пятница, 26 апреля 2024   Подписка на обновления  RSS  Реклама на сайте
Популярно
11:07, 24 March 2021

Қайта жаңғыру дәуірі


Жаңатас қаласының қайта жаңғыруымен, Сарысу ауданының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің өсуімен бірге мәдениет саласы да қайта жаңғыруда, деп хабарлайды ec-sport.kz порталы.

«Эк-спорт» ақпараттық-талдау порталының тілшілері Сарысу ауданында болып, бұл аймақтың күрделі климаттық және экономикалық жағдайларда қалай өмір сүріп жатқанын өз көздерімен көріп қайтты.

Айта кету керек, өткен ғасырдың 50-60 жылдары өкпек жел соғып тұратын елсіз далада тұрғызылған Жаңатас қаласы Кеңестер одағы ыдырағанға дейін Жамбыл облысындағы болашағы зор қалалардың бірі болды. Бірегей фосфорит шикізаты базасы бар (еліміздегі фосфориттің баланстық қорының 60%-дан астамы) Сарысу ауданының экономикасы қашанда қалақұраушы кәсіпорынға тәуелді болып келді. Химия кәсіпорындарының қарқынды дамуы Жаңатас қаласының әлеуметтік саласының тез дамуына игі ықпал етті. Одақтың барлық өңірінен келген мамандар үшін өте тамаша тұрмыстық жағдайлар жасалды. Алайда өткен ғасырдың 90-шы жылдары өндіріс ауқымы күрт төмендеді, мыңдаған адам жұмыссыз қалды, көпшілігі жақсы өмір іздеп сыртқа кетті.

Бүгінде ауданда өндіріс белсенді дамып жатыр, адамдар қайта оралуда, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт мекемелері ашылуда. Қаңырап қалған көпқабатты үйлер қайта жөнделіп, ондаған отбасы пәтерлі болуда. 1997 жылы Жаңатас қаласы мен Сарысу ауданы біріктіріліп, орталығы ретінде аудандық мәндегі  Жаңатас қаласы бекітілді. Бүгінгі таңда қалада заманауи мектептер мен ауруханалар салынған.

  • Сарысу ауданының тарихы еліміздің тарихының, Қазақстан тарихының бір бөлшегі болып табылады. Біз Амантай Дәулетбеков, Берген Исаханов, атақты мерген, Кеңес Одағының Батыры Ыбрайым Сүлейменов сияқты өзіміздің даңқты жерлестерімізді мақтан етеміз, – дейді «Эк-Спорт» порталының тілшісіне Сарысу ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Салтанат Жақсыпейілова.

Сарысулықтар отандық мәдениет пен өнерге өлшеусіз үлес қосқан жерлестерінің есімдерін де мақтанышпен айтады. Ол – Сарысу ауданындағы Байқадам ауылының тумасы Асанәлі Әшімов – кеңес, қазақ актеры, театр және кино режиссері, сценарист, ұстаз. Қазақстанның Еңбек Ері (2017), КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1974), КСРО Халық артисі (1980).

Ол – Сарысу ауданының  Маятас ауылында туған қазақ әншісі, қазақтың халықтық және дәстүрлі әндерін орындаушы Сәуле Жанпейісова. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2009), филология ғылымдарының кандидаты (2011).

  • Қазір біз тұрған ғимарат – аудандық Мәдениет үйі, – дейді Салтанат Жақсыпейілова әңгімесін жалғастырып. – Ол 1977 жылы пайдалануға берілген. Қайта құру тұсында бұл ғимарат жекеменшіктің қолында болды. 2008 жылы «Қазфосфат» МҚК сатып алып, мемлекет меншігіне берді.

Сондай-ақ Саудакент, Тоғызкент, Жайылма ауылдарындағы Мәдениет үйлері де күрделі жөндеуден өткізілді. Оларға жаңа жиһаздар, музыкалық аспаптар, ұлттық киімдер сатып алып, жаңғыртылды. Аудандық Мәдениет үйінде 60-тан астам құрылымдық жүйе шығармашылық қызметпен айналысады. Олардың ішінде бес ұжымның халықтық атағы бар. Олар – «Сарысу», «Саудакент» халықтық театрлары, «Сарыарқа» ұлт аспаптар ансамблі, «Талант» фотостудиясы және «Айжан қыз» би ұжымы. Әртүрлі шығармашылық бағытта жұмыс істейтін елуден астам үйірмеге түрлі жастағы балалар қатысуда. Жалпы жүйеде 860 қатысушы қамтылған.

Сарысу ауданының мәдениет саласында жетістіктер жеткілікті. «Рухани қазына-2020» республикалық фестивалінде Шара Жиенқұлова арнаулы сыйлығымен марапатталған «Айжан қыз» би ұжымының жетістігі шынында да қуанарлық. «Сарысу», «Саудакент» халықтық театрлары «Театр өмір айнасы» фестивалінде топ жарды. Орындаушы А.Кенжебаев Қазақ КСР Халық артисі, композитор, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің 95-жылдық мерейтойына арналған Республикалық онлайн байқауда І дәрежелі дипломмен марапатталды. М.Мұсаева, Ж.Әбдірахманов сияқты жеке орындаушыларымыз бірнеше рет облыстық байқауларда жүлделі орындарды жеңіп алды.

Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ведомствосында жүзден астам қызметкері бар «Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ мен 157 жаңатастық жұмыс істейтін «Аудандық Мәдениет үйі» КМҚК еңбек етеді. Ауданымызда 45 мәдениет нысаны бар. Олардың екеуі – Мәдениет үйі, 17 ауыл клубы, бір орталық кітапхана және барлық елдімекендегі 25 кітапхана филиалы. Біздің барлық қажыр-қайратымыз халқымыздың игілігіне бағытталған, біз аймақ тұрғындарын өзіміздің шығармашылығымызбен қуантуға қашанда дайынбыз, – деп атап көрсетті Сарысу ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Салтанат Жақсыпейілова.

Об авторе: Эк-Спорт


Leave a Reply

© 2024 Эк-Спорт

Яндекс.Метрика