среда, 9 октября 2024   Подписка на обновления  RSS  Реклама на сайте
Популярно
10:26, 21 March 2021

Тамыры терең Саудакент


1997 жылға дейін Саудакент ауылы Қазақстандағы Жамбыл облысы Сарысу ауданының әкімшілік орталығы болды. Дегенмен бұл елдімекеннің тарихы ғасырлар қойнауынан тамыр тартып жатыр, деп хабарлайды ec-sport.kz порталы.

1993 жылға дейін Байқадам деп аталып келген Саудакент ауылы – Жамбыл облысындағы ежелгі елдімекендердің бірі. Академик Әлкей Марғұланның жеткешілігімен 1946 жылы жүргізілген алғашқы археологиялық қазба жұмыстары VI ғасырға тән көне қоныстардың болғанын көрсетті.

Тарихшылардың айтуынша, IX — XV ғасырларда Саудакент (ол кезде Сұғылхан деп аталған) Ұлы Жібек жолындағы көне Тараздан кейінгі қыз-қыз қайнап жататын ірі сауда орталығы болған.  Бұл маңда мемлекет қорғауына алынған тарихи сәулет ескерткіштері әлі де аз емес.

Байқадам ауылдық округінің әкімшілік орталығы Саудакент Сарысу ауданының әкімшілік орталығы Жаңатас қаласының солтүстік-шығысында 25 шақырым жерде, теңіз деңгейінен 324 метр биіктікте орналасқан.  1999 жылғы халық санағы бойынша, бұл елдімекен тұрғындарының саны 5864 адамды құраған. Байқадам-Саудакенттен көптеген танымал тұлғалар, Қазақстанның мемлекет, қоғам қайраткерлері шыққан.

1937 жылы 8 мамырда Байқадам ауылында даңқты қазақ, кеңес актері Асанәлі Әшімов дүниеге келген. 1961 жылы ол Алматыда Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясы жанындағы театр-көркемөнер институтын бітірді. Асанәлі Әшімов 1963 жылдан Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық драма театрының актері және режиссері. Ол өзінің кинематографиядағы жарқын рольдерімен халық арасында кеңінен танымал болды. Атақты актер өзінің кіші отанында жиі болып тұрады.

*Бекболат Орынбеков (Тараз қаласының әкімі, 2020 жылдан бері Жамбыл облысынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты), Бақытжан Жақсылықов (Жаңатас қаласының әкімі, Сарысу ауданының экс-әкімі) және Болат Сауранбаев та (Тараз қаласының әкімі) Байқадамның тумалары.

*Байқадамда ақын Балтабай Адамбаев, өнертапқыш ғалым Өскенбай Аяпов, қазақ ғалымы, мемлекет қайраткері Жұматай Әлиев, тағы басқа да көптеген танымал тұлғалар өмірге келген.

Бүгінде Саудакенттің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі өзінің көне замандардағы «сауда орталығы (шаһары)» деген атауына сай келіп отыр. Бес мыңнан астам тұрғынға мұнда елушақты дүкен , ауқымды сауда орталығы, қонақүйлер, май құю бекеттері, автосервистер, мал базары қызмет көрсетеді. Ауылда тігін, шаш қырқу, аяқ киім шеберханалары, сүт өнімдерін өңдеу, өсімдік майын өндіру, жем цехтары, автокөлік жөндеу цехы, жылыжайлар, тағы басқа да көптеген шағын өндіріс орындары жұмыс істейді.

Жергілікті билік ауылшаруашылығы тауар өндірушілеріне қолдау көрсету жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырып отырады, ауылдық кредиттік серіктестіктер құрылған, бірқатар ауылдық округтерде жолдар жөнделіп, ауыз су жүйелері қалпына келтірілген, Ынталы су қоймасы есебінен суармалы жерлер көлемі ұлғайтылуда.

Мұндағы негізгі ауылшаруашылығы өндірісі мал шаруашылығы болып табылады. Ірі қара және басқа малдардың саны жыл сайын өсіп келеді. Асыл тұқымды мал басын көбейту жөніндегі жұмыстар күшейтілген. Егістік алқаптар көп емес – мұнда негізінен нарықта сұранысқа ие майлы дақылдар, дәндік жүгері, азықтық жоңышқа мен картоп өсіреді.

Кем дегенде бір жарым мың жылдық тарихы бар Саудакент бүгінде қарапайым қазақ ауылына тән толыққанды өмір сүріп жатыр – алқапта тер төгіп, кәсіпорындар ашып, туған ауылын абаттандырып, гүлдендіруде.

2900

Об авторе: Эк-Спорт


Leave a Reply

© 2024 Эк-Спорт

Яндекс.Метрика