суббота, 27 апреля 2024   Подписка на обновления  RSS  Реклама на сайте
Популярно
13:53, 04 October 2021

Су – Тәңірдің сыйы


Қаланы түрлі бағытта кесіп өтетін ондаған шақырым су арналары Таразға өмір нәрін әкеледі.

Нағыз шығыс қаласының белгісі – арық, оның бойымен арқырай аққан су ағаштар мен бұталарды нәрлендіреді. Бір замандарда таулардан ағып келетін Жамбыл арықтарындағы судың мөлдір әрі таза болғаны соншалық, ел оны ішуге және тамақ дайындауға пайдаланған.

Соңғы жылдары облыс орталығының жасыл желегін суармалы сумен қамтамасыз ететін су арналары мен арықтардың жағдайы алаңдаушылық туғыза бастады. Арық жүйесінің бұзылуы, су арналарының қоқыстануы ылғал тапшылығына әкеліп соқты және көгеріштердің қурап кетуіне себеп болды. Сонымен қатар, өте өзекті мәселе – каналдарға іргелес аумақтарды рұқсатсыз басып алу проблемасы туындады. Соның салдарынан тазалау және жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет болғанда каналдарға жету, сондай-ақ ықтимал су тасқыны жағдайларының алдын алу мүмкін болмай отыр.

Қала арналарының бойындағы рұқсат етілмеген ғимараттарды алып тастауға 2012 жылы-ақ әрекет жасалған. Каналдар түгенделіп, құқық белгілейтін құжаттар беріле бастады. Заңсыз ғимараттар бұзылады, ал иелері келіспеген жағдайда іс сотқа беріледі деп күтілген. Алайда, бұл жұмыстар тоқтап қалды, соңғы жылдары каналдар бойында жаңа нысандар пайда болды.

Қалаға жаңа әкім Ержан Жылқыбаевтың келуімен 2021 жылы облыс орталығында бұл мәселелерге ерекше назар аударыла бастады.

Биыл Байзақ батыр көшесінен Саңырақ батыр көшесіне дейінгі ұзындығы 1,4 км болатын дренажды канал, Шалғай Қарасу алабындағы арнаның 800 метрі және Шостакович көшесінен Тәуке хан көшесіне дейінгі Қарасу-2 каналы тазартылды. Сонымен қатар, Айша бибі мен Тәуке хан көшелерінің бойындағы каналдарды тазалауға 58,2 миллион теңге, Ұшбұлақ каналы мен Әуежай аймағындағы су бұру каналына 77,6 миллион теңге жұмсалды. Жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасы аясында қаланың 19 көшесінде арық жүйесінің науалары ауыстырылды. Ирригация жүйелерін қалпына келтіруге 90 млн. теңге қаралып отыр.

Арықтарды жауып тастаған жеке үйлердің иелерімен қаланың су желілеріне қосылуға кедергі келтіретін ғимараттар мен құрылыстарды бұзу мәселесін шешу туралы да шешім қабылданды. Қалалық әкімшілік басшысы Ержан Жылқыбаев Сеңкібай, Түйте, Қапал, Қарасу және басқа каналдарға іргелес жатқан аумақтардың жағдайын зерделеді. Өзендер мен каналдардың бойында заңсыз құрылыстар салу және жерді иелену фактілері тексерілді, каналдардағы су ағынына кедергі келтіретін және су тасқыны апаттарының алдын алу үшін жойылуы қажет кедергілер анықталды. Тараздағы рұқсатсыз салынған және каналдарды тазартуға кедергі келтіретін барлық нысандар бұзылады, деп сендірді қалалық ведомство.

– Қала әкімдігінің каналдарды тазарту мен су науаларын қалпына келтірудің 2021-2023 жылдарға арналған жоспары әзірленіп, бекітілді. Үш жыл ішінде 38,24 шақырым арық науаларын ауыстыру, алты каналды тазарту жоспарланып отыр, дейді Тараз қаласының әкімі.

***

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев облыс орталығындағы су шаруашылығы нысандарының проблемаларымен танысты. Түйте, Үшбұлақ, Қапал каналдары мен Айша-бибі көшесінің бойындағы дренаждық каналды аралап көрген аймақ басшысы суару және дренаждық жүйелерді жетілдіру бойынша тапсырмалар берді.

– Канал арналарын тазарту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізе отырып, бүкіл қаланы суармалы сумен қамтамасыз етуге болады. Бұл жұмысқа тәжірибелі гидротехниктер тартылуы керек. Арық жасыл желектерді суландыруды қамтамасыз етеді және ауаны ылғалдандыру қызметін атқаратын болады. Суару жүйесінің үзіліссіз жұмысы қоршаған ортаның жақсаруына игі ықпал етеді. Қала аулаларын шаң баспайды, ағаштар уақытында суарылады. Біз мүмкіндігінше көп саялы демалыс орындарын аша аламыз. Тұрғындар өз бақшаларын еш қиындықсыз суаратын болады, – деді облыс әкімі.

Сонымен бірге ол арық жүйесі жай-күйінің бізге ешқандай қатысы жоқ деп ойлайтын тұрғындардың кесірінен бұл жоспарлардың орындалмай қалуы мүмкін екенін де атап көрсетті. Кейбір жекеменшік үйлердің иелері аулаларын тротуарға жылжытып, бетондап, суаратын арықтарды жауып тастаған. Облыс әкімі бұл мәселені зерделеуді тапсырды.

Вставка – Таразда жалпы ұзындығы 82 шақырымнан асатын сегіз үлкен су каналы бар. Оның ішінде Сеңкібай мен Қапал каналдарының әрқайсысының ұзындығы – 10 км, Үшбұлақ – 13,9 км, Қарасу-1 – 3,3 км, Қарасу-2 – 12,4 км, Төрегелді – 5,7 км, Базарбай – 3,2 км, Түйте – 24 км. Сонымен қатар, Таразда екі дренаж каналы бар – Оңтүстік каналының ұзындығы 10 км және Тайвань дренаж каналы 2,7 км. Арналарды күтіп ұстауға жылына шамамен 150 миллион теңге бөлінеді.

Об авторе: Айгерим Ахметова


Leave a Reply

© 2024 Эк-Спорт

Яндекс.Метрика