понедельник, 14 октября 2024   Подписка на обновления  RSS  Реклама на сайте
Популярно
17:56, 20 October 2022

Таразда Халық жазушысы Ш. Мұртазаның 90 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті


Таразда Халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, журналистика корифейі Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына арналған «Шерхантаным: қазіргі қазақ әдебиеті мен қазақ баспасөзінің даму тенденциялары» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Жиынды модератор – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мейрамбек Төлепберген жүргізіп отырды.

Басқосуға ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, түрлі жоғары оқу орындарының профессорлары мен оқытушылары,   зиялы қауым өкілдері қатысты.

Алдымен жиынға қатысушыларды Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов құттықтап, шараның маңыздылығы мен тұлғаның өнегесі туралы тоқталып өтті.

– Биыл еліміз даңқты жерлесіміз, Халық жазушысы,  Қазақ журналистикасының көрнекті өкілі Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойын атап өтуде.

Шерағаңның есімі «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде орналасқан «Руханият және тарихтану» орталығына, Баспасөз үйіне, төрт мектеп пен Халықаралық Тараз инновациялық институтына берілген. Облыс орталығындағы көшелердің біріне де жазушының есімі берілетін болады. Бұл мемлекет және қоғам қайраткерінің сіңірген еңбегіне көрсетілген шағын ғана құрмет. Шерхан Мұртаза халықтың мүддесі үшін өлшеусіз еңбек етті. Халық оны шыншылдығы мен әділдігі, жазушылық шеберлігі үшін қастерлеп, «Шераға» деп құрметтейтін, – деді Нұржан Нұржігітов.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі жазушының өмірі және шығармашылық жолы халыққа  аянбай қызмет етудің үлгісі екенін атап өтті.

– Шерхан Мұртаза ел  руханиятының дамуына зор үлес қосты. Еліміздің саяси және қоғамдық өміріне белсене араласып, мемлекет мүддесі үшін қызмет етті, – деді ол.

Сондай-ақ, конференцияға қатысушылардың атына жолданған ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтің, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Нұрбек Саясаттың құттықтау хаттары оқылды.

Өз кезегінде Мемлекет және қоғам қайраткерлері Өмірбек Байгелді, тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелді, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қалижан Уәлихан, ҚР Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып, А. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Есім Ғарифолла, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай, жазушы, публицист, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Әмірхан Меңдеке, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы сөз сөйлеп, тұлға туралы тағылымды ойларымен бөлісті.

Қатысушылар Шерхан Мұртазаның сан қырлы қызметі, елдің саяси және қоғамдық өміріндегі түбегейлі өзгерістерге атсалысуы, әдебиет пен журналистиканың дамуына қосқан зор үлесі туралы әңгімелеп, оның әдеби мұрасындағы жастардың рухани-адамгершілік тәрбиесіне қатысты тақырыптарға жан-жақты тоқталды.

Конференция барысында Халық жазушысының 5 томдық шығармалар жинағы мен оның «Ауылды, сені сағынам…» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Айта кетейік, Шерхан Мұртаза көзі тірісінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі мен Парламенті Мәжілісінің депутаты, республикалық «Қазақ әдебиеті», «Социалистік Қазақстан» газеттерінің бас редакторы, «Қазақстан» мемлекеттік телерадио кешенінің төрағасы болып елеулі еңбек етіп, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Жамбыл облысының Құрметті азаматы және тағы да басқа түрлі наградалармен марапатталған. Халық жазушысының қаламынан көптеген роман, повесть, пьеса, әңгімелер дүниеге келген. «Қара маржан», «Қызыл жебе», «Ай мен Айша» романдары, «Сталинге хат» және «Бесеудің хаты» пьесалары, «Табылған теңіз», «Бұлтсыз найзағай», «Белгісіз солдаттың баласы»,  «Мылтықсыз майдан» повестері секілді туындылар қалың оқырманның сүйікті шығармаларына айналғаны сөзсіз. Қазақтың көрнекті жазушысының шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне аударылған.

Об авторе: Айгерим Ахметова


Leave a Reply

© 2024 Эк-Спорт

Яндекс.Метрика