Аграрлы өңір саналатын, жері құнарлы, суы мол Байзақ ауданында ауылшаруашылығы саласы қашанда басымдыққа ие. Оның үстіне жақын орналасқан облыс орталығы Тараз қаласын азық-түлікпен қамтамасыз ету бағытында артылып отырған салмақ та айтарлықтай.
Бұл орайда байзақтық шаруалар еңбек көрігі қыздырып, айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Атап айтқанда 2021 жылдың ақпан айында аудан 2 млрд. 792,0 млн. теңгенің ауылшаруашылығы өнімдерін өндірді немесе 2020 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғында нақты көлем индексі 103,2%-ды құрады.
Бұл жетістіктің астарында үлкен ұйымдастырушылық жұмыстар мен ізденістер жатыр. Соның бірі – инвестиция. 2021 жылдың ақпан айында ауылшаруашылығындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 147,3 млн. теңгені немесе 2020 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғында 155,3% құраған.
Сонымен қатар соңғы жылдары Байзақ ауданының шаруашылықтары егіс алқаптарына заман талабына сай жаңа технологияларды енгізу жұмыстарын қарқынды қолға алуда. Мәселен аудан агроқұрылымдары тамшылатып суғару технологиясын 2019 жылы 1346 гектар алқапқа енгізсе, былтыр бұл көлем 3032 гектарды құрады. Су үнемдеу технологиясын қолданған шаруашылықтар дәстүрлі тәсілмен салыстырғанда өнімді екі есеге дейін артық алуда.
Биыл озық технологиялар енгізілген алқаптар 1478 гектарға арттырылып, жалпы аумағы 4510 гектарға жеткізіліп отыр. Оның ішінде 2038 гектарға тамшылатып, 2472 гектарға жаңбырлатып суару технологиялары енгізілген.
Сонымен қатар ағымдағы жылы байзақтық 23 шаруашылық «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 37 жаңбырлатып суару технологиясын лизингке сатып алуға өтінім тапсырып отыр. Оның ішінде 4 шаруашылыққа 13 жаңбырлатып суару технологиясы жеткізілді. «Жалпы 37 жаңбырлатып суару технологиясы арқылы 1295 гектар жерді суаруға мүмкіншілік бар», дейді мамандар.
Ауылшаруашылығы саласында жаңа техникаларынсыз табысқа жетудің мүмкін еместігі белгілі. Байзақтықтар бұл бағытта да жұмыс істеп жатыр. Аудан бойынша биылғы жылдың 5 айында 30 шаруашылық жалпы құны 479,5 млн. теңге тұратын 94 жаңа техника сатып алған. Оның ішінде 24 трактор, 1 комбайн және 69 әр түрлі техника бар. Атап айтқанда John Deere 6135B, MTЗ 1523, Belarus 1221 маркалы тракторлары, ESSIL КЗС-750 маркалы комбайны және аспалы, тіркемелі агрегаттар.
Сонымен қатар ағымдағы жылы 27 шаруашылық «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы” арқылы лизингке 188,1 млн. теңгенің 40 жаңбырлатып суару технологиясын сатып алса, 12 шаруашылық «ҚазАгроҚаржы» АҚ-нан лизинг арқылы 155,5 млн. теңгеге 5 трактор және 1 комбайн сатып алды.
Осылайша техниканың жаңару көрсеткіші 6,1% құрап отыр. Бүгінде шаруа қожалықтардың назарына жаңа техника алу тетіктері туралы түсіндірме жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.