пятница, 26 апреля 2024   Подписка на обновления  RSS  Реклама на сайте
Популярно
18:59, 11 May 2022

Қордай ОАА – өткені мен бүгіні


Қордай ауданы денсаулық сақтау саласының тарихын Георгиевка (бұрын Қордай ауылы солай аталатын) ауылына Кеңес өкіметімен бірге алғашқы фельдшер келген 1924 жылдан бастауға болады. Ауылдың орталығында, ескі ғимараттағы бөлмелердің бірінде медициналық пункт ұйымдастырылып, онда фельдшер науқастарды қабылдай бастаған.Қордай ОАА – өткені мен бүгіні

1930 жылы ауылға алғашқы дәрігер А. Чириков келіп, он орынға арналған тұңғыш учаскелік аурухана ашылды. Үш жылдан кейін Қордай ауданында Қасық және Благовещенка ауылдарында тағы екі фельдшерлік пункт, сондай-ақ Қаракемер, Қарасу және Успеновка ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар ашылды. Ауданда енді үш дәрігер жұмыс істей бастады.

Тағы екі дәрігер К. Пундани мен Д. Шурина Қордай ауданына 1933-1940 жылдар аралығында келді.

1906 жылы туған дәрігер Д. Шурина Жамбыл өңірінің денсаулық сақтау саласында жұмыс істей бастаған алғашқы қазақ әйел еді. 1933 жылы ол Мәскеу медициналық институтын бітіріп, 1939 жылы елге оралады да, жалпы тәжірибе дәрігері болып жұмыс істейді. Ал 1945 жылдан акушер-гинеколог мамандығына ауысады. Өзінің білікті дәрігерлік қызметі үшін Д. Шурина ҚазКСР еңбек сіңірген дәрігері атағына ие болған.

40-шы жылдың басынан 1950-ші жылдарға дейін Қордай ауданына жаңа дәрігерлер мен мейірбикелер келіп, төсек-орын желісі кеңейеді. Әрқайсысы оннан терапевтикалық, хирургиялық, балалар және босану төсек орындары пайда болады.

Бірінші болу қашанда қиын. Бәрін жаңадан бастауға, материалдық-техникалық базаны қалыптастыруға, тәжірибе жинақтауға тура келеді. Сондықтан да біріншілерге құрмет ерекше. Қордай ауданында да өңірдегі денсаулық сақтау саласының негізін қалаған алғашқы дәрігерлерді ешқашан ұмытқан емес.

Аудандағы алғашқы дәрігер-хирург Л. А. Юшкевич 1948-1963 жылдары еңбек еткен. Ол ота жасап қана қойған жоқ, дәрігерлерді де (Д. Шурина мен А. Рыженконы) мамандықтың қыр-сырына оқытты. Алғашқы дәрігер-терапевтер С. Киржалова, одан кейін М. Добрынина. Алғашқы дәрігер-педиатр М. Ахмед-заде. Амбулаторияда науқастарды жас дәрігерлер – невропатолог С. Вразовская, окулист Т. Романова, ЛОР дәрігер Б. Тлепбергенова қабылдады.

1940-1950 жылдар аралығындағы он жылда Қордай ауданында Красногорка ауылында 30 төсектік, Лубзавод ауылында 20 төсектік, Трудовик ауылында 30 төсектік, Степное және Благовещенка ауылдарында әрқайсысы 10 төсектік жаңа учаскелік ауруханалар ашылды.

Одан кейінгі 1950-1957 жылдары аралығында ауданда терапевтік төсек-орын желісі – 30, хирургиялық – 30, инфекциялық 20 орынға көбейді.

Қордайлықтар алғашқы рентген аппаратын 1953 жылдан бастап пайдалана бастады, ол аудан орталығы Георгиевка ауылындағы орталық емханаға орнатылды. 1954-1957 жылдары рентген кабинеттер Красногорка, Лубзавод, Успеновка, Трудовик ауылдарында ашылды.

Сол 1957 жылы Красногоркада операциялық блок ашылады, одан кейін ота блоктары Лубзавод және Трудовик ауылдарында ашылады. Ал Масанчи ауылында ашылған трахомотоздық диспансер 1968 жылға дейін жұмыс істеді. Краснодар мединститутының түлегі Е. Пилюгина өзінің дәрігер-окулист ретіндегі еңбек жолын осы Қордай ауданында бастаған.

1956 жылы Қордайда туберкулезға қарсы диспансер ашылып, оған бас дәрігер Е. Журбина басшылық етеді. 1958 жылы диспансерге жұмысқа Краснодар медициналық институтының түлегі дәрігер-фтизиатр Е. Сатушева келеді. Ол осы аурухананы 40 басқарды. Врач-фтизиатр П. Гейдебрехт 1956 жылдан 1976 жылға дейін 20 жыл жұмыс істеген. Сол 1956 жылы Қордай АОА бірінші клиника-диагностикалық зертхана ашылады.

Қордай ауданына алғашқы стоматологтар Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін келген. Олар ерлі-зайыпты П. Тюрин мен Л. Тюрина. Осыдан кейін ауданда стоматология қызметі дами бастайды. Стоматологиялық кабинет, одан кейін тіс протезі кабинеті ашылады. Онда алғашқы дәрігер-ортопед Ф. Ке-оглу жұмыс істеген.

Кеңес заманында шеткері аймақтардың медициналық кадрлары өзге өңірлердің, тіпті астаналық тар бейінді мамандармен нығайтылып отыратын. 1958 жылдан 1964 жылға дейін Қордай Ленинградтан, Харьковтен, Киевтен, Краснодардан, Солтүстік Осетиядан келген 15 дәрігермен толықтырылды. АОА жаңа бөлімшелер ашыла бастады.

Осылайша 1956 жылы майдангер дәрігер Ф. Степановтың басшылығымен инфекциялық бөлім ашылады. Ұлы Отан соғысын басынан аяғына дейін өткен дәрігер керемет диагност болатын. Бертінде ол ұзақ жылдар Қордай АОА бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет етті. Жұмыс өтілі 40 жылды құрады.

Дәл осы тұста АОА дәрігер Н. Малащенко келеді. Ол да майдангер болатын. Ол әрі невропатолог, әрі патологоанатом және сот медициналық сарапшысы болып жұмыс істеді. Еңбекқор тынымсыз жан 30 жыл абыройлы еңбек етті.

Тәуелсіздік жылдары Қордай АОА өңірдің ірі медициналық орталығы ретінде өзінің даму жолын жалғастырды. 1994 жылы 100 төсектік жаңа перзентхана корпусы пайдалануға берілді. Екі жылдан кейін осы ғимараттың жартысына 50 төсектік хирургиялық бөлім көшірілді, ал перзаентханада 50 төсек-орын қалды.

Бүгінде Қордай аудандық орталық аурухана – Жамбыл облысындағы аса ірі аудандық ауруханалардың бірі. Оны бас дәрігер Зәуреш Қадырбекова басқарады.

Жамбыл облысының ең қарқынды дамып келе жатқан аймағындағы бұл медициналық мекеме заманауи жоғарытехнологиялық медициналық құралдармен жабдықталған.

«Мұнда пациенттерге диагностикалық және стационарлық көмек көрсетіледі. Ауруханамыздың медициналық персоналы өздерінің кәсіби біліктіліктерін жүйелі түрде көтеріп отырады. Дәрігерлеріміз бен мейірбикелеріміз Қазақстанның ірі медициналық орталықтары мен ғылыми-зерттеу институттарында кәсіби тұрғыдан үздіксіз өсулеріне игі ықпал ететін өндірістік тәжірибеден өтуде» , – дейді бас дәрігер Зауреш Қадырбекова.

Қордай аудандық орталық ауруханада қандай бөлімдер бар:

– терапия

– балалар терапиясы

– инфекциялық бөлім

– әйелдер кеңесі

– балалар кеңесі

– перзентхана

– реанимация

– хирургия

– УЗИ

– ФГДС

– физиотерапия

– функционалдық диагностика

– зертхана

– рентгенография

Об авторе: Айгерим Ахметова


Leave a Reply

© 2024 Эк-Спорт

Яндекс.Метрика