Өткен сенбіде ауданымыздың 85 жылдығына орай орталық алаңда «Ауыл кеші көңілді» жобасы аясында концерт өтті. Аталмыш концертте Луговой, Қарақыстақ, Ақбұлақ, Абай, Қорағаты, Жаңатұрмыс және Көгершін ауылының көркемөнерпаздары өнер көрсетті.
Концертте алғаш болып өнер көрсеткен «Бэль-арт» би тобының аруларына жиналған көпшілік ерекше ықылас көрсетті. Одан соң Қарақыстақ ауылының өнерпазы Ақнұр Берікбай «Тепен көк» күйін құйқылжыта орындады. Абылай Асқаров пен Алина Саяқованың орындауындағы Құрал Молжановтың «Армандайық» әні де сәтті шыққан нөмірлердің бірі болды. Осы жұптың орындауындағы Медет Салықовтың «Жібек сезім» әнін жиналған көпшілік өнерпаздармен бірге қосыла шырқады. Луговой ауылының өнерпазы Анель Битанова да Роза Әлқожаның «Қазағым» әнін тамылжыта шырқады. Ақбұлақ ауылынан келген Арон Қадіржанның да өнері көпшілікті тәнті етті. Ол Нұрғиса Тілендиевтің «Саржайлау» әнін орындады. Абай ауылының өнерпазы Жұмабек Сәменқұлов пен әнші Гүлмарал Қорабаева орындаған Мэлс Өзбековтің «Ақтамақ қарлығаштар» әні де концерттің көрігін одан әрі аша түскендей көрінді. Содан соң халық әні «Еркем ай»-ды орындаған Бегнұр Берікбайдың, шығыс биін билеген «Бэльарт» би тобы аруларының, Ескендір Хасанғалиевтің «Айналдым елім» әнін орындаған Айгүл Жұмабайдың, Көгершін ауылының өнерпазы Назгүл Аубакированың, луговойлық Айсұлу Сәрсенбайдың, Қарақыстақ ауылынан келген Ақмөр Мырзабектің, көгершіндік Әлия Аңдабектің, ақбұлақтық Жансұлу Спанның және луговойлық Інжу Жақсылықтың көрсеткен өнерлеріне де орталық алаңға келген көрермендер шапалақ соғып, құрметтерін көрсетті.