вторник, 18 марта 2025   Подписка на обновления  RSS  Реклама на сайте
Популярно
13:03, 03 October 2021

Жамбыл облысы өзінің үлкен химия аймағы даңқын қайтаруда – “СЭР” журналы


Облыс химия өнеркәсібінің негізгі қуаттары Таразда орналасқан, ол Жамбыл облысы өнеркәсіп көлемінің шамамен үштен бірін құрайды.

Жамбыл облысы фосфорит шикізатының бірегей базасы болып табылады. Оның құрамында фосфоритті кеннің елеулі көлемі – республика фосфорит баланстық қорының 72%-ы шоғырланған Қаратау-Жаңатас фосфорит бассейні бар. Фосфориттің 48 кен орны ашылған, тек барланған қорлар 13 миллиард тоннаны құрайды, бұл – ТМД-дағы ең ірі және әлемдік ауқымдағы елеулі қор.

Өңірде фосфорит шөгінділері өткен ғасырдың 30-жылдарының соңында табылды. Фосфорит кен орындарын өнеркәсіптік игеру 50-ші жылдары басталды. Фосфорит өндірумен қатар бүкіл аймақ қарқынды дами бастады – үлкен зауыттар, зауыт жұмысшыларына арналған тұрғын үйлер, мектептер, ауруханалар, әлеуметтік нысандар салынды, көліктік және коммуналдық инфрақұрылым дамыды. Жамбылдық әр отбасында дерлік химия өндірісімен немесе онымен байланысты саламен қандай да бір байланысы бар біреу болды.

Жамбыл облысы Қазақстан химия өнеркәсібінің орталығына айналды. Мұнда жылдар бойы жинақталған ресурстық, кадрлық, технологиялық және инновациялық әлеует дамыды.

***

Бірақ барлық кезде солай болған жоқ. 2000 жылы Жамбылдың химия кәсіпорындары небәрі 2,9 млрд. теңгенің өнімін шығарды, түрлі себептермен даму қарқыны жыл өткен сайын төмендей бастады.

Содан кейін Таразда отандық химия өнеркәсібін дамыту бойынша республикалық кеңес өтті, онда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда химия өнеркәсібін дамытудың нақты міндеттерін қойды. Ол жаһандық азық-түлік дағдарысы мен егістік алқаптардың кеңеюі жағдайында минералды тыңайтқыштарға сұраныстың, сондай-ақ табиғи, сапалы азық-түлікке деген қажеттіліктің артуы химия өнеркәсібін дамытудың өзектілігіне себепкер болып отырғанын атап өтті. Ал азық-түлікке сұраныс жыл сайын артып келе жатқан жағдайда Қазақстан жоғары сапалы ауылшаруашылығы өнімдерінің ірі өндірушісі бола алады.

Өткенге көз жүгіртсек, сол кезде отандық химияны дамытудың барлық аспектілерін талқылау барысында Таразда қойылған нақты міндеттердің бүгінгі күні жүзеге асырылып жатқанын және өз жемісін беріп отырғанын көреміз. Бұл – бірінші кезекте химия саласы өнеркәсібіндегі өндіріс көлемінің артуы.

Сол кезде Таразда химия өнеркәсібін дамытудағы маңызды аспектілердің қатарында кадрлық саясат та аталған. Химия өндіріс орындарын құрумен қатар отандық өнеркәсіптің жоғары технологиялық секторларында жетіспеушілігі сезілген кадрларды да дайындау қажет еді. Білім және ғылым министрлігіне оңтүстік өңірде жоғары халықаралық білім беру стандарттарына сәйкес жаңа кәсіптік-техникалық орта арнаулы оқу орнын құру мәселесін пысықтау тапсырылды. Сөйтіп мұндай оқу орны Таразда 2014 жылы пайда болды.

Заманауи материалдық-техникалық базамен толық жабдықталған, 200 орынды жатақханасы бар, 600 орынды Тараз химия-технологиялық колледжі химия өндірісінің қызметкерлерін даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру мақсатында салынды. Мұнда болашақ мамандарды даярлау 12 мамандық бойынша жүзеге асырылады.

Біздің өңірдегі химия өнімдерін шығаратын негізгі өндіруші «Казфосфат» ЖШС-ы екені даусыз. Кәсіпорын кен қазу мен өңдеуден бастап техникалық фосфаттар мен минералды тыңайтқыштар өндіруге, сондай-ақ оларды тұтынушыға жеткізуге дейінгі барлық қосымша құн тізбегін жасайды.

Мәселен «Қазфосфат» ЖШС-ының NDFZ Жамбыл филиалы – сары фосфор мен құрамында фосфор бар натрий триполифосфаты, ортофосфор қышқылы өнімдерін шығаратын ірі химия зауыты. «Қазфосфат» ЖШС-ының Тараз филиалы минералды тыңайтқыштар шығарады. Ол ауылшаруашылығына арналған фосфор-азотты минералды тыңайтқыштар – жемдік аммофос, суперфосфат, трикальций фосфатын шығаратын химия зауыты. Өнімнің негізгі тұтынушылары Қазақстан, Қытай, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Ауғанстан, Украина және басқа елдерде шоғырланған.

***

Дамыған химиялық өнеркәсіпті өңірдің бұрынғы даңқы Жамбыл облысына қайта оралуда. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, облыс экспортының жалпы көлеміндегі ең көп үлесті химия өнеркәсібінің өнімдері құрап отыр – шамамен 87%. Химия саласындағы жетістіктер машина жасау, автомобиль жасау, авиация, энергетика, орман шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп пен ауылшаруашылығы сияқты салалардың бәсекеге қабілеттілігін айқындайды. Сондықтан Қазақстан өнеркәсібінің барлық дерлік саласындағы экономикада химия өнеркәсібін дамытудың үлкен маңызы бар.

Об авторе: Айгерим Ахметова


Leave a Reply

© 2025 Эк-Спорт

Яндекс.Метрика