понедельник, 14 октября 2024   Подписка на обновления  RSS  Реклама на сайте
Популярно
18:55, 02 September 2021

Су үнемдеу жамбылдық шаруаларға құрғақшылыққа қарамастан картоптан жақсы өнім алуға мүмкіндік берді


Жамбыл ауданының аграрилері картоптың жоғары өнімді сортын игеруде, деп хабарлады ec-sport.kz порталы.

Жамбыл облысы өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, Жамбыл ауданының Тараз қаласы маңындағы шаруашылықтары картоп жинауға кірісті. Ауа райының құрғақ болуына байланысты ол әдеттегіден екі апта бұрын басталды.

Ақбастау ауылдық округінің аумағында орналасқан «Шәріпов» шаруа қожалығы 80 гектарға картоптың жылдам өсетін сортын еккен. Қазір қожалық жұмысшылары Тараздағы «Ауыл береке» базарына және Шымкент қаласына жіберілетін түйнектерді қазып жатыр. Қоймаларда тұқым қоры да қалыптастырылуда.

2013 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Шәріпов» шаруа қожалығы өзінің ауылшаруашылығы алқаптарының 273 гектарында пияз, картоп, сәбіз, қант қызылшасы мен арпа өсіруде. Қожалықта сыйымдылығы 1200 тоннаны құрайтын көкөніс қоймасы, 16 трактор, қосалқы техника, сондай-ақ лизингке алынған қызылша жинау кешені бар.

Қызып тұрған жиын-терім маусымында 260-қа жуық адам картоп жинаумен және жиналған өнімді қаптаумен айналысуда. Жалақы күн сайын төленеді, техникаға байланысты ешқандай проблема жоқ, деп сендірді шаруашылық басшысы Тимур Шәріпов.

«Биыл ауа райы жауын-шашынымен қуанта қойған жоқ, – дейді Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Қыдыралыұлы. – Бұл шаруашылық тамшылатып суару әдісін қолданған еді. Су үнемдеу технологиясы жоғары өнімділікке қол жеткізуге мүмкіндік берді. Картоп қазу жұмысы екі аптаның ішінде аяқталады. Әзірге біз басқа да ылғал сүйгіш дақылдарға су берудеміз».

Жалпы бір ғана Жамбыл ауданында 5800 гектарға картоп егіліпті. Көкөніс дақылдары 8882 гектарды алып жатыр.

Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының мәліметінше, 2020 жылы Жамбыл облысында 11,2 мың гектарға картоп егілген, оның 25 пайызы немесе 2560 гектары бұрыннан картопты өңір саналатын Жуалы ауданына тиесілі. Жамбыл облысының бұл аймағы экологиялық таза және ұзақ уақыт бойы сақталатын картобымен әйгілі. Бір кездері ауданның неғұрлым құнарлы алқаптарында, «Бурно-Октябрский» әскери кеңшарында дәмі мен өнімділігі жоғары картоп орасан үлкен көлемде өсірілді. «Бурныйдың картобы» Одақтың түпкір-түпкіріне жіберілетін.

Об авторе: Венера Ахметжанова


Leave a Reply

© 2024 Эк-Спорт

Яндекс.Метрика