Қордай ауданының мәдениет саласы соңғы жылдары қарқынды дамып келеді, деп хабарлады ec-sport.kz порталы.
«Ауыл – ел бесігі» мемлекеттiк бағдарламасы аясында Қордай ауданының Жамбыл ауылында жаңа Мәдениет үйi салынуда. Жақын арада Қарасу ауылында тағы бір Мәдениет үйінің құрылысы басталады.
Қордай ауданына кезекті жұмыс сапары барысында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Қордай ауданының әкімі Рүстем Дәулетпен бірге Отар ауылындағы болашақ мәдениет ошағының құрылыс басында болды. Құрылыстың мердігері – «Байсын-А» ЖШС-ы. Серіктестік нысанды бір ай ішінде тапсыруға ниетті.
Жаңа мәдениет орталығының құрылысына бәрінен де жергілікті артистер қуанышты. Енді олардың дайындық жасап, өнер көрсететін, ауыл жастарына музыкалық аспаптарда ойнауды үйрететін өз концерт алаңы пайда болмақ. Ал ауыл балалары жаңа Мәдениет үйіндегі түрлі үйірмелерге баратын болады. Осы жерде кітапхана да орналасады. Акт залы 180 көрерменге есептелген.
Облыс әкімі ғимаратқа іргелес аумақты абаттандыру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Қордай ауданының әкімі Рүстем Дәулеттің айтуынша, ағымдағы жылдың 5 айында ауданда 173 мәдени іс-шара, оның ішінде 80 іс-шара онлайн форматта өткізілген.
Қордайда кітапханалар саны көбейіп келеді. Ауданның кітапхана жүйесі кітап қорын толықтыру жолымен жыл сайын жаңғыртылуда. Егер 1997 жылы ауданда небәрі 19 кітапхана болса, бүгінгі таңда 41 кітапхана жұмыс істейді. Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіндегі кітап қорының жалпы саны 339633 дананы құрайды, оның 175763 данасы – мемлекеттік тілде. Аудандық орталық кітапханада Интернет желісіне қосылған компьютерлермен жабдықталған электронды оқу залы бар.
Аудан әкімі Рүстем Дәулет атап өткендей, соңғы үш онжылдықта ауданның мәдениет саласы жас тәуелсіз мемлекетімізбен бірге жаңғырып келеді. Клубтар ашылып, заманауи технологиялармен жарақтандырылды, шығармашылық үйірмелер жұмыс істей бастады. Шығармашылық ұжымдар өз жұмысын қайта жандандырды.
1973 жылы пайдалануға берілген аудандық Мәдениет үйінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, 450 орынды кең көрермендер залы жабдықталды.
Айта кету керек, Жамбыл облысының оңтүстік-шығысындағы қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі Қордай ауданының негізі 1928 жылы 17 қаңтарда қаланған. Ауданның аумағы 8973 шаршы километрді құрайды. Облыс орталығына дейінгі қашықтығы – шамамен 250 км.
Аудан 19 ауылдық округ пен 41 елді мекеннен тұрады. Ондағы халық саны 140365 адамды құрайды.
Шығысында аудан Алматы облысымен, оңтүстігінде Қырғыз Республикасымен шекаралас. Әкімшілік орталығы — Қордай ауылы.
Қордай ауданында 50-ден астам ұлт өкілі тұрады.