среда, 24 апреля 2024   Подписка на обновления  RSS  Реклама на сайте
Популярно
23:22, 19 July 2022

Тараз көшелерін жөндеу: тұрғындардың пікірі ескеріледі


Облыс орталығының көптеген автокөлік жолдары жөндеуді және жаңғыртуды қажет етеді. Автокөлік ағынының артуына байланысты қалалық магистральдарға жүктеме бүгінде шамадан тыс артып отыр, тіпті, соңғы жылдары тараздықтар “кептелістің” не екенін білді, деп хабарлайды ec-sport.kz порталы.

Бүгінде билік тарапынан мәселені шешу жолдары қарастырылуда. Мысалы облыс басшылығының бастамасымен Мәмбет батыр және Ташкент көшелері қайта жаңартылмақ. Бұл трассалар қаланың орталық аудандары мен ірі сауда нүктелерін байланыстырып, негізгі көлік жүктемесін өзіне алатын болады. Бұл орайда қала тұрғындары бұл көшелерді қайта құру мәселесін бірнеше рет көтергенін айта кету керек.

Ташкент көшесіндегі құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізетін мердігер ұйым -“АрайстройGROUP”компаниясы. Ұзындығы 4,49 км жол телімін реконструкциялау жобасының құны 772,5 млн теңгені құрайды. Нысанның техникалық қадағалауына “Бірлік Сапа” ЖШС жауап береді.

Сондай-ақ, биыл Мәмбет батыр көшесінің ұзындығы 4,96 км және құны 993,5 млн теңге болатын жол учаскесін реконструкциялаудың жобасы әзірленіп, жобаны іске асыру бойынша жұмыстар басталды. Техникалық қадағалауға жауапты – “Таразтехнопроект” ЖШС. Көшелерді қайта жаңарту жөніндегі бұл екі жобаға авторлық қадағалауды “Нұр Асад” ЖШС жүзеге асырады.

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қаланы аралап, Ташкент көшесіндегі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Тараз қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі атап өткендей, өңір басшысы өзінің қоғамдық қабылдауы барысында айтылған жұртшылықтың пікірін ескере отырып, жөндеу жұмыстары жоспарына бірнеше түзету енгізді. Құрылысқа жауапты мамандар облыс әкімінің ұсыныстарын ескерді.

Ведомствода атап өткендей, облыс орталығындағы көшелерді қалпына келтірумен қатар жолдарды орташа жөндеу де жоспарланған. Жалпы Тараздағы 45 көше жөнделмек.

Қазіргі кезде орташа жөндеуден өткізілуі тиіс ұзындығы 95 км және жалпы құны 2,4 млрд теңге болатын көшелерді қайта құрудың 45 жобасы бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп жатыр. Қазірдің өзінде 28 нысанда мердігер анықталып, 12 жолда жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Тараз қаласының әкімдігі облыс орталығын абаттандыру барысында басты қағидасы азаматтардың мүддесі үшін жұмыс жасау болып табылатын “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасы аясында облыс орталығы тұрғындарының пікірін міндетті түрде ескеретін болады, деп атап өтті ведомствода.

Басқарманың ақпараты бойынша, жолдарды жөндеу, көшелерді түнгі жарықтандыру, көппәтерлі тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру, суару жүйелерін, су құбыры және кәріз желілерін реконструкциялау бойынша үш жылдық жоспар әзірленіп, бекітілген. Жол төсемінің жағдайын анықтау үшін қала көшелеріне түгендеу жүргізіліп, нәтижесінде жол жөндеудің кезектілігін айқындайтын “Жол” жалпықалалық бағдарламасы әзірленіпті. Оған сәйкес бірінші кезекте бойында әлеуметтік маңызы бар білім беру және денсаулық сақтау нысандары орналасқан жолдар, көлік ағыны көп көшелер ескерілген. Бюджеттің мүмкіндіктеріне байланысты жұмыс көлемі 2023 жылға дейін бөлінген. Қаланың шалғай аудандарына ерекше көңіл бөлінетін болады – 2023 жылы “Барысхан” массиві мен Сахзавод аймағының көшелерін орташа жөндеу, 2024 жылдан бастап Құмшағал, Шөлдала, Қайнар массивтерінің көшелерін орташа жөндеу басталады.

Об авторе: Айгерим Ахметова


Leave a Reply

© 2024 Эк-Спорт

Яндекс.Метрика