вторник, 8 октября 2024   Подписка на обновления  RSS  Реклама на сайте
Популярно
20:08, 14 December 2020

ОРТАЛЫҚТЫҢ АЯЛЫ АЛАҚАНЫ


Жамбыл облыстық «Ана мен баланы аялау» орталығы еліміздегі бірегей емдеу-сауықтыру орны, деп хабарлайды Эк-спорт АА. Бірегейлігі – біріншіден, орталықтың тұсауын 1996 жылы 10 сәуірде «Бөбек» қорының президенті Сара Алпысқызының өзі келіп кескен, екіншіден, емдеу-сауықтыру мекемесі Тараз қаласының шығысындағы әулиелі орын – Тектұрмастың тап іргесінде орналасқан әрі «Домалақ ана» есімімен аталады, үшіншіден, мұнда негізінен шалғай елді мекендерде тұратын тұрмысы төмен, көп балалы отбасылардың балаларына, жүкті әйелдерге, күтімінде алты жасқа дейінгі балалар бар аналарға арнайы мамандандырылған емдік және оңалту медициналық көмегі көрсетіледі.

Мұнда медициналық оңалту үшін стационарға жоспарлы тәртіппен емдеуге жатқызу Медициналық-әлеуметтік сарапшылық комиссия маманының немесе медициналық ұйымның жолдамасы бойынша жүзеге асырылады. Тек емделушінің қолында емдеуге қажетті зертханалық, аспаптық зерттеулердің және бейінді мамандардың консультацияларының нәтижелері болуы керек. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық оңалту көрсету үшін пациентті стационарға жоспарлы емдеуге жатқызу Портал арқылы жүзеге асырылады.

Бес қабатты ғимаратта орналасқан орталықта науқастардың толыққанды ем алуы, мектеп жасына дейінгі балалардың ойыны, демалысы және тәрбиесі үшін барлық жағдайлар жасалған. Ем алушылар қонақ үй үлгісіндегі 2 және 3 орынды, жеке санитарлық тораптары бар бөлмелерде тұрады. Бес мезгіл теңдестірілген диеталық тамақ ішеді. Дастарханнан жыл бойы көкөністер мен шырындар, ал жаз мезгілінде жеміс-жидектер үзілмейді. Қымыз терапиясы, таза ауа, мол жасыл желек және дәл іргеде ағып жатқан Талас өзені де демалушылардың сауығуына оң әсерін тигізеді. Қызықты кітаптар мен журналдар қоры бар кітапхана жұмыс істейді.

Орталықта физиотерапия, массаж, сумен емдеу, ингаляция және оттегі терапиясы, емдеу-денешынықтыру, лазерлік терапия, мануальды терапия, оттегі коктейлі, емшара, акупунктура, психотерапия, шунгитотерапия, балаларға арналған құрғақ бассейнді кинезотерапия кабинеттері, спелеотерапия-тұз шахтасы жұмыс істейді. Балалар үшін оңалту көмегінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында елімізде 2020 жылдың 1-қаңтарынан МӘМС жүйесі енгізілуіне байланысты орталық жаңа бейіндегі қызмет түрлерін жүзеге асыра бастады. Атап айтқанда ересектер мен балаларға арналған «кардиология-кардиохирургия», «травмотология-ортопедия», «неврология-нейрохирургия» бағыттары бойынша ағзалары зақымданған ересектер мен балаларды сауықтыру, қалпына келтіру, түзету және мүгедектердің кем функцияларының орнын толтыру, ықтимал мүгедектіктің алдын алу және дәрежесін төмендету, емдеудің оң динамикасын бекіту, өмір сапасын жақсарту, пациентті күнделікті қимыл және жұмыс белсенділігіне бейімдеу, пациент пен оның жақындарына психологиялық көмек көрсету, пациентті қоғамға әлеуметтік интеграциялау.

Штат кестесіне сәйкес орталықта 150 адам жұмыс істейді. Олардың қатарында реабилитолог дәрігерлер, білікті маман-дәрігерлер, ересектер мен балалар невропатологы, ортопед-травматолог, балалар кардиологы, педиатрлар, эпидемиолог, психолог, логопед, эрготерапевт, емдік дене шынықтыру нұсқаушылары, массаж жасаушылар бар.

– Бізде медициналық оңалту кезінде дәрігерлердің қорытындысы бойынша қосымша күтімді қажет ететін үш жасқа дейінгі балалардың, сондай-ақ науқасы ауыр ересек балалардың анасына (әкесіне) немесе балаға күтім жасайтын өзге де адамға тәулік бойы орталықта болуға мүмкіндік беріледі. Олар тегін жатын орынмен, бір жасқа дейінгі емізулі баласы бар аналар тегін тамақпен қамтамасыз етіледі.

Ал әлеуметтік бейімделмеген бір жасқа дейінгі баламен еріп жүретін адам – тегін тамақпен және жатын орынмен, үш жасқа дейінгі бала болса – тегін жатын орынмен қамтамасыз етіледі. Жасы үштен жоғары балаға күтім жасаушылар тамақ пен жатын орынның ақысын төлейді. Медициналық оңалтудан оқу жылы кезеңінде өтетін мектеп жасындағы балаларды үздіксіз біліммен қамтамасыз ету қарастырылған, – дейді «Ана мен баланы аялау» орталығының бас дәрігері Динара Кәрібаева.

Об авторе: Нуралы Абдуалиев


Leave a Reply

© 2024 Эк-Спорт

Яндекс.Метрика