Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Рухани қазына» кіші жобасын жүзеге асырып, дертке дауа, жанға шипа берер ұлттық сусындарымызды баптаушылар мен қолөнер шеберлерінің ата-дәстүрімізді сақтау сабақтастығын жалғастыру мақсатында «Қымыз fest, шұбат fest» этнофестивалі Түймекент ауылдық мәдениет үйі алаңында өтті. Фестивальдің ашылу салтанатында аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сәкен Сыздықов сөз сөйледі.
Сәкен Шәмшіұлы шараның басты мақсаты – ұлттық қолөнерімізді, соның ішінде, ұлттық салт-дәстүр, ұлттық сусындар мен тағамдарымызды насихаттап, жастар бойына ұлттық құндылықтарға деген құрметті қалыптастыру екендігін атап өтті. Қатысушыларға сәттілік тіледі. Аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ықпалымен, әл-Фараби мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткізілген шараға Бурыл, Суханбаев, Түймекент, Жаңатұрмыс, Қостөбе, Темірбек ауылдық округтері және Дихан-2 ауылынан келген бие байлап, қымыз сауатын шаруалар қатысып, өнімдерін ұсынды. Фестиваль шымылдығын «Орынкүл» бөбекжай- бақшасының тәрбиешілерінен құралған бишілер тобының орындауындағы «Қазақ қыздары» биімен ашылды. Бұдан соң аудан және ауыл өнерпаздары әсем әннен шашу шашты. Қымызмұрындық-қыстан аман-есен шығып, жазға салым бие байлап, алғашқы қымыз ішетін күн. «Орынкүл» бөбекжай бақшасының ұжымы тіккен (меңгерушісі Қалдыкүл Ибраева) ақшаңқай киіз үйдің есігі ашық болды, қалаған адамдар емдік сусын мен ұлттық тағамнан ауыз тие алды. Суханбаев, Бурыл, Қостөбе, Түймекент ауылдық округтерінің қымыз өндірушілері сары қымызды сапырып, көпке ұсынды. Темірбектік түйеші Рая Читанова баптаған шұбатқа жұртшылық риза болды. Әсіресе, Қостөбе ауылдық округінен келген қолөнер шеберлері Бибігүл Шуақбай мен Базаркүл Ысқақованың қолынан шыққан жастық, көрпеше, сөмкелер, құрақ көрпе, той қоржын, бесік қоржын, қыз қоржын, қыз балаға арналған ұлттық киімдерді алушылар қатары қалың болды. Ұлттық ойындар арқан тартыс, ләңгі тебу, асық атудан жарыстар ұйымдастырылды. Арқан тартудан Суханбаев ауылдық округінің жігіттері мен Түймекент ауылдық округінің намысын қорғаған «Орынкүл» бөбекжай бақшасының тәрбиешілері ешкімге дес бермеді. Қымыз ішуден суханбайлық Гүлзабира Байтекеева мен Дихан-2 ауылының тұрғыны Өсер Добаев, түймекеттік Асхат Орынбаев көп мөлшерде сусынды ішіп, жүлдегер атанды. Ләңгі тебуден Қашқынбаев, асық атудан Жандос Бегілда бірінші орынды жеңіп алды. Ұлттық дәстүрімізді ұлықтаған шырайлы шарада ауылдың қадірлі ақсақалы Ниязхан Бейсенов, Жақаш мешітінің имамы Баку Іскендіров жас ұрпаққа берер тағылым мол шараны ұйымдастырушыларға алғысын айтып, бата берді. Әділқазылар алқасының төрағасы, ақын Қасқырбай Нарбатыр өткен шараның маңыздылығына тоқталып, “жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған” жеңімпаздарға; атап айтқанда, «Орынкүл» бөбекжай бақшасының ұжымына, Қостөбе ауылдық округінен келген қолөнер шеберлері Бибігүл Шуақбай мен Базаркүл Ысқақоваға, Суханбаев, Бурыл ауылдық округтеріне Алғыс хат пен сыйлықтар табыстады. Сондай-ақ, барлық қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан құрмет көрсетілді.