суббота, 27 апреля 2024   Подписка на обновления  RSS  Реклама на сайте
Популярно
19:59, 04 October 2021

Таразда жағажайлар абаттандырылуда


Екі жыл бұрын Қарасу өзенінің бойындағы жаңғыртылған Үшбұлақ жағалауы қала тұрғындары мен қонақтары үшін нағыз тосын сый мен сыйлық болды. Қаладағы шамдар мен орындықтар орнатылған, қайықпен жүзу мүмкіндігі бар алғашқы жағалау тараздықтардың сүйікті демалыс орнына айналып үлгерді.

Бір кездердегі қараусыз қалған, қоқысқа толы, бұзақылар жиналатын орын бүгінде өзінің әсемдігімен және жайлылығымен таң қалдырады. Бұл жобаның құны 449 миллион теңгені, абаттандырылған жағалаудың жалпы аумағы – 6,5 гектарды, ұзындығы 700 метрді құрады.

Құрылыс кезінде бұл аумақтан 10 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды, ұзындығы – 72, ені үш метрлік көпір қайта жаңғыртылып, бөгет қайта құрылымдалды. Су қоймасы 60 метрге кеңейтіліп, оған амур ақмарқасы мен тұқының үш мыңға жуық шабағы, аққулар мен үйректер жіберілді.

Жағалауда каналға шығатын пирс бар, яғни қайықпен серуендей аласыз. Сонымен қатар қазір мұнда өркениетті демалыс орындары, балалар ойын алаңдары, спорттық құрал-жабдықтар, ұзындығы 700 метрлік жаяу жүргіншілер жолы бар. Жағалауда 12 орындық, 56 шам орнатылып, 2100 шаршы метр аяқжол төселіп, 23 мың шаршы метр аумақ көгалдандыру және автоматтандырылған суару жүйесімен қамтылған.

Дегенмен қала билігі бұнымен шектеліп қалған жоқ. Қаланың осынау су желісінде жаңа демалыс аймағының құрылысы жүргізілуде.

Тараздың Үшбұлағы жаңа демалыс аймағына айналады.

Қала басшысы Ержан Жылқыбаев Үшбұлақ каналының Зербұлақ көлі маңындағы 13,9 шақырымында жөндеу жұмыстарын жүргізіп, оны облыс орталығының тұрғындары үшін тағы бір демалыс орнына айналдыруды тапсырды.

Каналға бірқатар жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет еді. Аумағы қоқысқа толып, өзен жағалауы мен арнасын қамыс басып кеткен болатын. Арнаның аянышты жағдайын түзету үшін жауапты мамандарға нұсқау берілді.

Суды тазарту, қаулап өскен қамысты шабу, канал арнасы мен жағасын механикалық тазарту, жарамсыз бетон құрамалар мен қоршау плиталарын бұзу, қураған ағаштарды санитарлық отау мен кесу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Зербұлақ көлінен жақын маңдағы Қонаева көшесіне дейінгі жолға асфальт төселеді, ал сол жағалауға жаяу жүргіншілерге арналған ені екі метрлік аяқжол төселеді. Каналдың топырақ беткейлерін арнайы құралдармен нығайту жұмыстары жүргізіліп, көгалдар мен ағаштар отырғызылады. Спорт және балалар ойын алаңдары салынады, шағын сәулеттік мүсіндер орнатылады.

«Қазфосфат» ЖШС-ы каналдың Қонаев көшесі жағындағы оң жағалауында жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаржы бөлуді жоспарлап отыр. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін канал аймағында азаматтардың қауіпсіздігі үшін күзет аймағы орналастырылмақ.

 

Фотосуреттер «СЭР» редакциясының мұрағатынан алынған және Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі ұсынған.

Об авторе: Айгерим Ахметова


Leave a Reply

© 2024 Эк-Спорт

Яндекс.Метрика