вторник, 23 апреля 2024   Подписка на обновления  RSS  Реклама на сайте
Популярно
6:20, 03 July 2022

Балалар жылы: Таразда дәрігерлер форумы өтті


Биылғы жылды ел Президенті Балалар жылы деп жариялағаны белгілі. Тиісті міндеттер Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауынан да туындайды. 

Таразда XII ғылыми-ағарту аймақтық форумы аяқталды. Онда жетекші отандық дәрігерлер медицина ғылымының дерматовенерология және дерматокосметология саласындағы инновациялық әзірлемелерін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі, деп жазады ec-sport.kz.

“Дерматовенерологтардың, дерматокосметологтардың және лепрологтардың 17 өңірі” атты форум жұмысына еліміздің және Қырғыз Республикасының облыстарынан 120-дан астам медицина қызметкері, белгілі отандық мамандар мен ғалымдар, жас дәрігерлер қатысты. Екі күн бойы қатысушылар үшін кең таралған тері ауруларын емдеудің тактикасы мен сапасын арттыру, мүгедектіктің алдын алу мәселелері бойынша дәрістер, презентациялар, шеберлік сыныптары ұйымдастырылды.

Дүниежүзілік витилиго күні аясында Тараздың “SHAHRISTAN” тарихи кешенінде өткен ғылыми-ағарту іс-шарасының міндеті халық арасында осы ауру туралы хабардарлықты арттыру болып табылады.

Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев тілшіге берген сұқбатында форумның қалай өткені, Қазақстан дерматовенерология саласы мамандарының қандай инновацияларды талқылағаны және қандай мәселелерді көтергені туралы айтып берді.

– Әсет Әскерұлы, форум туралы айтпас бұрын, витилиго ауруы туралы түсіндіріп өтсеңіз. Неліктен оған Дүниежүзілік күн арналып отыр?

– Витилиго – көптеген қате түсініктермен, стереотиптермен тұмшаланған емделмейтін созылмалы тері ауруы. Дүниежүзілік витилиго күні – адамдардың осы ауру туралы хабардарлығын арттыруға, қоғамдағы витилигомен ауыратындарды алалаушылықтармен күресуге, витилиго науқастарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жаһандық іс-шара.

Өйткені, бұл – жұқпалы емес тері ауруы. Онда пигментация бұзылып, терінің белгілі бір аймақтарында пигмент меланині жоғалады. Витилигоның туындау себептері белгісіз. Ауру иммундық жүйенің бұзылуы нәтижесінде дамиды, деп саналады. Бұл кейбір дәрілік және химиялық заттардың әсерінің салдары, немесе нейроэндокринді және аутоиммунды меланогенез факторларының бұзылуы болуы мүмкін.

Форумға келетін болсақ, мұндай іс-шара дерматовенерологтардың, дерматокосметологтардың және лепрологтардың қатысуымен 2015 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді және ғылыми-тәжірибелік қарым-қатынастың танымал алаңына айналды. Тері ауруларын емдеу әдістері алғаш рет дәл осы жерде ұсынылып, кейін өзін озық әдіс ретінде көрсетті. Витилигоны емдеудің сессиялардың бірінде ұсынылған “тар жолақты фототерапия” деп аталатын инновациялық әдісі бүгінде тәжірибе жүзінде сәтті қолданылуда. Форум барысында Қазақ дерматология және жұқпалы аурулар ғылыми орталығының директоры Асылхан Әбішев осы озық әдістердің арқасында соңғы бес жылда Қазақстанда витилиго ауруы 1,2 есеге азайғанын атап айтты. 

Елімізде мерезбен және гонореямен сырқаттанушылықтың жаңа жағдайларының азаюының айқын үрдісі байқалып отыр. Жағдайды жақсарту үшін өткен жылы елімізде жыныстық жолмен берілетін инфекцияларды жұқтырған науқастарға медициналық көмекті ұйымдастыру стандарты әзірленді. Клиникалық хаттамалар жаңартылды. Мерезді диагностикалау алгоритмі “Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” ҚР Кодексіне сәйкес өзгертілді.

– Ол үшін тар бейінді мамандарды даярлау керек шығар?

– Иә, білім беру саласындағы соңғы жылдардағы жаңалықтар осындай мамандарды даярлаудың сапасын жақсартуға бағытталған. Дерматовенерология бойынша резидентураның жыныстық жолмен берілетін инфекцияларды жүргізудің озық халықаралық стандарттарына негізделген мамандандырылған бағдарламасы ашылды.

Мұндай инфекциялардың алдын алу, диагностикалау және емдеудің заманауи қырлары бойынша медицина қызметкерлерін қашықтан оқыту бағдарламасы, сондай-ақ веб-портал әзірленіп жатыр. Жыныстық жолмен берілетін инфекцияларды диагностикалау мен емдеудің қазіргі заманғы тәсілдері орта арнаулы, орта жоғары, қосымша және дипломнан кейінгі медициналық білім берудің оқу бағдарламаларына кіріктірілген.

– Форумға қатысушылар тағы қандай мәселелерді талқылады?

– Форумға қатысушылар талқылау барысында тері ауруларының пайда болу табиғатын анықтауға байланысты соңғы жылдары елімізде жүргізілген ғылыми зерттеулердің нәтижелерімен танысты. Форум алаңдарында Қазақ дерматология және жұқпалы аурулар ғылыми орталығы резиденттерінің қатысуымен жас мамандар мектебі жұмыс істеді. Онда жекелеген клиникалық жағдайлар мен аурулардың ерекшеліктері талқыланды.

Форум ұйымдастырушылары теориялық мәселелерді талқылаумен ғана шектеліп қоймай, созылмалы ауыр дерматозы бар науқастарға консультациялық көмек және Жамбыл облыстық тері-венерологиялық диспансерінің мамандарына ұйымдастырушылық-әдістемелік көмек көрсетті.

Елімізде жарияланған Балалар жылы аясында Қазақ дерматология және жұқпалы аурулар ғылыми орталығының дәрігерлері Жамбыл облысының дерматологиялық аурулары бар 90 кішкентай пациентіне кеңес берді. Ол Меркі ауданының орталық аудандық ауруханасы базасында өтті. Балалар, олардың ата-аналары мен медицина қызметкерлері құнды ұсыныстар алды.

– Форумның ұйымдастырушысы кім?

– Форумды Асылхан Әбішев бастаған Қазақ дерматология және жұқпалы аурулар ғылыми орталығының жетекші ғалымдары, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті дерматовенерология кафедрасының оқытушылары мен ғылыми қызметкерлері, “Дерматовенерологтар, дерматокосметологтар және лепрологтар қоғамы” Қоғамдық бірлестігі, Жамбыл облыстық тері-венерологиялық диспансері, Жамбыл облысы әкімдігінің Денсаулық сақтау басқармасы ұйымдастырды.

XII ғылыми-ағарту аймақтық форумы Қазақстанның заманауи дерматовенерологиялық қызметін дамытуға үлкен үлес қосатынына сенімдімін.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Об авторе: Венера Ахметжанова


Leave a Reply

© 2024 Эк-Спорт

Яндекс.Метрика