понедельник, 14 октября 2024   Подписка на обновления  RSS  Реклама на сайте
Популярно
12:58, 26 July 2021

Қордайлық сайлаушы: Өз халқын сүйетін адал, лайықты адамдар келеді деп үміттенемін


Қордай тұрғындары сайлау процесіне белсенді қатысуда, деп хабарлайды ec-sport.kz порталы.

Қордай ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің айтуынша, аумақтық сайлау комиссиялары сайлаушылардың келуі туралы 16.00-де ұсынған мәліметтер бойынша тізімге енгізілген сайлаушылардың жалпы санынан 20750 (77,59%) адам сайлау бюллетенін алған.

Соның ішінде Қордай ауылдық округінде 17618 сайлаушы дауыс беріп қойды, ол 77,53%-ды құрайды, Степной ауылдық округінде – 2567 адам немесе 76,58%, Сұлутөр ауылдық округінде – 565 адам немесе сайлаушылардың 84,71% дауыс берді.

Степной ауылдық оругінде үш елді мекен бар. Оларда дауыс беруге ниет білдіргендер үшін үш дауыс беру пункті ашылған.

Степной ауылында сайлау комиссиясының мүшелері алғашқы сайлаушыларды орта мектеп ғимаратында сыйлықтармен күтті. Сыйлық ретінде жыр жинақтары дайындалды. Дауыс беруге бірінші болып ауыл ақсақалдары мен ұстаздар келді. «Мен мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімімін. Ертерек келіп, жақында ауылымызда болып, сайлауалды бағдарламасын таныстырған кандидатқа дауыс беру туралы шешім қабылдадым. Маған бағдарламасы ұнады. Әрі ол біздің округтің тұрғыны. Өз жерлестері алдында жауап беретін болады», – дейді бұл күні сайлау учаскесіне алғашқылардың бірі болып келген Нұрсерік Қуатбаев.

Ал Степной ауылының тұрғыны Аманхан Рысымбетов жаңа сайлаудан алған әсерлерімен былай бөлісті: «Менің осы округте тұрып жатқаныма 38 жылдан асты. Қазір зейнеттемін. Агроном, бригадир, кәсіподақ комитетінің төрағасы, ӨК төрағасы, ауыл әкімі болдым. Мен бұл жұмыстың барлық қиындықтарын жақсы білемін. Президенттің бастамасының арқасында біз енді өз әкімімізді өзіміз сайлай аламыз. Бұл орынға өз халқын сүйетін адал, лайықты адамдар келеді деп үміттенемін».

Қалғұты ауылындағы сайлау учаскесінде адам қарасы мол. Тұрғындар дауыс беруде белсенділік танытуда. Бұл жерде де сайлау комиссиясының мүшелері ең белсенді сайлаушыларды ынталандыру туралы шешім қабылдапты – сайлау учаскелеріне бірінші болып келгендерге кәдесый қаламдары дайындалған.

«Жаңа әкіммен бірге жақсылықтар да келеді деп сенгім келеді. Халық сенім білдірген адам бізді тыңдап, халықтың игілігі үшін еңбек ететін болады», – дейді ауыл тұрғыны Қайрат Жөкеев.

Бұл жолғы сайлау осы ауылдың он сегіз жасар тұрғыны Бану Раджапова үшін ересек өміріндегі алғашқы елеулі саяси оқиға болып отыр. «Әрине, мен үшін тебіреністі жайт. Маған ешкім де кімге дауыс беру туралы нұсқау айтқан жоқ, бұл менің саналы таңдауым. Мен сайлауалды тұғырнамалармен таныстым. Өзімнің ойымша, дұрыс таңдау жасадым. Ауыл басшысы тәжірибесі мол дана адам болуы тиіс деп ойлаймын», – дейді Бану.

Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының мәліметінше, облыс аумағындағы ауылдық округ әкімдерінің сайлауы облыстың 38 ауылдық округіндегі 89 сайлау учаскесінде өтіп жатыр. Сайлау процесі басталғалы бері Жамбыл облысының ауылдық округтері әкімдерінің сайлауына 122 кандидат ұсынылған. Ауылдық округ әкімдерінің сайлауын «Партиялық емес бақылау орталығынан» 194 байқаушы бақылауда.

Об авторе: Жанна Сулеймани


Leave a Reply

© 2024 Эк-Спорт

Яндекс.Метрика