пятница, 26 апреля 2024   Подписка на обновления  RSS  Реклама на сайте
Популярно
9:44, 25 July 2021

Қырғызстанға гуманитарлық көмек ретінде қазақстандық “QAZVac” вакцинасының 25 мың дозасы жіберілді


Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровпен жүргізілген келіссөздердің қорытындысы бойынша ҚР Үкіметі көрші елге қазақстандық вакцинаны жеткізуді ұйымдастырды, деп хабарлады ec-sport.kz порталы.

Пандемияға қарсы күрестегі ынтымақтастық аясында Қырғызстанға COVID-19 инфекциясына қарсы қазақстандық «QazVac» белсенділігі жойылған вакцинасының 25 мың дозасы жіберіліп отыр.

Қазақстанның гуманитарлық көмегін тапсыру рәсімі Қырғыз Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Алымқадыр Бейшеналиеваның және Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рәпіл Жошыбаевтың қатысуымен «Қордай» – «Ақжол» өткізу пунктінде өтті.

Жүк Қордай ауданының Гвардейский ауылындағы Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгi Ғылым комитетiнiң Биологиялық қауiпсiздiк проблемалары ғылыми-зерттеу институтынан жөнелтілді.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылы мұнда COVID-19-ға қарсы QazVac отандық вакцинасын шығаратын биофармацевтика зауытының құрылысы басталған болатын. Зауыт иммунобиологиялық препараттарды тиісті өндірістік практиканың халықаралық стандарты (GMP) бойынша өндіруді мақсат етіп отыр. Сондай-ақ зауыт пандемиялық тұмауға, туберкулезге, бруцеллезге, нодулярлық дерматитке, күйісті ұсақ мал обасына, қой мен ешкінің контагиозды эктимасына, сулықтардың шешегіне, құтыруға және басқа да жұқпалы ауруларға қарсы вакциналар шығарады. Кәсіпорынның жоспарлы қуаты – жылына 60 млн. дозаға дейін биофарм препараттарын шығару. Ғылыми-зерттеу институты Кеден одағының тізіліміне шетелдерге вакцина жеткізуші ретінде енгізілген, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше мемлекеттердің вакцина өндірушілер тобына кіреді.
Айта кету керек, QazVac – ҚР Білім және ғылым министрлігінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты әзірлеген вакцина. 2021 жылдың басынан бері ресейлік және қытайлық мамандар әзірлеген препараттармен қатар қазақстандықтарды вакциналау үшін кеңінен қолданылуда. Клиникалық зерттеулер және Қазақстанда кеңінен қолдану тәжірибесі QazVac вакцинасының қауіпсіздігі мен оның коронавирус инфекциясын және оның ауыр түрлерін жұқтырудың алдын алудағы жоғары (90%-дан астам) пәрменділігін көрсетті. QazVac вакцинациясын 18 және одан жоғары жастағы адамдарға егу ұсынылады, бұлшық етке екі кезеңде енгізіледі, ұсынылатын кезеңдер аралығы 21 күнді құрайды.

Об авторе: Венера Ахметжанова


Leave a Reply

© 2024 Эк-Спорт

Яндекс.Метрика