среда, 9 октября 2024   Подписка на обновления  RSS  Реклама на сайте
Популярно
19:33, 22 July 2021

Жамбыл облысының Қордай ауданында озық технологияларды қолдана отырып алтын өндіріледі


Жамбыл облысында жаңа тау-кен металлургия комбинатының құрылысы басталды, деп хабарлады ec-sport.kz порталының тілшісі.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Қордай ауданының Ноғайбай ауылында уақыт капсуласын салу рәсімі өтіп, «Monterra Qasaqstan» ЖШС-ының жаңа тау-кен металлургиялық зауытының құрылысы басталды.

Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылы Тараз қаласында өткен «Taraz Invest – AgroChemical Day» инвестициялық форумында Жамбыл облысының әкімдігі мен неміс компаниясы арасында тау-кен байыту комбинатын салу және алтын кенішін игеру туралы меморандумға қол қойылған болатын. «Monterra Qasaqstan» ЖШС-ы 2015 жылы құрылған, Monterra Group AG неміс инвестициялық компаниясының еншілес компаниясы болып табылады. 2016 жылы Қаратас-Майбұлақ алаңында алтын мен ілеспе компоненттерді барлау туралы келісімшарт жасалып, жер телімі бөлініп, геологиялық барлауға инвестиция салынды. Жоба Жамбыл облысының Индустрияландыру картасына енгізілген. Зауыттың жылдық қуаты Майбұлақ алтын кен орнында 5 тоннадан астам көлемде жобаланып, біртіндеп арттыру жоспарланған. Әлемдегі алтын өндірудің бірегей, жалғыз технологиясы алтынға қоса басқа да металдар бар Қордай ауданының кен орнындағы күрделіліктер үшін арнайы жасалған еді.

Уақыт капсуласын салу және құрылысты бастау салтанатына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Германия Федеративтік Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Тило Клиннер, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров, Германияның Орталық Азиядағы өкілдігінің басшысы Ховсеп Восканян, Monterra Qasaqstan AG басқармасының төрағасы Кристиан Граф фон Штрахвитц, Monterra Qasaqstan бас директоры Меруерт Данбаева қатысты.

Салтанатты рәсімді ашқан Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жоба өңірдің экономикалық, экологиялық және әлеуметтік дамуына септігін тигізетінін атап айтты. «Жоба аясында 2800-ден астам жұмыс орны ашылады, олар негізінен жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Бұл тек Қордай ауданының ғана емес, жалпы өңірдің де дамуына оң серпін беретіні сөзсіз. Сондай-ақ жас мамандарды даярлау бағдарламасы бойынша оқыту жүргізіледі», – деді аймақ басшысы.

«Біздің компанияның жұмысы тұрақты және Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастықтың сенімді көпірі болып табылады. Жобамыздың табысты дамуы Қазақстандағы қолайлы инвестициялық ахуалды тағы да растайды», – деп атап өтті Монтера Qasaqstan AG басқарма төрағасы Кристиан Граф фон Штрахвитц.

«Егер бұған дейін Қордай ауданында негізінен ауылшаруашылығы дамыған болса, қазір өңір индустрияландырудың жаңа кезеңін бастан кешіп жатыр. Тау-кен металлургия комбинаты экология мен сапаның ең қатаң стандарттарына сай болады. Және де, ең бастысы, ол елімізге инженерлер мен металлургтердің жаңа буынын береді. Біз жаңа біліктіліктерге ие жаңа ұрпақты өсіріп шығаруымыз қажет», – деді Бейбіт Атамқұлов өз сөзінде.

Салтанатты іс-шара барысында ағаш көшеттері отырғызылып, «Қаратас-Майбұлақ» алаңында тау-кен металлургия комбинатын салу және алтын кен орындарын игеру» жобасының тұсаукесері өтті.

Қордайда тау-кен металлургия комбинатын салу сабақтас салаларды дамытуға, жалпы өнімнің өсуіне және Жамбыл облысының тұрғындарын жұмыспен қамтуға мультипликативтік әсер береді.

«Monterra Qasaqstan» компаниясы аймақтың әлеуметтік өміріне белсене атсалысуда. Соңғы екі жылда 103,5 млн теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетті. Компания жобаға шамамен 6 млрд теңге инвестиция салды, ал 2021 жылдың соңына дейін бюджетке салық аударымдары 1 млрд теңгеден асатын болады, – деп атап өтті Меруерт Данбаева.

Жаңа комбинатта Доре алтын-күміс қорытпасы шығарылатын болады. Жобаның жалпы құны 832 млрд теңгені құрайды. Жоба жылдық жобалық қуаты 10 тоннаға дейін жететін үш кезеңде іске асырылатын болады.

Айта кету керек, Жамбыл облысы фосфориттердің, плавикті шпаттың, уранның, бағалы және түсті металдардың, көмір мен табиғи газдың, тұз бен бариттің табиғи кен орындарына бай.

Об авторе: Айгерим Ахметова


Leave a Reply

© 2024 Эк-Спорт

Яндекс.Метрика