пятница, 26 апреля 2024   Подписка на обновления  RSS  Реклама на сайте
Популярно
12:53, 20 July 2021

Қордай аграрлары қысқа дайындалуда


Қысқы мал азығын дайындау, көкөніс қоймаларының құрылысы  – Қордай ауданына жұмыс сапарымен барып қайтқан Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың назарында осы мәселелер болды, деп хабарлады ec-sport.kz порталы.

Айта кету керек, Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мал азығын дайындау және қамтамасыз ету, суармалы су беруді реттеу жөнінде нақты міндеттер қойған болатын.

Өңір басшысы сапарын Бетқайнар ауылдық округіндегі «Алмаз» шаруа қожалығынан бастады.

Жұмабек Әшкенұлы басшылық ететін шаруа қожалығы бүгінде аяғынан нық тұрып, аудан мен облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосуда. Ағымдағы жылы қожалық 200 га күздік бидай, 50 га арпа, 200 га жүгері ексе, 40 гектарға пияз өсіруде.

Жұмабек Әшкенұлы бірнеше жылдан бері көкөніс қоймаларын салып жатқанын айтты.

– Бүгінде бізде төрт көкөніс қоймасы бар. Олардың әрқайсысының сақтау сыйымдылығы 2000-2500 тоннаны құрайды. Өткен жылы біз онда жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерімен қатар көрші аудандардан жеткізілген пиязды да сақтадық. Біз жыл сайын бір көкөніс қоймасын салып, олардың санын онға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз, – деді Жұмабек Әшкенұлы.

Бүгінгі таңда Қордай ауданында жалпы аумағы 40300 тоннаны құрайтын 32 көкөніс қоймасы салынған.

Бердібек Сапарбаев көкөніс қоймаларының санын арттырып, сақтау көлемін 100 мың тоннаға дейін жеткізуді тапсырды. Аймақ басшысының пікірінше, мұндай шаралар азық-түлік бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік береді.

Өңір басшысының баспасөз қызметі Жамбыл облысында жалпы сақтау көлемі 243,4 мың тоннаны құрайтын 233 көкөніс қоймасы жұмыс істейтінін, аудандар мен Тараз қаласында сақтау қоймаларының санын арттыру бойынша нақты шаралар қабылданып жатқанын жеткізді.

Степное ауылдық округінде Бердібек Сапарбаев дәнді дақылдар алқабын аралап көрді.

Ауылдарда жем-шөп жинау жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Ауылдық округ әкімі Жүсіпбек Спановтың айтуынша, шөп бағасы 1300-1500 теңге аралығында.

– Егер біз қазір қам жасамасақ, қыста өзіміз зардап шегеміз. Қысқы мал азығын қазірден дайындап алуымыз керек. Жыралардың, өзен арналарының шөбін шауып алған жөн. Сондай-ақ егін орағынан кейін егіс алқаптарындағы сабанды да жинап алуымыз керек, – деді Бердібек Сапарбаев.

Қордай ауданы әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Әділет Қаспақбаев ауданда мал қыстатуды қалыпты жағдайда өткізу үшін 471 мың тонна шөп дайындау қажет екенін айтты.

– Ең алдымен біз ауданның барлық ауылдарын мал азығымен қамтамасыз етуіміз керек. Бұл орайда шағын шаруа қожалықтарына ірі шаруа қожалықтары көмектесуде. Аудан әкімінің қатысуымен көрші аудандарға жем-шөп сатудың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді, – деді ол.

Қордай ауданында аймақ басшысының тапсырмасы бойынша әрбір ауылдық округте арнайы жұмыс тобы құрылған, олар мақсатты жұмыстар жүргізіп, жем-шөп дайындау барысын бақылауда.

Об авторе: Айгерим Ахметова


Leave a Reply

© 2024 Эк-Спорт

Яндекс.Метрика