вторник, 10 декабря 2024   Подписка на обновления  RSS  Реклама на сайте
Популярно
21:25, 26 July 2023

Мемлекеттік рәміздер үлкен саяси, патриоттық, тәрбиелік қуатқа ие


Ту, Елтаңба, Әнұран – кез келген мемлекеттің ұлттық ұмтылысы мен мұратын бейнелейтін басты атрибуттары. Ежелгі замандардың өзінде мемлекеттер өздері үшін негізгі графикалық нышан-бейнелерді айқындап, әскерлер ұлттық тудың астында, ерлік әнұрандарын айтып соғысқаны тарихи деректерден белгілі.

Қазіргі заманда мемлекеттік тулар майдан даласында ғана емес, мемлекеттік мекемелерде, әлем елдерінің өкілдері бас қосатын халықаралық форумдар мен спорт алаңдарында да желбірейді.

Егер ерте замандарда мемлекеттер өз елтаңбаларында күш пен қуатты бейнелеуге ұмтылса, бүгінде Қазақстан өзінің мемлекеттік рәміздерінде бейбітшілік ырғақтарын – туған үйдің символы ретінде шыңырақты, алға ұмтылыс ретінде аңыздағы тұлпарларды, күнге қарай қалықтаған алтын қыранды, ой тазалығының символы ретінде заңғар аспанның көгілдір түсін орналастырған.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Заңның қазіргі қолданыстағы редакциясы 2007 жылы 4 маусымда қабылданған.

Қазақстан Республикасы құрылғаннан бергі отыз жылдан астам уақыт аз мерзім емес, осы жылдар ішінде біз бір орында тұрған жоқпыз. Қарқынды дамып келе жатқан Қазақстан экономикада, мәдениетте, қоғамдық өмірде белгілі табыстарға қол жеткізді. Қазақстан қарышты қадамдармен барлық әлемдік катаклизмдерге қарамастан ілгерілеу мен өркендеу жолында келе жатыр. Бұл қозғалыстың айқындаушы бағытын Президенттің жыл сайынғы ел халқына Жолдауларынан көреміз.

Еліміздегі экономикалық және қоғамдық-саяси өмір кезең-кезеңімен біртіндеп ретке келтірілуде. Соның қатарында үлкен саяси, патриоттық, тәрбиелік қуатқа ие мемлекеттік рәміздер де. Бүгінгі таңда мемлекеттік рәміздерді қолдану тәртібі, сондай-ақ пайдалану стандарттарының сақталуына қойылатын қатаң талаптар мемлекеттік стандарттар санатына көтеріліп отыр және оларды бұзу белгілі бір әкімшілік-құқықтық жауапкершілікке әкеліп соғады.

Мысалы, Заңның төртінші бабында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы қай жерде және қалай көтерілетіні, орнатылатыны және орналастырылатыны заң тұрғысында айқындалған. Ғимараттарға тұрақты түрде орнатылатын Ту түнгі уақытта міндетті түрде жарықтандырылуы керек. Мемлекеттік ту орталық, жергілікті өкілді және атқарушы органдар алқаларының, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың алқа мәжіліс залдарында желбірейді. Сонымен қатар мемлекеттік органдардың ғимараттарының ашылуында, рәсімдер кезінде, салтанатты және спорттық іс-шараларда, білім беру ұйымдарында, оқу жылының ашылуы мен аяқталуында, елімізге мемлекеттік және ресми сапармен келген мемлекет, парламент және үкімет басшыларын қарсы алғанда желбірейді.

Бүгінгі таңда өмірімізді Интернетсіз елестету мүмкін емес. Сондықтан да сол төртінші бапта Мемлекеттік Тудың суреті Қазақстан Республикасы Президентінің, Парламентінің, Үкіметінің, министрліктердің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарында міндетті түрде орналастырылатыны атап көрсетілген. Сондай-ақ олардың ведомстволары мен аумақтық бөлімшелері, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты және жергілікті соттары, жергілікті өкілді және атқарушы органдары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері осы қатарда. Қазақстан Республикасының Елтаңбасына келетін болсақ, Қазақстанның мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген рәміздерді қолдану тәртібі осы заңның үшінші тарауында көрсетілген. Мемлекеттік Елтаңба еліміздің Мемлекеттік Туымен қатар, оның ішінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен интернет-сайттарда орналастырылады. Бұл орайда Мемлекеттік Елтаңбаның бейнесін қоғамдық бірлестіктер мен басқа да ұйымдардың елтаңбаларының геральдикалық негізі ретінде пайдалануға болмайтыны нақтыланған.

Мемлекеттік рәміздерді пайдалану қолданыстағы заң талаптарына қаншалықты жауап береді деген мәселе Мемлекеттік рәміздер туралы Заңда «Мемлекеттік органдардың құзыреті» деп аталатын жеке бесінші тарауда атап өтілген. Онда техникалық реттеу және метрология саласындағы уәкілетті органның мемлекеттік стандарттарды, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы мен Мемлекеттік Әнұранының стандарттарын әзірлеп, бекітіп қана қоймайтыны, оларды дайындау жөніндегі қызметке лицензия беретіні, сонымен қатар лицензиаттың лицензияда көрсетілген шарттарды сақтауын бақылайтыны айтылған. Бұл уәкілетті орган сонымен қатар мемлекеттік стандарттарға сәйкес келмейтін мемлекеттік рәміздерді ауыстыру және жою ережелерін әзірлейді.

Мемлекеттік рәміздердің қаншалықты дұрыс немесе бұрыс қолданылғанын, орналастырылғанын жергілікті атқарушы органдар бақылайды. Дәл солар тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің қолданылуын, орнатылуы мен орналастырылуын бақылауды жүзеге асырады.

Жамбыл облысында мемлекеттік ұйымдарда мемлекеттік рәміздердің қалай пайдаланылатынына белгілі бір тексерулер жүргізіліп тұрады, мемлекеттік рәміздер туралы заңнама талаптарының бұзылу, белгіленген мемлекеттік стандарттарға сәйкес келмейтін мемлекеттік рәміздерді пайдалану фактілері анықталады.

Еліміздің мемлекеттік рәміздері, бірінші кезекте Қазақстан азаматтарының құрмет сезімін, өз елінің жетістіктері мен мүмкіндіктеріне мақтаныш сезімін тудыруы тиіс.

Об авторе: Жанна Сулеймани


Leave a Reply

© 2024 Эк-Спорт

Яндекс.Метрика