вторник, 10 декабря 2024   Подписка на обновления  RSS  Реклама на сайте
Популярно
23:26, 19 July 2022

Тараздықтар орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етіледі


Соңғы жылдары Тараз қала маңындағы ауылдар мен саяжай массивтерін қосып, өз шекарасын едәуір кеңейтті. Қала әкімдігінің жұмысы көбейді – жаңа аумақтарда инфрақұрылымды түбегейлі жаңарту, халықты таза ауызсумен, жолдармен, жарықпен және қала өмірінің басқа да игіліктерімен қамтамасыз ету қажет. Осы қосылған аумақтарда су құбыры желілерін салу қажеттігі туралы қоғамдық қабылдау барысында да, қала және облыс басшылығына жүгіну кезінде де бірнеше рет айтылған болатын. Тұрғындардың бұл өтініші жоспарлау кезінде ескеріліп, инфрақұрылым нысандары “Қалалық массивтерді сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы” жобасына енгізілді, деп хабарлады ec-sport.kz порталы.

Қала әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, 2019 жылы Тектұрмас, Қарасай, Шөлдала, Құмшағал, Қызыл-абад, Казарма, Көлтоған, Жиделі шағын аудандарында, сондай-ақ 28 саяжай алабтарында су құбыры желісі құрылысының жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалды. Жобалаушы ұйым “Улмад” ЖШС-і Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімімен келісім жасасып, ЖСҚ дайындау бойынша жұмысты 17,5 млн теңгеге бағалады.

Мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысы бойынша әртүрлі учаскелер бойынша мердігерлер анықталды. Осылайша Құмшағал шағын ауданында мердігерлік жұмыстар “ТаразСтрой-2004” серіктестігіне сеніп тапсырылды. Тектұрмас, Казарма шағын аудандарында құрылыс “АрАй-НС компаниясы” ЖШС-іне, Қарасай алабында “Гарантсройгрупп” ЖШС-іне жүктелген.

Бүгінде Құмшағал, Тектұрмас және Қарасай тұрғын алабтарында су құбырлары тартылып, қазандықтар орнатылуда. Жұмыс 15%-ға орындалды. Тұрғындар ең өзекті мәселелердің бірі – ауызсумен жабдықтау мәселесінің шешілуін асыға күтуде.

– Атқарушы билік өкілдерімен кездесулерде біз, тұрғындар осы түйткілді мәселелерді бірнеше рет көтердік. Енді өтініштеріміздің назардан тыс қалмайтынын көріп отырмыз. Жергілікті билік су құбырын жүргізуге қаражат іздеуде. Жақын арада көшені жарықтандыру мәселесі де шешілетін болады, жолдардың жағдайы жақсарады. Бұл жайт бізді қуантып отыр, – дейді Тектұрмас алабының тұрғыны, еңбек ардагері Тамара Әбдіғалиева.

Естеріңізге сала кетейік, халық санының өсуіне байланысты Тараз өз шекарасын кеңейтіп, жақын маңдағы аудандардың аумағы есебінен ұлғайды. 2010 жылдың ақпан айында жаңа Бас жоспар бойынша қала аумағы 12 833 гектардан 18 787 гектарға дейін кеңейтілді.

Үкіметтің “Жамбыл облысының Тараз қаласының, Байзақ және Жамбыл аудандарының әкімшілік шекараларын өзгерту туралы” қаулысы бойынша Байзақ және Жамбыл аудандары жерлерінің бір бөлігі, алты ауыл (Құмшағал, Көлтоған, Қызылабад, Казарма, Шөлдала және Үшхоз), сондай-ақ 50 саяжай алабы, шаруа қожалықтарының жерлері және басқа да нысандар қала әкімдігінің бағынысына берілді.

Бүгінде бұл тұрғын алабтарды қалалық инфрақұрылымға кіріктіру бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Қала маңындағы шағын аудандар мен қала орталығын тұрақты автобус бағыттары байланыстырады.

Қала билігі жаңа тұрғын үй массивтерінде жеке тұрғын үй құрылысына жер телімдерін бөлу аймақ үшін маңызды мәселені шешуге, Тараз қаласының шекарасына енген жаңа аумақтарды дамытуға көмектеседі деп үміттенеді.

Об авторе: Айгерим Ахметова


Leave a Reply

© 2024 Эк-Спорт

Яндекс.Метрика