Яндекс.Метрика
воскресенье, 24 октября 2021   Подписка на обновления  RSS  Реклама на сайте
Популярно
11:26, 24 March 2021

Жамбыл облысының қалалары: Кеншілер қаласы Жаңатас жаңғырып келеді


Жамбыл облысының Сарысу ауданында орналасқан Жаңатас қаласы жарты ғасырлық белесін артта қалдырып, болашаққа бағыт алып отыр, деп хабарлайды ec-sport.kz порталы.

Атап өтейік, қала географиялық карталарда алғаш рет 1969 жылы, Жамбыл облысында Қаратау-Жаңатас фосфорит бассейні белсенді игеріле бастағанда пайда болды. Сол тұста «Жамбыл химия алыптарын» дамыту қолға алынып, бүкілодақтық деп жарияланған құрылысқа кеңбайтақ Кеңес Одағының барлық өңірінен жас мамандар ағыла бастады.

Олар санаулы айлар ішінде-ақ тұрғын үйлік мөлтек аудандар мен өнеркәсіптік кәсіпорындардың корпустарын салып тастады. Жас қаланың әр тұрғыны жұмыспен, баспанамен және барлық әлеуметтік қажеттіліктермен қамтамасыз етілді. Оның үстіне Жаңатас тұрғындары халық тұтынатын тауарлармен астаналық, мәскеулік деңгейде қамтамасыз етілді.

90-ыншы жылдары, экономикалық байланыстар үзіліп, қалақұраушы химия кәсіпорны тоқырағаннан кейін қала депрессивтілер қатарына қосылды. Жаңатастан адамдар жаппай көше бастады. Қаңырап бос қалған мөлтек аудандар тозды. Терезелері үңірейіп үрей шақыратын көпқабатты тұрғын үйлерден алып кетуге болатындардың бәрі қолды болды.

Бүгінде қалада керісінше жағдайды көруге болады – шаһар қайта жандануда. Ол туралы портал тілшісіне Сарысу аудандық әкімдігінде жан-жақты айтып берді.

Тұрғындар көз алдарында жаңғырып жатқан өздерінің сүйікті қаласына қайта оралуда. Тозған көпқабатты үйлер сүріліп тасталып, жарамдыларына реконструкция жасалуда. Жаңа үйлер салынып, әлеуметтік нысандар ашылып жатыр. Бизнес дамып, жаңа жұмыс орындары пайда болуда. Бүгінгі таңда Жаңатасқа көршілес Тараз немесе Шымкент қалаларына көшіп кеткендер ғана емес, тіпті 90-шы жылдары жақын шет елдерге тұрғылықты тұруға кеткендер де оралып жатыр.

Моноқалаларды дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар, әлемде теңдесі жоқ, болашағы зор тау-кен кешені жобасын жүзеге асырып жатқан халықаралық минералды-химиялық «ЕвроХим» компаниясының келуі, отандық «Казфосфат» компаниясының әлеуметтік жауапкершілігі – осының бәрі тұтас алғанда кеншілер қаласына жан бітірді деуге болады.

Осылайша 2016 жылы «ЕвроХим» компаниясының тапсырысымен аса ірі ресейлік «ВиПС» конструкторлық бюросы жасап, Жамбыл облысының әкімдігіне тапсырған Жаңатас қаласын дамытудың шебер-жоспары ұсынылды. Шебер-жоспарда моноқалаларды жаңғыртудың, қалада жайлы ортаны қалыптастырудың табысты әлемдік тәжірибелері ескерілген қала құрылысы, жобалау және экономикалық шешімдердің кешені қамтылған. Қаланы жаңғыртудың жаңартылған жоспарында «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының ережелері ескерілген, сондай-ақ «Smart City» — «Ақылды қала» техникалық регламенттері қарастырылған.

Қала тұрғындары Жаңатастағы оңды өзгерістермен әлеуметтік желелерде қуана-қуана бөлісуде:

* Қала жақсарып келеді. Жолдар жөнделіп, үйлер салынуда, балалар алаңдары ашылып жатыр. Түрлі кәсіпорындарда еңбек етіп, табыс табуға мүмкіндік бар. Қала құлпырып келе жатқандықтан ба, тұрғындар да көңілді.

* Адамдар жұмысқа орналасып жатыр, еңбектеніп, отбасыңды асыруға мүмкіндік көп. Үйдегі жарық, су, жылу тұрақты. Биыл аздаған ақау болғанымен, тез жөнделді.

* Енді бізде де барып, серуендеуге, демалуға болатын орындар бар. Қала билігі балалар саябағын жөндеуден өткізді, «ЕвроХим» көмегімен Президенттік саябақ салынды. Жалпы қала өмірі қалыпқа түсіп келеді. Тоқсаныншы жылдары қирап кеткендердің бәрі қалпына келтірілуде. Енді бәрі жақсы болады деп сенеміз.

Об авторе: Эк-Спорт


Leave a Reply

© 2021 Эк-Спорт