пятница, 13 декабря 2024   Подписка на обновления  RSS  Реклама на сайте
Популярно
10:49, 21 March 2021

Сарысу ауданында шағын өндірістер дамытылуда


Жамбыл облысындағы климаттық та, инфрақұрылымдық та жағдайы күрделі аудандардың бірі саналатын Сарысу ауданында кәсіпкерлік қалай дамытылуда? Сарысу ауданында болып қайтқан ec-sport.kz порталы тілшілерінің материалы осы туралы болмақ.

Жаңатас тарихы осынау қатал да шөлейт аймақта фосфорит өндіріле бастауымен тығыз байланысты. Мұнда 1969 жылы Жамбыл облысында Қаратау-Жаңатас фосфорит бассейнін белсенді игере бастауға байланысты «Жамбылдың үлкен химиясы» өмірге келді. Бүкілодақтық құрылысқа кеңбайтақ Кеңес елінің барлық аймағынан өз ісінің нағыз мамандары ағылды. Олар бірнеше айдың ішінде тұрғын үй мөлтек аудандыры мен өнеркәсіптік кәсіпорындардың корпустарын салып үлгерді. Жаңатас тұрғындары жұмыс орындарымен, тұрғын жайлармен және әртүрлі әлеуметтік игіліктермен қамтамасыз етілді.

1989 жылы Жаңатаста елу үш мың адам тұрып жатты. Қала химия өнеркәсібінің көшбасшысы деп сеніммен атауға болатын қалалардың қатарына қосылды. Жетілген инфрақұрылымы мен жайлы өмір сүруге қажетті барлық жағдайдың жасалуы шаһарды бақуатты әрі заманауи деп санауға мүмкіндік берген еді. Жалғыз кемшілігі – толассыз соққан қатты желі, бет қаритын қысқы аязы мен бұрқасыны, шаң суыратын аңызақ желді аптап жазы бар қатал ауа райын жоғары жалақы мен кепілдендірілген салмақты әлеуметтік игіліктер жуып-шайып жіберетін.

90-шы жылдар осы бақуаттылыққа қатты соққы болып тиді. Алып елдің экономикалық байланыстарының үзілуі қалақұраушы химия кәсіпорнының құлдырауына әкеліп соқты. Қала депрессивтілер қатарына қосылды, адамдар жаппай көше бастады.

Дегенмен соңғы жиырма жылда Сарысу ауданының экономикалық көрсеткіштерінде қарқынды даму байқалады. Ал оған аса ірі химия кәсіпорындары «ЕвроХим» мен «Қазфосфат» елеулі үлес қосып отыр. Мысалы 2000 жылы өнеркәсіп саласындағы өндіріс ауқымы 506,3 млн теңгені, салынған инвестиция 27 млн теңгені құраған болса, 2020 жылдың қорытындысы бойынша 17 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілген. 2000 жылы ауылшаруашылық өнімінің көлемі 886 млн теңге болса, 2020 жылдың қорытындысы бойынша 10 млрд теңгеге жеткен.

«Сарысу ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі» КМК басшысы Бейсен Шалабаевтың портал тілшісіне айтуынша, Сарысу ауданында кәсіпкерлік саласы барынша қарқынды дамып келеді. Ауданда жыл өткен сайын өндірілген жалпы өнім көлемі артуда. Өндірістік кооперативтер, акционерлік қоғамдар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен шаруа қожалықтары ауылшаруашылығы өнімдері өндірісімен табысты айналысуда.

  • 2021 жылдың 1 қаңтарына аудан көлемінде 3341 шағын және орта кәсіпкерлік субьектісі тіркелген, – дейді спикер. – Олардың ішінде бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған ШОБ саны 2684 бірлікті құрайды. Яғни белсенді кәсіпорындар үлесі 80%-дан асып отыр. Соған қарамастан өз жұмысын тоқтатқан кәсіпорын қожаларымен түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Жұмысын ұсынылатын жеңілдікті кредит арқылы қайта жаңғыртуға болатыны түсіндірілуде.

Ауданда кәсіпкерлердің мәліметтер базасы жасақталған, ол тоқсан сайын жаңартылып тұрады. Сонымен қатар әрқайсысымен жекелей жұмыс жүргізу мақсатында жұмыс істеп тұрған, уақытша тоқтатылған және жұмыс істемейтін ШОБ субьектілерінің тізімі жаңартылып отырады.

«Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2019 — 2020 жылдар аралығында екінші деңгейлі банктер арқылы 16 жобаға 181 млн теңгенің жеңілдікті кредиті берілді, 22 млн теңгенің кепілдендіру механизмін 5 жоба пайдаланды. Қайтарымсыз гранттар конкурсына ауданның 132 тұрғыны өздерінің бизнес-жобаларын ұсынып, олардың ішінен 24 жұмыссыз азамат 49 млн теңге жеңіп алды.

Қаржыландырылған жобалардың 40 пайызы шағын өндіріске, қалғандары қызмет көрсету саласындағы өндіріске бағытталған. Бұлар бөдене өсіру, жылыжайлар, салфеткалар, шаруашылық сабындары, жем, торкөз сеткалар өндірісі, домбыра жасау цехтары, ауылшаруашылығы өнімдерін өсіру, тағы басқа жобалар.

ШОБ субьектілеріне қажетті инфрақұрылым тартып беру арқылы қолдау көрсету механизмі бойынша жалпы сомасы 785 млн теңгеге 4 жобаға қолдау білдірілді.

2020 жылы өндірістік еңбекпен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшжылдық «Еңбек» бағдарламасы бойынша сарысулық 89 кәсіпкер 450 млн теңге шамасында жеңілдікті кредиттер, ал 587 жұмыссыз азамат қайтарымсыз гранттар алды, деп мәлімдеді Сарысу ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Бейсен Шалабаев.

Об авторе: Эк-Спорт


Leave a Reply

© 2024 Эк-Спорт

Яндекс.Метрика