вторник, 8 октября 2024   Подписка на обновления  RSS  Реклама на сайте
Популярно
7:05, 07 May 2022

Бізді ешкім білмейді, өйткені біз қашанда бетпердемен жүреміз – Қордайлық ота мейірбикесі


Марина Владимировна Яковлева Қордай ауданы Қордай ауылындағы Аудандық орталық ауруханада 30 жыл еңбек етіп келеді.Бізді ешкім білмейді, өйткені біз қашанда бетпердемен жүреміз – Қордайлық ота мейірбикесі

48 жастағы Марина Яковлева Жамбыл облысының тумасы. Қордай ауданының Қордай ауылында дүниеге келген. 20 жасында көршілес Қырғызстанда Тоқмақ медициналық училищесін «Фельдшер» мамандығы бойынша бітірді. Оның еңбек кітапшасында «Қордай аудандық орталық ауруханасына 1994 жылы жұмысқа қабылданды» деген бір ғана жазу бар.

Ол жұмысты хирургия бөлімінде мейірбике болып бастады, ал 1999 жылы маусым айында оны Қордай АОА хирургия бөліміне ота блогының мейірбикесі қызметіне ауыстырады. Ол жол-көлік апатынан зардап шеккендер, тұрмыстық, басқа да жарақаттар алғандар, сондай-ақ шұғыл хирургиялық ота қажет ететін барлық пациенттер түсетін аса күрделі бөлім, «алдыңғы шеп» болатын.

«Менің мінезім сондай, әр адам үшін уайымдаймын, байыз таба алмаймын, – дейді Марина Яковлева телефон арқылы. – Әсіресе жас кезімде пациент қайтыс болғанда қиналатынмын. Бізге жол-көлік апатынан кейін барлық ауыр халдегілерді әкеледі ғой. Соңғы кездері жұмыс өте көп. Біздің Қордайда қауіпті жол учаскелері, асу бар, жол-көлік апаттары жиі болып тұрады, барлық зардап шеккендерді бізге әкеледі. Қазір жұмыс ауқымы үлкен, түскі асқа он-ақ минут уақыт бөлеміз де, қайтадан операцияға кіреміз. Таң атқаннан кешке дейін, күндіз-түні ота жасаймыз. Сіздің жолыңыз болды, әдетте телефонды көтермеймін».

Марина Владимировна тәулігіне 9 – 10 операцияға дейін жасалатынын айтады. Гинекологиялық, стоматологиялық күрделі оталар да болады екен.
«Күніне үш – төрт кесарь тілігін жасаймыз. Неге екенін, кейінгі кездері бізге ота столына әйелдер көптеп түсуде. Өкініштісі – бізді ешкім білмейді. Өйткені біз қашанда медициналық бетпердемен жүреміз. Жүзімізді ешкім танымайды. Ал біз әр адам үшін уайымдаймыз ғой. Жұмыстан кейін үйге келе жатып мына жағдайда не істеуге болар еді, ана жағдайда ше… деп ойлайсың», – дейді мейірбике.

Марина Яковлеваның 24 жастағы ұлы – мұнай-газ саласының маманы. «Мединститутқа барғысы келмеді, – дейді анасы. – Жасөспірім кезінде достарымен шомылып жүргенде суға секіремін деп темір қаданың үстіне түсіп, біздің операция столынан бірақ шыққан болатын. Содан кейін «мама, бұл менікі емес екен», деді. Сөйтіп мұнай саласын таңдады. Ал мен оның дәрігер болғанын қатты қалаған едім…».

Өзінің қажырлы еңбегі үшін Марина Владимировна Яковлева аудан әкімінің және «Нұр Отан» партиясының Грамоталарымен наградталған.

Об авторе: Айгерим Ахметова


Leave a Reply

© 2024 Эк-Спорт

Яндекс.Метрика