Тәуелсіздік жылдарында Тараз түрлі экономикалық көрсеткіштердің үстін-үстін даму үдерістерін дәйекті көрсетіп келеді.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар құрылымында кәсіпорындар мен ұйымдардың негізгі қорларды жаңартуға және жаңғыртуға бағытталған меншікті және қарыз қаражаттары басымдыққа ие. Инвестициялық саясат жеке қаражатты бәсекеге қабілетті өнім шығаратын өндірістер құру жөніндегі инвестициялық жобаларға салуға ынталандыруға бағытталған.
Инвестицияның қомақты бөлігі экономиканың өнеркәсіп және жылжымайтын мүлікпен операциялар сияқты салаларына тиесілі. Инвестиция үшін көлік, қойма, сауда, білім салалары да тартымды болып отыр.
Бюджеттік қаражат есебінен мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын іске асыру, сондай-ақ инженерлік желілердің құрылысы мен қайта жаңғыртуы және қала инфрақұрылымын дамыту қаржыландырылуда.
Қала экономикасын дамытуда шешуші факторлардың біріне айналған шағын бизнес жұмыспен қамту мәселесін шешуге және нарықты отандық тауарлар мен қызметтермен толтыруға ықпал етіп отыр. Қазір Таразда 38273 кәсіпкерлік нысаны тіркелген болса, олардың 26256-сы немесе 68,6%-ы белсенді жұмыс жасауда.
Облыс аумағындағы фосфорит шикізатының мол қоры өңір экономикасында ондаған жылдар бойы үстемдік танытып келе жатқан фосфор өнеркәсібінің дамуын айқындап берді. Бүгінде фосфор өнеркәсібі облыс өнеркәсіп өндірісінің үштен бірінен астамын құрайды.
Ауылшаруашылық өнімдерін өнеркәсіптік өңдеу – Тараздағы тамақ өнеркәсібін дамытудың негізгі бағыттарының бірі. Ол қаладағы өнеркәсіп өндірісі ауқымының 40%-ына жуығын өндіреді. «Ауыл» мемлекеттік аграрлық азық-түлік бағдарламасының жүзеге асырылуы ет, сүт өнімдері, қант, бидай ұны, мал азығы өндірісінің айтарлықтай өсуіне ықпал етті. Облыста азық-түлік өндірісімен қант, алкогольсіз сусындар, нан-тоқаш өнімдері, макарон және кондитерлік бұйымдар, әртүрлі сүт өнімдері, шұжықтар мен балық өнімдері, қалбырланған жеміс-көкөніс өнімдерін шығаратын 30-дан астам ірі, орта және шағын кәсіпорын айналысады.
Тамақ индустриясындағы жетекші салалардың бірі қант өнеркәсібі болып табылады. Оның дамуы өткен ғасырдың 30-жылдарында Қазақстанда қызылшаның өнеркәсіптік негізде өсіріле бастауымен тығыз байланысты. «Қант» АҚ-ның пәрменді жұмысы қант өндірісінің жыл сайын ұлғаюына ықпал етті. Отандық қант қызылшасымен қатар Бразилиядан, Кубадан, Гватемаладан және Сальвадордан әкелінген қант құрағы шикізат ретінде пайдаланылуда.
Қалада металлургия және металл өңдеу кәсіпорындары жұмыс істейді. 1967 жылы құрылған «Имсталкон» АҚ-ы Жамбыл металл құрастыру зауытының Қазақстан мен жақын шет елдердің нарығында болат конструкцияларды дайындау мен құрастыру бойынша берік орны бар. «Құрылыс конструкциялары зауыты» ААҚ – металл өңдеу өнеркәсібінің құрастырмалы конструкциялар шығаратын жетекші кәсіпорындарының бірі. Зауытта резервуарлар жасаудың жетілдірілген технологиясы мен заманауи автоматты батырмалы дәнекерлеу қолданылады. Ал ол өндіріс уақытын қысқартуды және өндіріс шығындарын азайтуды қамтамасыз етеді.
Облыс орталығында жуылған жүн, ірі қара мал терісінен былғары шығаратын өндіріс орындары, сондай-ақ былғары аяқ киім өндірісі сияқты жеңіл өнеркәсіп саласының өндірістік қуаттары орналасқан («ПОШ зауыты» ЖШС-ы, «Тараз Кожобув» ЖШС-ы).
Қалада «Ғимарат Тараз», «Керамик Инвест», «Жамбылхимстрой» серіктестіктері құрылыс материалдары, жабын плиталары, қаптама плиткалар, темір-бетон бұйымдары, іргетас блоктары мен пеноблоктар, металл пластиктен жасалған терезелер мен есіктер шығаруды жолға қойған.
Сыртқы экономикалық қызмет
Тараз қаласының кәсіпорындары мен ұйымдары әлемнің 50-ден астам елдерімен сауда-саттық жасайды. Сыртқы сауда қатынастарындағы негізгі серіктестері – Ресей, Қырғызстан, Үндістан, Қытай, Польша, Италия, Германия, Бразилия, Куба, басқа да жақын және алыс шетел мемлекеттері.
Тәуелсіздік жылдары сауда-саттық еселеп өсіп, «ковидке дейінгі» 2019 жылы шамамен 250 миллион АҚШ долларын құрады.
Экспорттық жеткізілімдердің ең көп көлемі химия өнеркәсібінің сары фосфор, натрий триполифосфаты, минералды тыңайтқыштар, фосфор қышқылы өнімдеріне , ауыл және тоқыма саласының жүннен жасалған жіп, ұн, ұн өнімдеріне тиесілі. Импорт құрылымында химия өнімдерін, қант шикізатын, машиналар мен жабдықтар өндіруге арналған шикізаттың үлесі ауқымды.
Суреттер – «СЭР» журналы редакциясының мұрағатынан және Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметінен.