пятница, 19 апреля 2024   Подписка на обновления  RSS  Реклама на сайте
Популярно
9:13, 29 July 2021

Қордайдың танымал тұлғалары: қазақ ақындарының ұлы дәстүрлерін жалғастырушы Кенен Әзірбаев


Аты аңызға айналған қазақ ақыны, әнші және композитор Кенен Әзірбаев Жамбыл облысы Қордай ауданының перзенті, деп хабарлайды ec-sport.kz порталы.

Кенен Әзірбаев — белгілі қазақ ақыны әрі жырау, әнші және композитор, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі, Қазақ КСР-інің халық ақыны, КСРО Жазушылар және Композиторлар одақтарының мүшесі.

Қазақтың музыкалық орындаушылық өнерінің классигі 1884 жылы 8 мамырда бұрынғы Матібұлақ (Қазақ КСР-і, Жамбыл облысы, Красногорск ауданы), қазіргі Қордай ауданының Кенен ауылында дүниеге келген.

XIX-XX ғасырлар тоғысында өмір сүрген Кенен Әзірбаев қазақтың Біржан Сал мен Ақан Сері сияқты ұлы ақындарының соңғы тұяғы, ол Жамбыл Жабаевтың шәкірті әрі ізбасары болды. 1976 жылға дейін өмір сүрген әнші композитор-орындаушы ұлы тұлғалар шоғырын түйіндеді.

Он жасында қолына домбыра алған ол үлкен тойлар мен іс-шараларда ән айта бастады. 13 жасында халық оның атақты «Бозторғай» әнін тыңдады. Атақты Балуан Шолақтың 1914 жылы Сарыарқадан Жетісуға келуі Кенен үшін үлкен өнерге жол ашты. Ол Балуаннан ат үстінде ән айтудың түрлі тәсілдерін меңгеріп, домбыра тартуды үйренді.

Ақын 1916 жылғы халық көтерілісіне белсене атсалысты, Қордай көтерілісіне қатысып, көптеген оқиғалардың куәсі болды, өзінің ән-жырларымен халықты күреске шақырды. Оның осы жылдары шығарылған әндері «Аттаныңдар!», «Қайран елім, қайда?», «Бұлбұлға» қазақ ән өнерінің алтын қорына енді. Кейінірек сол жылдардың оқиғалары баяндалатын оның атақты «Батыр Әли» дастаны дүниеге келді.

Кенен Әзірбаев Балқаш пен Шымкент жұмысшыларының, Қарағанды шахтерлерінің, Каспий теңізі балықшыларының, Түрксіб құрылысшыларының өмірі суреттелген 150-ге жуық музыкалық-поэтикалық туынды шығарды.

Соғыс қарсаңында Кенен Әзірбаев Мәскеуге оқуға аттанды. 1940 жылы 56 жасар ақын кеңестік дирижер әрі композитор Райнхольд Глиер жетекшілік ететін әнші-композиторлар курсының тыңдаушысы болып қабылданды.

Ұлы Отан соғысы басталғанда Кенен Қазақстанда еді. 1916 жылғы көтеріліс кезіндегі сияқты халықты партия төңірегіне топтасуға шақырды, өлеңдерімен, әндерімен Ұлы Жеңісті жақындатты. Соғыс жылдары ол «Біздің Отан жеңеді», «Қайран, Шөкем!», «Жалғыз қайным», «Күйгенім-ай, сүйгенім-ай!», «Ел қуанышы», «Жеңіс жылғы шаттық ән», т.б. көптеген әндердің авторы атанды. Осы еңбегі үшін Кенен Әзірбаев Құрмет белгісі орденімен марапатталды.

1945 жылы Кенен ұстазы Жамбылдың қазасына күңірене отырып «Жамбыл жыры» поэмасын жазды.

Композитор шығармашылығының басты тақырыбы – халықтың өмірі мен оның өткен тарихы. Ол «Жайнады, тыңым, жайнады», «Жас малшылар әні», «Қордай», «Қазақстан», «Қос батыр» және басқа шығармаларында көрініс тапты. Кенен кезінде айтыс ақындары Ләтип, Кенжеқожа, Әбдіғали, Есдәулетпен сөз сайыстырды. Кенен Әзірбаевтың поэма, толғау, дастандарының ішінде эпостық үлгіде жазылған «Шөпке барғанда», «Құдалар», «Қырғызбай», «Бұрынғы өткен батырлары» барынша танымал.

Туған ауылындағы көнекөз қариялар атақты ақсақалдың ізгілігін, қарапайымдылығын және асқан даналығын еске алады.

Бүгінгі таңда Кенен ауылы – өмір сүруге аса жайлы, облыстағы ең үздік ауылдық елді мекен атанудан үміткер ауыл болып табылады.

Кенен ауылында кезінде Кенен Әзірбаев тұрған үй сақталған, ол ақынның 125 жылдығына орай қалпына келтірілді. Қордай ауылында оның өмірі мен шығармашылығына арналған мемориалдық мұражай бар. Экспозициясы жаңартылып, қор сақтау қоймасы, тамашалау залы салынды, аумағы абаттандырылды. 2001 жылдан бері Жамбыл облысында «Шырқа, даусым!» республикалық байқауы өткізіліп келеді, онда Кенен Әзірбаевтың шығармалары орындалады. 2019 жылы Жамбыл облысының 80 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралар аясында Тараз қаласында «Баласағұн» орталық концерт залының алдында Кенен Әзірбаевқа ескерткіш орнатылды.

Кенен Әзірбаевтың аузынан жазылып алынған фольклорлық мол мұра Қазақстан Ғылым академиясы Әдебиет және өнер институтының қолжазба орталығында сақтаулы тұр. Кенен Әзірбаевтың 200-ден астам ән, толғауы жазылып алынып, жеке жинақтар ретінде жарияланды.

Ақын Кенен Әзірбаев қазақ өнерінің көрнекті өкілі еді. Ол түрлі республикалық іс-шараларға шақырылды: Мәскеудің 800 жылдық мерейтойында құрметті қонақ болды (1947), Қазақ КСР композиторларының бірінші съезін ашты (1948), Мұхтар Әуезов ұйымдастырған Шығыс фольклор зерттеушілерінің Дүниежүзілік XXV съезінде сөз сөйледі (1960). Ақын алған көптеген марапаттардың қатарында «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері» (1957), екінші «Құрмет белгісі» ордені (1959), «Қазақ КСР Халық ақыны» (1961), Еңбек Қызыл Ту ордені (1961), Ленин ордені (1974) бар.

Об авторе: Венера Ахметжанова


Leave a Reply

© 2024 Эк-Спорт

Яндекс.Метрика