Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Жамбыл ауданында болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ec-sport.kz.
Өңір басшысы әлеуметтік және өнеркәсіптік нысандардың жұмысымен танысып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азық-түлік бағасын тұрақтандыру, халықтың әлеуметтік мәселелерін шешу бойынша тапсырмалардың қалай орындалатынын тексерді, деп хабарлады Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жамбыл ауданында Бердібек Сапарбаев “Fruit linе” ЖШС-да болды, онда көлемді көкөніс қоймалары бар, сондай-ақ 18 гектарға Шие бағы салынды.
Серіктестік директоры Көшкінбай Құлманбетов атап өткендей, қазіргі уақытта кәсіпорын қоймаларында 1 300 тонна алма сақталуда, олар Жамбыл, Жуалы және Рысқұлов аудандарынан жеткізілді. Облыс әкімі кәсіпкерге өз өнімдерін тұрақты түрде сақтауға жеткізу үшін ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен тығыз жұмыс жасауды тапсырды. Өйткені, халықтың азық-түлік қауіпсіздігі көбінесе фермерлердің қоймалармен қамтамасыз етілуіне байланысты.
Содан кейін аймақ басшысы Жамбыл ауданының Жалпақ төбе ауылында орналасқан “Шәріпов” шаруа қожалығына барды. Бүгінгі таңда бұл шаруашылық 35 жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
Шаруашылық басшысы Тимур Шәріповтың айтуынша, қоймаларда 2,5 мың тонна пияз, 1,5 тонна сәбіз сақталуда. Биыл фермерлер жақсы өнім жинады-630 тонна сәбіз, 7 500 тонна пияз, 1 200 тонна картоп, 8 мың тонна қант қызылшасы.
Бердібек Сапарбаев Қызылқайнар ауылдық округіндегі жолдардың жай-күйімен, су құбыры құрылысының барысымен, жаңа тұрғын алабына инженерлік желілер жүргізумен және дәрігерлік амбулаторияның жұмысымен танысты.
Дәрігерлік амбулаторияның аға дәрігері Орынкүл Макмутова 2013 жылы пайдалануға берілген ғимарат апатты жағдайда екенін айтты. Облыс әкімі 2022 жылы ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізуді тапсырды.
Өңір басшысы Қызылқайнар ауылының тұрғындарымен кездесіп, олардың сұрақтарына жауап берді.
Облыс әкімі келесі жылы дәрігерлік амбулатория ғимараты жөнделіп, жолдар ретке келтіріліп, 222 тұрғынға жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдері берілетінін айтты.
Бердібек Сапарбаев әңгіме соңында оларды бірлік пен ынтымаққа шақырды, деп атап өтті аймақ басшысының баспасөз қызметі.