пятница, 19 апреля 2024   Подписка на обновления  RSS  Реклама на сайте
Популярно
17:13, 05 November 2022

“Бір ауыл — бір жоба” — меркендер қандай қолдау алады?


Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов “Бір ауыл – бір жоба” жобасы аясында Меркі ауданындағы ауыл шаруашылығының жұмысын тексерді, деп хабарлайды портал ec-sport.kz

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің Меркі ауданындағы жұмыс сапары Жамбыл ауылдық округіндегі «Қуан и Д» шаруа қожалығының қант қызылшасы алқабымен танысудан басталды.

Шаруашылық биыл 50 гектар аумаққа тәтті түбір отырғызған. Ұңғымалар қазып, сол арқылы суару жұмыстарын жүргізуде. Аймақ басшысы қант қызылшасына бөлінетін субсидия көлемінің артып отырғанын айтып, алқап көлемін ұлғайта түсу керектігін жеткізді.

Бұдан соң аймақ басшысы Жамбыл ауылдық округінде орналасқан «Жеміс-жидек» және Меркі ауылдық округінде орналасқан «ECO MERKE» шаруа қожалықтарының құлпынай алқабына барды. Біріншісі 10 гектарға, екіншісі 5 гектарға құлпынай отырғызған.

«Жеміс-жидек» ШҚ ағымдағы жылы 10 гектар алқапқа тамшылатып суару жүйесі арқылы құлпынайдың Альбион тұқымын еккен. Сондай-ақ, тағы 10 гектарға таңқурай отырғызуды жоспарлауда.

Қожалық бұл жұмыстарды жүргізу үшін өз қаражаты есебінен 90 миллион теңге инвестиция салған.

Ал, бес гектар алқапта құлпынай өсіруді қолға алған «ECO MERKE» ШҚ тұқым түрлерін Италия мен Испаниядан жеткізген.

Облыс әкімі «Бір ауыл-бір жоба» бойынша жұмыстарды жалғастырып, алқап көлемін арттыруды тапсырды. Ол үшін мемлекет, жергілікті билік тарапынан барлық тиісті қолдаулар көрсетілетінін атап өтті.

Ақарал ауылындағы «Гүлдер» ШҚ көкөніс, жеміс-жидек сақтайтын қоймасы арнайы мұздатқышпен жабдықталған. Мұнда жылына 1100 тонна өнім сақтауға болады. Құрылысы өткен жылы басталған қойманың барлық жұмыстары бүгінде толығымен аяқталған. Қазіргі таңда қыстық алмалар сақтауға қойылуда.

Аймақ басшысы қойма жұмысын оң бағалап, өңірдегі алма өсірушілерді бір кооперативке біріктірудің маңыздылығын атап өтті. Ол өз кезегінде өнімнің сапасын бақылауда ұстауға, өткеруде тиімді болмақ.

Келесі кезекте Нұржан Нұржігітов осы ауылдық округтегі №5 орта мектеп-гимназиясы мен Ойтал ауылындағы мәдениет үйінің құрылыс жұмыстарын тексерді. Облыс әкімі жауаптыларға құрылыстардың сапалы жүруін әрі белгіленген мерзімде аяқталуын қатаң бақылауда ұстауды міндеттеді.

Аудандағы «Меркі қант зауыты» бүгінде өз жұмысын жүйелі түрде жалғастыруда. Қазіргі таңда шаруалар 80 мың тоннадан астам қант қызылшасын өткізіп үлгерген.

Аймақ басшысы алдағы жылдары облыстағы қант қызылшасы алқабын айтарлықтай арттырып, зауыттың толық жүктемесінде жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажеттігін баса айтты.

Ақермен ауылдық округі облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру бойынша пилоттық жобаға еніп отырған аудандағы екінші округ болып табылады. Бүгінгі таңда құжаттарды дайындау, өтінімдерді қабылдау шаралары ұйымдастырылуда. Алдын-ала жүргізілген есептеулер бойынша жобаның бірінші бағытына сәйкес 310 аула, екінші бағыт бойынша 137 аула қамтылады деп көзделуде.

Жалпы, жоба аясында 145 жаңа жеке кәсіпкер өз ісін бастап, әр отбасының орташа табысы 4,2 пайызға артады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, 27 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Нұржан Нұржігітов құжаттарды дайындауда тұрғындарға барынша көмек көрсетуді тапсырды. Сонымен қатар, ауылдағы әлеуметтік мәселелерді де қатар кешенді түрде шешудің маңыздылығын атап өтті.

Бұл орайда ауылдық округ әкімі мен аудан басшылығына артылатын жауапкершіліктің маңызы зор.

Об авторе: Венера Ахметжанова


Leave a Reply

© 2024 Эк-Спорт

Яндекс.Метрика