Жамбыл облысының 100 жаңа есімі
Қазақстан жасөспірімдер құрамасының ойыншысы Еркебұлан Сейдахмет ресейлік «Уфа» клубымен кәсіби келісімшартқа қол қойды. 18 жастағы талантты бала өзін Мәскеудегі Гранаткин мемориалының былтырғы турнирінде көрсетті. Содан бері ойыншыны ондаған клуб қолға түсіруге тырысып келеді.
Тараз футболының шәкірті Еркебұлан Сейдахметтің ойынын көргендер оның айрықша талантты екенін растайды. Ол Мәскеудегі турнирдің ең үздік бомбардирі болды, ол соққан голдардың арқасында Қазақстан командасы, турнирге Еуропа мен Азиядан 16 құрама қатысқанына қарамастан, финалға жетті. Оның барлық голы тәнті қылады – өйткені, кез келгені әдемі стильде орындалған. Қазақстандықтың әр бес голының біреуін, тіпті, шедевр деп атауға болады.
Допты алаң ортасында қағып алған Еркебұлан қарсыластардың айып алаңына дейін жетіп, бірнеше қорғаушыны әдемі алдап өтіп, содан кейін ала допты тор ішіне топ еткізді. Керемет көрініс!
Өкінішке қарай, көптеген жанкүйер үшін ойыншының басқа әрекеттері көрінбей қалды. Өйткені, бейнетаспаларға тек голдық сәттер ғана түсіріледі. Ал, оның ойын барысындағы басқа әрекеттері де жоғары бағаға лайық. Мысалға, тараздық футболшы көп қадамды шабуылдың түйінінде тамаша пастар берді, өзін диспетчер ретінде танытып, бірнеше рет тамаша дриблинг көрсетті.
Түптің түбінде ойыншыға санкт-петерборлық «Зенит» назар аударып, Еркебұланды жастар құрамасына шақырды. Онда да біздің тәрбиеленушіміз сасқалақтаған жоқ, бірнеше турнирде тағы да топырлатып гол соқты, сонымен қатар бірқатар голдық пастар жасады. Әсіресе, американдық «Union Athletic» клубымен матчта қол жеткізген жетістігі айрықша әсер қалдырды. Бұл ойында Сейдахмет бір таймда төрт гол соғып, орыстарды әсерлі жеңіспен қамтамасыз етті.
Осыдан кейін ресейлік баспасөзде қазақстандыққа Ресей азаматтығын беру туралы мәселе сөз бола бастады. Тараздық ойыншыға бірқатар еуропалық клуб та қызығушылық танытты. Дегенмен, Еркебұлан 2017 жылы өзінің туған қаласында қалды және бүкіл маусымда «Тараз» үшін ойнады.
– Кәмелет жасына дейін шетелдік клубпен кәсіби келісім-шарт жасасуға тыйым салатын ФИФА ережесі болмағанда Еркебұлан, әрине, «Зениттің» құрамында тұрақтап қалар еді, – дейді «Тараз» ФК президенті Махамбет Дүйсембаев. – Ол біздің футболдың түлегі, сондықтан, біз оны үйде тәжірибе жинақтау қажеттігіне сендіре алдық. Оның үстіне, ересектер футболына көшу, жас ойыншының психологиясын ескере отырып, бірте-бірте жүзеге асырылуы тиіс. Тәжірибелі жаттықтырушы Ваит Талғаевтың жетекшілігімен бұл үдеріс ауыртпалықсыз өтті.
Әрине, ешкім Еркебұланға шеберлер командасында тұрақты орны болатынына кепілдік берген жоқ, өзінің дарынын дәлелдеу қажет болды. Бірақ, ол әрдайым старттық құрамда болмаса да алаңға тұрақты түрде шығып, чемпионатта тамаша екі голымен көзге түсті!
Мысалы, турнир кестесіндегі көшбасшылардың бірі – павлодарлық «Ертіс» командасымен ойында тараздықтар қиын, бірақ, еңбекпен келген жеңіске қол жеткізді – 2:0. Екінші голды 25-ші минутта біздің форвардымыз қақпаға Месси стилінде салды. Осы сәтте Еркебұланның не істегенін көрген жөн! Қарсыластар қақпасына арқасын беріп тұрған ол допты қабылдап алып, оны асқан шеберлікпен қонақтардың қорғаушысынан асырып жіберді де Лориямен бетпе бет кездесу үшін зымырай жөнелді. Жартылай қорғаушы голкиперге жақындап келіп, допты қақырата теуіп, қайтару қиын соққы жасады. 17 жасар тараздықтың бұл шедевр деуге болатын голы жанкүйерлер жүрегін жаулап алды. «Эк-Спорт» («Экономика-Спорт») ақпараттық-талдамалық порталының пікірінше, ол турдың ең әдемі голын салды.
«Тараздың» көтеріліп келе жатқан жұлдызы бұған дейін әріптесіне голдық доп беріп, содан кейін Бақтияр Зайнутдиновтың есеп ашқанын айта кету керек.
Мамандар оның таланты Ресейде, ересектер командасында да ашылатынына, сөйтіп, жаңа командаға үлкен пайда әкелетініне сенімді.
Сәттілік тілейміз саған, Еркебұлан!