмыс орны, оның ішінде 381 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Әлеуметтік көрсеткіштерге келетін болсақ, 10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын ашу туралы Үкіметке берілген тапсырмаға сәйкес, биылға жоспар – 345 жұмыс орны. Бес айдың қорытындысы бойынша ауданда жоспар 83,2 пайызға орындалып, 287 жаңа жұмыс орны ашылды. Жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 2100 адам тартылса, оның 708-і жастар», – деді ол.
Мәселен, биыл «Тас маркет» серіктестігі Тереңөзек ауылдық округіне қарасты Тереңөзек ауылының тау етегінен кварцит өндіру бойынша ірі жобаны бастап отыр. Жоба 2025 жылы толық аяқталуы тиіс.
Тереңөзек ауылдық округі тұрғындарының Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовпен жуырда өткен кездесуінде кварцит өндіру бойынша алдағы атқарылатын жұмыстар талқыланды. Халық жобаны, әсіресе оның аясында жүзден астам тұрақты жұмыс орны ашылатынын толық қолдап отыр. Инвестициялық жобалар жүзеге асырылғанда бюджетке салық түсімдері артады, ал ол әлеуметтік төлемдер мен жалақы мәселелерін, сондай-ақ жол, газ, су және басқа да өзекті мәселелерді шешуге мүмкіндік береді, деді Ернар Есіркепов.
«Қазір әлеуметтік желілерде ойына келгенін жазатындар көбейіп кетті, көбінесе ол – жай ғана негізсіз сын, жалған ақпарат және келеңсіздікті қоздыру. Үйде отырып алып осылай жасау өте оңай. Бірақ «комфорт аймағынан» шығып, нақты мәселелерді шешумен айналысу әлдеқайда өнімді. Ал оны өз үйіңнен, ауылыңнан, туған жеріңнен бастау керек. Өйткені, жастар – халықтың ұйымшыл, әлеуметтік белсенді бөлігінің бірі, олар жаңа идеялардың генераторы, олар қоғамның қуаты және ел болашағы», – деді Рысқұлов ауданының әкімі Ернар Есіркепов жастармен кездесуде.
Кездесу қорытындысында ауданның «Жастар лигасы» құрылды. Лига ай сайын жиналып, Рысқұлов ауданының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін талқылайтын болады.

Об авторе: Жанна Сулеймани


Leave a Reply

© 2024 Эк-Спорт

Яндекс.Метрика