пятница, 26 апреля 2024   Подписка на обновления  RSS  Реклама на сайте
Популярно
15:22, 02 September 2021

Жамбыл облысы Жамбыл ауданы халқының 69 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген


Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапары барысында Жамбыл ауданының Шоқай ауылындағы сумен жабдықтау жүйесінің жұмысымен танысты, деп хабарлады ec-sport.kz тілшісі.

Ауыл тұрғындары бұл оқиғаны ұзақ жылдардан бері күтіп келген еді.

Өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында Шоқай ауылында ауызсу құбырының құрылысын «Болат-Д» ЖШС-ы жүзеге асырды. Енді 800 тұрғын тұратын 160 аула сапалы ауызсу пайдаланатын болады. Сумен жабдықтау желісінің ұзындығы шамамен 15 километрді құрайды.

«Шоқайлықтардың көптен күткен армандары орындалды, — дейді жергілікті тұрғын Исмаил Ходжамуров. — Біз ауылымыздың жыл өткен сайын жаңғырып, жаңа нысандар салынып жатқанына қуаныштымыз. Мысалы биыл ауыл клубы салынды, «Жомарт түлек» жобасы бойынша ауылдың кіреберісінде арка орнатылды. Жақын арада мектеп құрылысы басталады».

Бүгінгі таңда Жамбыл ауданының 42 елді мекенінің 30-ы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген. 2020 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Жасөркен, Қызылқайнар, Ақбұлым, Бәйтерек, Қаратау ауылдары ауызсумен қамтамасыз етілді.

2020 жылдың қорытындысы бойынша ауылдық елді мекендердің орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілу көрсеткіші 69 пайызды құрады. Ағымдағы жылы бұл көрсеткішті 71,4 пайызға жеткізу жоспарланып отыр, деп хабарлады Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жамбыл ауданы — облыс орталығы Тараз қаласына ең жақын өңірдің бірі. Аудан аумағы 4,3 мың шаршы шақырымды құрайды. Халық саны — жүз мың адамға жуық.

Мұнда май және нан зауыттары, жеміс-жидектер мен жүзім өңдейтін цехтар, құрылыс және көлік кәсіпорындары, құрылыс материалдары өндірістері бар. Астық, техникалық, көкөніс дақылдары егіледі. Ірі қара мал, қой және ешкі, жылқы өсіріледі. Аудан аумағы арқылы Шымкент — Тараз, Тараз — Қаратау – Жаңатас темір жолдары, Шымкент — Тараз, Тараз — Ақкөл – Саудакент автомагистральдары өтеді.

Об авторе: Венера Ахметжанова


Leave a Reply

© 2024 Эк-Спорт

Яндекс.Метрика