Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Балалар жылында өңірдің денсаулық сақтау саласына қосылған ең қомақты үлес – ерте араласу орталығын құру болмақ, деп хабарлайды Жамбыл облысы әкімдігінің Денсаулық сақтау басқармасы, деп жазады ec-sport.kz.
Тараз қаласында Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасының базасында “Қамқорлық” ерте араласу орталығын құру жоспарлануда. Орталық балалар мүгедектігінің алдын алу үшін қала тұрғындарын уақытылы кешенді профилактикамен қамтамасыз етеді.
Ведомствода атап өткендей, көптеген ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналары баласының дамуы мен емделуіне қалай көмектесу керектігін, оңалтуды неден бастау керектігін білмейді, оны тұрақты негізде жүргізе алмайды, ақпараттың жетіспеушілігіне және оңалтудың қолжетімсіздігіне тап болады.
”Кешенді медициналық оңалту туғаннан бастап үш жасқа дейінгі нейро-ортопедиялық ауытқулары бар балалар үшін қолжетімді болады. Орталық жұмысының арқасында балалар оңалтуды уақтылы бастайды, қымбат уақытты жоғалтпайды, өйткені баланың ең қуатты оңалту әлеуеті осы жасында байқалады. Уақытылы көмек баланың мүгедектікке шалдықпау, ең бастысы — аяққа тұрып, мектепке өз бетінше бару мүмкіндігін арттырады”, – деп атап өтті басқармада.
Ерте араласу орталығында бала дамуындағы бұзылуларды неғұрлым ерте анықтау, кешенді оңалту көмегі, отбасыларға ақпараттық және эмоционалдық қолдау, баланың даму деңгейін жүйелі бағалау, ата-аналарға балаға күтім жасау мен оның дамуына көмек көрсету жолдарын үйрету мүмкін болады.
Балаларды оңалту тегін негізде жүргізіледі, 900-ден астам кішкентай пациент қайта курстар өткізу мүмкіндігі қарастырылған қажетті көмекті ала алады.
Ерте араласу орталығы 2200 ш.м. астам алаңда орналасады, құрылыс жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүргізілетін болады.
”Samruk-Kazyna Trust” әлеуметтік жобаларды дамыту қоры 124 миллион теңгеден астам сомаға базалық заманауи оңалту жабдығын жеткізеді.
“Қамқорлық” орталығында мамандардың мультидисциплинарлық командасы жұмыс істейтін болады, олардың ішінде – дефектолог, логопед, невропатолог, реабилитолог, психолог, ортопед, терапевт, педиатр бар. Дәрігерлер кәсіби біліктіліктерін тұрақты жетілдіріп тұрады.
“Осылайша, облыстық көпбейінді балалар ауруханасы базасында ашылатын Заманауи ерте араласу орталығы балаларды ерте оңалту үшін қадамдық қолжетімділікті кезекті ұзақ күтпестен, басқа өңірлерге шықпай-ақ және қаржылық шығындарсыз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді”, – деп атап өтті ведомствода.