Таразда түрік компаниясының инвесторлары кәріздік тазарту құрылыстары мен қоқысты қайта өңдеу зауытын салуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды ec-sport.kz порталы.
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов “ALARKO Contracting Group” компаниясының президенті Аббас Шахинмен кездесу өткізді. Тараптар Тараз қаласында кәріздік тазарту құрылыстарын салу жобасын талқылады. Жаңа құрылыстардың қуаттылығы тәулігіне 120 мың текше метрді құрайды.
Сондай-ақ инвестор қоқысты қайта өңдеу зауытын салу жобасын да таныстырды.
Облыс әкімі бұл жобалардың іске қосылуы өңірдегі экологиялық жағдайдың жақсаруына елеулі үлес қосатынын атап өтті.
“Біз инвестициялық ахуалды жақсартуға ерекше көңіл бөлудеміз, – деп атап өтті Нұржан Нұржігітов. – Инвесторларға жеке және кешенді қолдау көрсетіледі. Біз қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жобаларға барынша қолдау көрсететін боламыз”.
Түрік инвесторы Аббас Шахин Таразда аталған жобаларды іске қосу үшін барлық жағдай мен мүмкіндіктер бар екенін атап өтті.
”Біз ашықтық, топтық жұмыс және сенім қағидаттары бойынша жұмыс істейміз әрі біздің негізгі қағидаттарымызды бөлісетін және ұстанатын адамдармен жұмыс істеуге тырысамыз. Сондай-ақ, біздің компания бірнеше жыл бойы халықаралық қаржы институттарымен жемісті ынтымақтасып келеді”, – деп атап өтті шетелдік қонақ.
Өңір басшысының тапсырмасы бойынша, қол жеткізілген уағдаластықтар шеңберінде жобаларды іске асыруға жауапты жұмыс тобы құрылатын болады.
Кездесу соңында облыс әкімі экономика, бюджеттік жоспарлау және кірістер басқармалары мен “Тараз” ӘКК-іне орталық атқарушы органдармен бірлесіп, жекелеген мәселелерді пысықтауды тапсырды. Сондай-ақ, энергетика және ТКШ басқармасына, экология департаментіне бірқатар тапсырма берілді.
Бұрын хабарланғандай, Тараздағы кәріздік тазарту кешенінің құрылысы маңызды жоба болып табылады. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әзірлеген Жол картасының жобасына сәйкес, “Жамбыл су” МКК жекеменшікке сенімгерлік басқаруға беру бойынша пилоттық жоба ретінде таңдалды.
“ҚТҚ полигондарын экологиялық және санитариялық талаптарға сәйкес келтіру туралы” тармағына сәйкес, 2022 жылы 29 полигон қоршалып, 13 полигон жойылады.
Стихиялық қоқыс үйінділерін жоюдың іс-шаралар жоспары бекітіліп, арнайы жұмыс тобы құрылды. Тиісті аумақтардың әкімдіктеріне геопорталға қолжетімділік берілді.
Рейдтер барысында заңсыз орналастырылған ауқымды құрылыс қалдықтары анықталуда. Жауапты мекемелерге заңсыз үйінділерді тазарту жұмыстарын жүргізу қажеттігі туралы хабарлама жіберілетін болады.