Жамбыл облысың әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте қауіпсіздік бейне камераларының орнатылу мәселелері талқыланды, деп хабарлайды портал ec-sport.kz
Жиында Жамбыл облысы полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бауыржан Үдергенов «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешенін (АБК) енгізу және оқу орындарындағы қауіпсіздік туралы баяндады. Оның айтуынша, қазіргі таңда Тараз қаласының аумағында 210 бейнебақылау камерасы орнатылған. Сондай-ақ, жедел басқару орталығын қалпына келтіру жобасы аясында Полиция департаменті Жедел басқару орталығына біріктірілген аналитика функциясы бар 100 бейнебақылау камерасы қойылған.
– Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты шеңберінде 450 нысан анықталып, онда 1250 жалпы бейнебақылау камерасын және 48 «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешендерін қою жоспарланған. Бүгінгі күні «Сергек» жалпы бейнебақылау камераларын орнату бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Бекітілген мекенжай бағдарламасына сәйкес 48 «Сергек» АБК-нің 15 бекеттері және 1250 бейнебақылау камераларының 520 бейнебақылау камералары орнатылып, іске қосылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда,-деді Б. Үдергенов.
Бүгінгі таңда қалған жабдықты орнату және монтаждау жұмыстары жүргізілуде, ГТҚ ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне сынақтар жүргізілуде. Нысанды ағымдағы жылдың желтоқсан айында өнеркәсіптік пайдалануға және коммуналдық меншікке тапсыру көзделуде.
Басқосуда білім мекемелеріндегі қауіпсіздік туралы да сараланды. Білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангөзов облыстағы 443 мектептің барлығында 100 пайыз бейнебақылау камералары орнатылғандығын, ондағы бейнебақылау камераларының саны 9296-ны құрайтындығын айтты.
Облыс әкімі азаматтардың, балалардың және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты талап екендігін айрықша атап өтті.
Аймақ басшысы «Сергек» аппараттық бағдарламалық кешендер мен камераларды орнату мен іске қосу шараларын уақытылы орындауды тапсырып, мектептердегі дабыл түймелерінің жұмыс істемей тұрғандығын сынға алды. Барлық мектептерде сандық бейне жүйесі бар камералардың болуын, олардың полиция бөлімдерімен интеграциялануын міндеттеді.
Нұржан Нұржігітов тиісті басқармалардың полиция департаметімен өзара бірлесіп жұмыс істеу керектігін айтып, оны үйлестіру бойынша өзінің орынбасарларына нақты тапсырмалар жүктеді.