Жамбыл облысындағы «Қоғамдық келісім» КММ татулығы мен бірлігі жарасқан 87 этностық ұйымының 75-і өңірдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуы жолында белсенді еңбек атқарады. 75 ұйымның 31-і қоғамдық аккредиттеуден өтіп, Ассамблея құрамына кірген, деп хабарлайды “Эк-спорт” АА.
Бұл туралы ӨКҚ баспасөз алаңында «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мүбәрак Қасымқызы Жинақбаева айтты. Ол қазіргі таңда мекемеде ғылыми сарапшылар тобы, журналистер клубы, қоғамдық келісім кеңестері, шеберлер клубы, облыстық «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігі, медиаторлар және Аналар кеңестері бар екенін де айтты. Барлық құрылымдар бірыңғай негізде, ортақ міндеттер мен бағыттар бойынша жұмыс атқарып келеді.
«Қазақстан халқы Ассамблеясының Медиация институтының рөлі өте зор, өйткені бұл этностар өкілдері арасындағы бірлік пен келісімді барынша нығайтуға ықпал етуде. «Қоғамдық келісім» КММ Медиация кабинеті халыққа практикалық және медиативтік көмек көрсете отырып, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Биылғы ақпан-наурыз айлары аралығында біздің базамында пилоттық режимде «Этносаралық саладағы қақтығыстарды реттеу ерекшеліктері» оқу курсы өткізілді. Білім алушылардың мақсатты тобы Жамбыл облысының ықшам елді мекендерінің тұрғындарынан құрылған», – деді спикер.
Мүбәрак Қасымқызы өңірде жыл сайын «Қазақстандағы этносаралық ахуалдың бірыңғай әлеуметтік мониторингі» өткізіліп отыратынын алға тартты. Этносаралық қатынастар саласы – еліміздің ішкі саясатындағы аса маңызды салалардың бірі.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Мемлекеттік органдардың этносаралық саладағы барлық жұмыс жүйесін жаңғырту жүргізілуде. Этномәдени бірлестіктер өкілдерінің, мемлекеттік қызметшілер мен құқық қорғау органдарының қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру технологиялары бойынша кәсіби білімдері мен дағдыларын арттыру үшін аймақтық семинарлар өткізілді. Қазіргі уақытта қоғамдық келісім кеңестері билік пен халық арасындағы әмбебап диалог алаңына айналды. 2019 жылдағы Қордай оқиғаларынан кейін барлық аудандарда саяси ахуал бақылауға алынған», – деді баяндамашы.
Ендігі Ассамблея жұмыс істеу бағыттарының бірі – «Қайырымдылық» жобасы аясында облыс кәсіпкерлері, үкіметтік емес ұйымдар, этномәдени бірлестіктер, меценаттар жалпы 2022 жылдың қаңтар айынан елімізде қайғылы деп орын алған «қаңтар оқиғасынан» бастап, зардап шеккен адамдар мен аз қамтылған отбастарына түрлі көмек көрсетті. «Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің» дегендей, облыстық этномәдени бірлестіктердің Қаңтар оқиғасына байланысты «Күшіміз бірлікте», «Жақсылық айы», «Құдайы тамақ», «Жылу», «Мейірімділік керуені», Алғыс айту күніне «Берекеміз – бірлікте», «Жан жылуы» акциялары, Наурыз мерекесіне орай облыстық ассамблеяның «Мейірімді жүрек», Құрбан айт мерекесіне орай, «Мектепке жол», Қостанай облысындағы қайғылы оқиғаға көмек қайырымдылық акциялары ұйымдастырылды.
Жалпы Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ, яғни өңірлік ассамблея этномәдени бірлестіктері мен ҚХА мүшелерінің қатысуымен 156 467 500 теңгеге 13 488 адамға қайырымдылық жасалып, оның ішінде ЭМБ-дің қатысуымен аудандар бойынша 111 023 300 теңгеге 6558 адамға, ЭМБ-дің қатысуымен 45 444 200 теңгеге 6930 адамға көмек көрсетілді.
Осыған қоса, қазіргі таңда этнос өкілдері тығыз шоғырланған Қордай, Меркі, Шу, Байзақ, Жамбыл, Талас, Сарысу, Жуалы аудандарында Бірлескен қоғамдық келісім кеңестері жемісті еңбек етуде және 2021 жылы бастау алған «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында аталмыш кеңес отырыстарында 2022 жылдың қаңтарынан біршама мәселе көтеріліп, оның ішінде 56 мәселе жергілікті деңгейде қарастыруға шешімін тапса, 75 мәселе тиісті органдарға жолданды. Ассамблеяның әрбір іс-шаралдары мен отырыстарында ұлттар достығын нығайту, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, жастарды қазақстандық патриотизмге баулу, жасөспірімдер арасында қылмыстың алдын алу, ерте неке, дін мәселесі, әскер қатарына шақыру, этностық топтар тығыз тұратын ауылдық округтердегі балабақшаларда мемлекеттік тілде тәрбие беретін және оқытатын топтарды, мемлекеттік тілде оқытатын сыныптарды ұлғайту бойынша жүргізілген жұмыстар туралы т.б. мәселелер қаралып тұрады. Ассамблея жанындағы Қоғамдық келісім кеңестері – 670 шара өтіп, 27462 адам тартылды. Бұл құрылымның жұмысына тоқталсақ, облыстық прокуратураның «Сенім» маршруты аясында құқық қорғау органдары, қоғамдық келісім кеңесінің мүшелерімен бірлескен Талас ауданының Ақкөл, Тамды, Қасқабұлақ, Есейхан, Майтөбе ауылдарында, Меркі ауданының Сарымолдаев, Жамбыл, Меркі, Т.Рысқұлов округі Интернациональный ауылы, Ойтал, Сыпатай ауылдарында қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері, тұрғындармен, этнос өкілдерімен кездесулер, қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырылды. Аталған кездесулерде 35 мәселе көтеріліп, оның ішінде 21 мәселе жергілікті деңгейде қарастыруға шешімін тапса, 14 мәселе тиісті органдарға жолданды. Іс-шараларда 627 адам қамтылды.
Жалпы алғанда, облыстық деңгейде күні кеше «Әралуандылық арқылы бірлікке» тақырыбында қазан айының 15-күні Тараз қаласында Қазақстан Республикасы күні мейрамы қарсаңында «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде Жамбыл облысы этностарының мәдениеті мен дәстүрлері күніне арналған «Әралуандық арқылы – бірлікке» атты мерекелік іс-шара өткізілді.
Мерекеде этнос өкілдері өздерінің озық дәстүрлерін, ұлттық киімдері мен тағамдарын, ата тарихтарынан жеткен асыл мұраларын өздерінің ұрпақтарына дәріптеп, насихаттады.
Шара барысында қонақтар арнайы тақырыптық алаңдарда өткен Жамбыл облысының этностарының мәдени мұрасымен, салт-дәстүрлерімен танысты. Этномәдени бірлестіктердің өкілдері халық шығармашылығы, кітаптар, музыкалық аспаптар мен этникалық костюмдерді көрсетті. Сондай-ақ, көрермендер этнопсихология бойынша интерактивті тренингке қатысып, картиналар мен қолданбалы өнер шеберлерінің көрмелерін тамашалады. Сонымен қатар қаламыздағы «Сәуле» кондитерлік фабрикасының тәттілері мен «Сары-бас» ЖШС-нің шұжықтары, оқушылар тағамдары, Тараз қалалық өзбек этномәдени бірлестігі ұлттық тағамдары палаудың жәрмеңкесін жариялады. Мерекелік іс-шара барысында мұнара алдындағы алаңшада жастарға арналып караоке қойылып, онда түрлі тақырыптарда әндер шырқалды.
Аталған іс-шараның ең қызықтысы концерттік бағдарлама болды. Онда Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әртістері және этномәдени бірлестіктерінің шығармашылық ұжымдарынан «Вынхуа» дүнгендер этномәдени бірлестігі, «Тәжік этномәдени бірлестігі», «Немістер қоғамы», «Қытай мәдени орталығы», «Айнуры» татар-башқұрт этномәдени бірлестігі», «Днипро» украин мәдени орталығы», «Радонеж» орыстар қауымдастығы қоғамдық бірлестіктерінің вокалдық және би ансамбльдері өнер көрсетті.