среда, 9 октября 2024   Подписка на обновления  RSS  Реклама на сайте
Популярно
18:58, 13 July 2023

Рысқұлов ауданындағы шатқалдар – таза ауа мен тамаша көріністер


Жамбыл облысында туристер мен жай демалушыларды қызықтыратын таңғажайып әдемі жерлер көп. Соның бірі – Рысқұлов ауданында, Қырғыз Алатауының солтүстік беткейінде орналасқан Мақпал шатқалы.

Теңіз деңгейінен 2800 метр биіктікте орналасқан және шамамен 20 мың гектар аумақты алып жатқан шатқал орта таулы аймаққа жатады. Шатқал өзінің алуан түрлі шөп өсетін байтақ шалғындарымен ерекшеленеді.

Жоғары таулы бөлігінде сирек кездесетін, осы маңда кең таралған Талас және Тянь-Шань қайыңдарының, Сиверс жабайы алма ағаштарының, Регель алмұртының, долананың тоғайлы ормандары өседі.

Мақпал шатқалында сәндік және емдік шөптердің алуан түрлі альпілік және субальпілік шалғындары, оның ішінде Қызыл кітапқа енген және жойылып бара жатқан түрлері – таушымылдық, зире, мия, андыз, көкгүл, бөденешөп, құртқашаш, Грейг, Кауфман, Альберт қызғалдақтары және т.б. бар.

Арынды тау өзендері ағып жатқан Шалсу-Талдысу шатқалы да таңғажайып көріністерімен тәнті қылады. 60 мың гектардан астам жерді алып жатқан шатқал өзінің адам аяғы баспаған сұлу табиғатымен және шипалы ауасымен таңқалдырады.

Бұл жерде айнадай жарқыраған бетінде бұлт шағылысқан, мұздықтардан пайда болған көл селт етпей тұр. Мұнда альпілік шалғындардың, түрлі өсімдіктер көмкерген тік беткейлі жартастардың қоршауындағы каньондар бар, шулы сарқырамалар ағып жатыр. Бұл ерекше қорғалатын аумақты жабайы жануарлардың сирек түрлері – аю, барыс, сілеусін, арқар мекендейді.

Об авторе: Айгерим Ахметова


Leave a Reply

© 2024 Эк-Спорт

Яндекс.Метрика