Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Меркі ауданы ауылдарының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды портал ec-sport.kz
Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Меркі ауданындағы Ойтал және Сұрат ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, азаматтарды жеке мәселелелері бойынша қабылдады.
Айта кетейік, бұған дейін облыс бойынша түрлі деңгейдегі әкімдердің 1000-нан астам халықпен кездесуі жиыны өткен десек, оның 31-і облыс әкімінің қатысуымен ұйымдастырылған.
№48 жалпы орта білім беретін мектебінің АКТ залында өткен басқосуға облыстық құқық қорғау органдарының және салалық басқармалардың басшылық өкілдері де қатысты.
Кездесуден бұрын аймақ басшысы үш ауысымда оқитын мектептің қызметімен және кеңейту бойынша құрылыс жобасымен танысты. Сондай-ақ, мұнда облыс әкіміне аудандағы білім беру саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен мәселелер баяндалды.
Халықпен кездесуде жергілікті тұрғындар өздерін толғандырып жүрген әлеуметтік, білім беру, денсаулық сақтау саласына қатысты сауалдарын жолдады. Сонымен қатар, ауылдықтар жол өткелін салу, суармалы су мәселесін де көтерді.
Сауалдарға жауап берген Нұржан Нұржігітов аталған мәселелерді шешу бойынша облыс көлемінде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға қысқаша тоқталды. Кейбір келеңсіз мәселелерге қатысты қосымша зерделеулер жүргізілетінін жеткізді.
Дәл осындай кездесу Сұрат ауылдық округіндегі Мәдениет үйінде де өтті. Алдымен аймақ басшысы ауылдағы тозығы жеткен «Қазпошта» ғимаратының жай-күйін көріп, жаңа ғимарат салу керектігіне назар аударды. Бұдан бөлек, күрделі жөндеуді қажет ететін орта мектептің жұмысымен де танысты.
Кездесуде сұраттықтар ауылда атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етіп, ризашылықтарын жеткізді. Бұл ауылдық округ тұрғындардың тұрмыстық табысын жақсарту бойынша пилоттық жобаға еніп, жеңілдетілген несие арқылы, өз кәсіптерін алға бастыруда. Жобаның бес бағыты аясында табыстарын арттыра түскен ауылдықтар енді интернет мәселесін шешіп беруді сұрап отыр.
– Біздің халықпен кездесудегі негізгі мақсатымыз – мәселелерді анықтап ғана қоймай, оларды шешу үшін жұмыстар жүргізу. Әлеуметтік мәселелердің барлығы бірден шешіледі дей алмаймыз. Дегенмен, оларды таяу жылдары шешуге қатысты жергілікті билікті есепті жоспары жасалған. Облыстың кешенді даму жоспарына сәйкес, бюджеттің мүмкіншілігіне қарай меселелер кезең-кезеңімен реттеледі. Осы орайда тұрғындардың жергілікті билікке деген сенімі аса маңызды. Біз өзара ортақ жауапкершілікті сезінгенде ғана жетістікке жете аламыз,-деп түйіндеді Нұржан Нұржігітов.
Кездесулерден соң облыс әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдаулар өткізді.