пятница, 19 апреля 2024   Подписка на обновления  RSS  Реклама на сайте
Популярно
0:22, 21 July 2022

Tartyl Fest: Тараз осыған дейінгі рекордты қайталай ала ма


Таразда турникке тартылудан Tartyl Fest спорт фестивалінің ашылуы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Іс-шара қаланың ірі сауда орталығында өтіп жатыр. Әртүрлі жастағы жүздеген жамбылдық күші мен ептілігін сынап көруге ниет білдірді.

«Таразда бұл – ел бойынша төртінші қалада өтіп жатқан республикалық спорт фестивалі. Одан әрі Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Қазақстанның батысында болады. Бүгін жаңа рекорд орнауы мүмкін. Тартылу саны бойынша алдыңғы рекордты Алматыда 18 жастағы азамат жасады, 40 рет тартылды», – деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісіне Tartyl Fest идеясының авторы, жобаның амбассадоры, қоғам қайраткері, жаттықтырушы және актер Айтым Жақыпов.

Спикердің айтуынша, бұл спорт фестивалінің негізгі мақсаты мен міндеті – Қазақстан Республикасының атынан әлемдік аренада өнер көрсететін ең мықты және талантты атлеттерді анықтау.Tartyl Fest тараз

«Президент жанындағы «Дара» таланттарды қолдау қорына үлкен алғыс айтқым келеді. Бұл – спортты дамытуға, республикамыздың жастарын дамытуға қосқан ерекше үлес. Мұндай іс-шаралар мүмкіндігінше жиі өтсе екен. Тараздықтар шараға белсенді қатысып жатыр. Жарыс өтіп жатқанына қарамастан, тіркеу әлі аяқталған жоқ. Қатысушылар келіп жатыр, бүгін алдыңғы қалаға қарағанда қатысушылар көп болуы мүмкін. Тартылу саны бойынша рекордтық көрсеткіш тіркелуі ықтимал», – деп хабарлады спикер.

Айтым Жақыпов Алматыда жалпы алғанда 10 мыңнан астам турникке тартылу көрсеткіші тіркелгенін еске салды.

Жарысқа қатысушылар салмағы мен жасына қарай 9 санат бойынша жарысады. 20 қаладағы фестивальге қатысушылардың бәріне талап бірдей: дұрыс және көбірек тартылу. Фестиваль 10 шілде мен 6 қыркүйек аралығында еліміздің 20 қаласында өтеді, қазақстандықтар қатысып, ақшалай жүлде ұтып ала алады.

Әр қалада 27 жеңімпаз таңдалады. Әр қаланың жеңімпаздары (9 санатта) Нұр-Сұлтанда өтетін гранд-финалға қатысады. Гранд-финалдың жүлде қоры – 54 млн теңге. Гранд-финал чемпиондары Street Workout бойынша әлем чемпионатына қатыса алады.

Street Workout – көшедегі спорт алаңдарында түрлі жаттығуларды орындауды қамтитын әуесқой спорт түрі. Бұған дейін хабарланғандай, 10 шілдеде Қонаев қаласында Tartyl Fest республикалық спорт фестивалінің бірінші күні қорытындыланды. Ал 14 шілде күні Талдықорған қаласындағы турнирдің жеңімпаздары анықталды.

 

Об авторе: Венера Ахметжанова


Leave a Reply

© 2024 Эк-Спорт

Яндекс.Метрика