Жамбылдық полицейлер есірткіге қарсы бағыттағы профилактикалық іс-шараларды тұрақты түрде өткізуде.
Осындай сипаттағы кезекті іс- шара Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақта және Бауыржан Момышұлы атындағы “Жеңіс” саябағында өткізілді.
Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері тұрғындарға есірткінің зияны туралы бүктеме кітапшалар таратты. Онда синтетикалық есірткі заттарының таралу мәселесіне ерекше назар аударылған. Сондай-ақ, кітапшада есірткінің заңсыз айналымына қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылатыны туралы ақпарат бар.
– Сондай-ақ акция барысында біздің қызметкерлер тұрғындарға “Есірткінің тозағы. Азап айдаған ана” деген кітап таратты. Бұл кітапта анасы ұзақ уақыт бойы нашақорлыққа тәуелді болған ұлының есірткімен күрескен тағдыры туралы айтады. Әйел адам өз отбасының мәселесі арқылы нашақорлық дерті тек оған тәуелді болған адам үшін ғана емес, сонымен бірге оның туыстары мен достары үшін де нағыз азап екендігін дәлелдеуге тырысқан. Мұндай жекелеген мысалдар өскелең ұрпақ үшін нағыз сабақ болуы тиіс, – деп сөзін түйіндеді Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс- қимыл басқармасының бастығы полиция полковнигі Асқар Жұмабеков.
Акция Тараз қалалық әкімдігі ішкі саясат бөлімінің “Жастар ресурстық орталығы” коммуналдық мемлекеттік мекемесі және “Нығмет нұры”қоғамдық бірлестігінің қолдауымен өтті.