суббота, 27 апреля 2024   Подписка на обновления  RSS  Реклама на сайте
Популярно
12:13, 14 May 2023

Ел патриоттары болу


Жамбыл облысында патриотизмді, ұлттық рух пен мәдениетті дамытуға бағытталған тыңғылықты жұмыстар атқарылуда, деп жазады «Эк-спорт» АА. Ол жұмыстар негізінен жастарды, соның ішінде полицияның профилактикалық есебінде тұратын жасөспірімдерді, сондай-ақ қылмыс пен құқықбұзушылықтарға бейім бейресми көшбасшыларды қамтиды.Ел патриоттары болуЕл азаматтарының бойында патриоттық сезімді қалыптастыру жұмыстарына көптеген мемлекеттік органдар тартылған, дегенмен басты рөл дәстүрлі түрде құқық қорғау органдарына тиесілі. Олар науқанның мақсаттары мен міндеттерін үгіт жұмыстарын және кең ауқымды іс-шаралар жүргізу арқылы орындайды. Мысалы Халық қаһарманы полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың ерлігі негізінде мектеп оқушыларына, ЖОО және колледж студенттеріне сол бір қайғылы күндердің оқиғаларына арналған бейнетаспалар көрсетіледі.

Сонымен қатар жақында Таразда, «Жайлау» ықшам ауданындағы №3 үйдің қабырғасында халық батырының бейнесі салынған мурал пайда болды. Тараз қаласының әкімдігі облыс полиция департаменті басшылығының бастамасына қолдау білдірді. Полиция капитанының портретін жұмыстары бүгінде басқа да ғимараттардың қабырғасына әр беріп тұрған жас суретшілер салды. Үйдің қабырғасындағы батыр бейнесі енді өскелең ұрпаққа бейбіт тұрғындардың өмірін құтқарып қалу үшін өз өмірін құрбан еткен Ғазиз Байтасовтың ерлігін еске салып тұратын болады.

— Ол ерлікке қашанда орын бар екенін дәлелдеді. Жамбылдықтар Ғазиз Байтасовтың ерлігін ешқашан есінен шығармайды, ал ҚР ішкі істер органының қызметкерлері үшін ол өз өмірін құрбан етудің және жауынгерлік айбынның үлгісі болып табылады, — дейді облыс полиция департаментінің өкілі Гүлсара Мұхтарқұлова.

Еске сала кетейік, 2011 жылы 12 қарашада Таразда жихадтық қозғалыс өкілі жасаған қылмыстың салдарынан жеті адам, соның ішінде құқық қорғау органдарының бес қызметкері және екі бейбіт тұрғын қаза тауып, ішкі істер органдарының үш қызметкері жараланған болатын. Бірақ жол полициясы жеке батальонының бірінші взводының командирі Ғазиз Байтасов өз өмірін құрбан етіп, қылмыскердің жолын кесті. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Отан алдындағы айрықше еңбегі, қызметтік міндетін атқару кезіндегі ерлігі мен қаһармандығы үшін Байтасов Ғазиз Әбдібекұлына Халық қаһарманы (қайтыс болғаннан кейін) атағы берілді.

Сондай-ақ батырдың құрметіне оның туған жері Байзақ ауданының Түймекент ауылындағы өзі оқыған мектепке есімі берілді. Аудан орталығы Сарыкемер ауылындағы Даңқ Аллеясында мемориалдық тақта орнатылған. Батырдың жеке заттары қойылған Полиция музейіне ішкі істер органдарының ардагерлері, қызметкерлері, әскери қызметшілер, ЖОО және колледж студенттері, оқушылар, Жамбыл облысының қонақтары келіп тұрады.

Дегенмен өз халқына адал қызмет етудің үлгісі бола алатын басқа да батырлар бар.

Мысалы жақында полиция өкілдері мен құқық қорғау органдарының ардагерлері қызметтік міндетін атқару барысында ерлікпен қаза тапқан полиция капитаны Рахат Сланбековтың отбасында болды. Полиция Департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Арманбек Баймурзиннің және Жамбыл облыстық ардагерлер ұйымының бастамасымен батырдың анасы Ұлбосын Жапароваға ҚР ІІМ-нің Сарыағаш қаласындағы «Арман» сауықтыру шипажайына жолдама табыс етілді.

— Қызметкерлеріміздің ерліктері бүгінгі полиция қызметкерлері үшін әрдайым патриотизмнің және жанкештілікпен қызмет етудің үлгісі болып табылады. Біз азаматтардың қауіпсіздігі үшін ең қымбат нәрселерін — өз өмірлерін құрбан еткендерді ешқашан ұмытпаймыз. Біздің жадымызда олар нағыз батырлар ретінде сақталып қалады, — деді ішкі істер органдары ардагерлері кеңесінің төрағасы, отставкадағы полиция полковнигі Тұрдалы Шералин.

Ұлбосын Көпбосынқызы полиция қызметкерлеріне көрсеткен қамқорлықтары үшін ризашылығын білдіріп, полиция департаментінің басшылығына қаза тапқан полиция қызметкерлерінің отбасы мүшелерін назардан тыс қалдырмайтыны үшін алғыс айтты.

Бүгінгі жастар арасында құқық қорғау органдарына қызметке тұрғысы келетіндердің көп екенін айту керек. Бұл орайда көбінесе олар элитті бөлімшелерде қызмет етуді армандайды. Жақында Тараз ҚР Ұлттық гвардиясының арнаулы мақсаттағы бөлімшесі болып табылатын «Бүркіт» спецназы құрылды. Ол төтенше жағдайлар кезінде жауынгерлік міндеттерді орындауға, террористік актілердің жолын кесуге, азаматтардың, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, азаматтардың құқы мен бостандығын қылмыстық және басқа да құқыққа қарсы әрекеттерден қорғауға бағытталған.

Жақында аталған топ салтанатты жағдайда пайдалануға берілген жаңа ғимаратқа орналасты. Іс-шараны ашқан облыс әкімі Нұржан Нұржігітов жауынгерлеріміздің патриоттық рухын атап көрсетті. Олардың ел өмірінде атқаратын рөлі айрықша.

— Әлемдегі қазіргі жағдайға байланысты, Қазақстан Республикасының Әскери доктринасына сәйкес әскерлерімізге жаңа міндеттер қойылып отыр. Осыған орай әскеріміздің жауынгерлік дайындығын жақсарту мақсатында ұйымдық-штаттық құрылымы жетілдірілуде. Құрылып отырған арнаулы мақсаттағы «Бүркіт» бөлімшесі төтенше жағдайлар кезінде жауынгерлік міндеттерді орындауға арналған. Ұлттық гвардия біртұтас жауынгерлік күш ретінде еліміздің тыныштығын күзетуі тиіс. Бейбітшілікті қамтамасыз ету — үлкен құрмет, жауапкершілік және парыз, — деді облыс әкімі.

Төрт қабатты казарма Қазақстан Республикасы Ұлттық гвардиясының 5513 әскери бөлімінің жеке атқыштар батальоны аумағында орналасқан. Жергілікті биліктің қолдауымен 1979 жылы салынған ғимарат күрделі жөндеуден өткізілді. Құрылыс жұмыстарына жергілікті бюджеттен 269,2 млн. теңге бөлінді. Мердігер – «Райша-3» ЖШС.
Құқық қорғау саласындағы қызметті насихаттау да патриоттық сезімнің артуына игі ықпал ететіні анық. Бұл орайда бұқаралық ақпарат құралдарында патриотизм және жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу тақырыптарында барлығы 159 мақала мен бейнесюжет жарияланған. 516 лекция оқылып, 48 «дөңгелек үстел» ұйымдстырылған.

— Полиция қызметкерлері білім беру органдарымен бірлесіп, тұрақты негізде жағдайға талдау жасап отырады. Біз балалардың бетімен кетуіне негізінен отбасы тарапынан қадағалаудың болмауы себеп болуда деп есептейміз. Ендеше, патриоттық сезімді арттыруға, балалардың тәрбиесіне құқық қорғау органдары ғана емес, тұтас қоғам атсалысқанда ғана қол жеткізуге болады. Ұлттық сана-сезімді қалыптастыруға бірлесіп күресуіміз қажет, — дейді Г. Мұхтарқұлова.

Облыс әкімдігінің хабарлауынша, жыл сайын аймағымызда рухани-адамгершілік, әскери-патриоттық бағыттағы 10 мыңнан астам іс-шара өткізілуде. Оларға 200 мыңнан астам жас тартылған. Мемлекеттік жастар саясатын дамыту бойынша «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасы және жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге, рухани-ізгілікті құндылықтармен сусындатуға, жұмыссыздықты жоюға, қықықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған бірлескен кешенді жоспар қолға алынған. Бұл шаралар ұлттық сана-сезімді нығайтуға, қоғамды біріктіруге міндетті түрде ықпал ететін болады.

Об авторе: Жанна Сулеймани


Leave a Reply

© 2024 Эк-Спорт

Яндекс.Метрика