Яндекс.Метрика
воскресенье, 24 октября 2021   Подписка на обновления  RSS  Реклама на сайте
Популярно
7:28, 29 March 2021

Шебер-жоспар: Жаңатастың екінші тынысы ашылуда


Мемлекеттік бағдарламалардың және жергілікті билікпен әріптестік орнатқан бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі арқасында кеншілер қаласы Жаңатастың екінші тынысы ашылып келеді, деп хабарлайды ec-sport.kz порталы.

1969 жылы географиялық картада Жамбыл облысының Сарысу ауданында пайда болған «үлкен химия» қаласы Жамбыл облысы аумағындағы Қаратау-Жаңатас фосфорит бассейнін игеруге арналған болатын. Бүкілодақтық құрылыс мәртебесін алған қалаға Кеңестер Одағының барлық түпкірінен мамандар ағылды. Сөйтіп маң далада қысқа уақыт аралығында барлық инфрақұрылымы жүргізілген тұрғынжай мөлтек аудандары, өндіріс орындары бар, экономикалық және әлеуметтік болашағы зор заманауи қала бой көтерді. Алайда 90-шы жылдар осынау бақуаттылыққа қатты соққы болды – қала депрессивтілердің қатарына қосылды, кәсіпорындардың тоқтауы көбейді, адамдар көшіп жатты, тұрғын үйлер біртіндеп қирай бастады.

Бүгінде кері үдеріс байқалады – адамдар қайта оралуда, біртіндеп жақсы жағына өзгеріп келе жатқан қаланың екінші өмірі басталуда. Мұның бәрі моноқалаларды қайта жаңғырту мемлекеттік бағдарламаларының, сонымен қатар Қазақстанға ұзақ уақытқа және салмақты мақсаттармен келген, кеншілер қаласын дамытуға қомақты қаржы бөліп отырған «ЕвроХим» халықаралық минералды-химия компаниясының арқасында мүмкін болуда.

«ЕвроХим» өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қандай үлес қосып отырғаны туралы «ЕвроХим-Қаратау» ЖШС-ының бас директоры Дмитрий Валышев облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен кездесулерінің бірінде айтып берді.

  • Сарысу ауданында жұмыс істей бастағалы бері компания өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға 23 миллион доллар қаржы жұмсады. Тұрғын үйлер жөнделіп, әлеуметтік нысандар салынды, Сарысу ауданының ғана емес, көршілес Талас ауданының да Орталық ауруханаларына реанимобиль сатып алынды. Келесі бес жылдың ішінде компанияның әлеуметтік аударымдары есебінен жергілікті әкімдікпен бірлесіп Жаңатас қаласында аулаларды абаттандыру, спорттық-сауықтыру кешенін, Жастар орталығын салу жоспарланып отыр, – деді Дмитрий Валышев.

Аймақ басшысы шағын қалаларды дамытуға мемлекеттік бюджеттен қыруар қаржы бөлініп жатқанын атап өтті.

  • Тұрғын үйлер, жолдар жөнделіп жатыр, коммуникациялар тартылуда, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Егер бизнес өзінің әлеуметтік жауапкершілігін ұмытпай, жергілікті билікпен ынтымақтастықта жұмыс істесе, әрине ол экономиканың өсуіне, қазақстандықтардың бақуатты тұрмысына тікелей әсер етеді. Жаңатас бұрынғыдай гүлденуі үшін бизнес пен жергілікті атқарушы органдар бірлесе жұмыс істеуі керек, – деді Бердібек Сапарбаев.

Атап айту керек, компания контракт бойынша бөлген қаржыға Сарысу және Талас аудандарындағы тұрғын үйлер, балабақшалар, мектептер мен басқа да маңызды әлеуметтік нысандар жөнделген. Көпқабатты 12 пәтерлі және 60 пәтерлі үйлер жөнделіп, пайдалануға берілген.Жаңатас және Қаратау қалаларындағы медициналық-санитарлық бөлімдерге жедел жәрдем көліктері сатып алынған.

Жаңатаста компанияның өз кеңсе ғимараты пайда болды. Қызметкерлері тұруға арналған 60 пәтерлі тұрғын үй меншіктеріне сатып алынып, жөнделген. «ЕвроХим-Қаратау» қызметкерлерінің 93 пайызы – Қазақстан азаматтары екенін, олардың ішінде 75 пайызы Сарысу ауданының тұрғындары екенін айта кеткен жөн.

«Еврохим» компаниясының Қазақстан Үкіметімен Келісімі шеңберінде Сарысу ауданын әлеуметтік-экономикалық дамыту үшін қосымша Жаңатас-Түркістан бағытындағы темір жол құрылысын жүргізу мәселесі қарастырылған техника-экономикалық негіздеме жасалып, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне ұсынылды. Сарысу ауданына табиғи газ берудің экономикалық негіздемесі әзірленуде. Компания сондай-ақ өзі жұмыс істеп жатқан аймақтағы әлеуметтік-экономикалық даму саласындағы басқа да жобаларға және елеулі әлеуметтік мәселелерді шешуге белсенді атсалысуда.

«ЕвроХим-Қаратау» ЖШС-ының бас директоры Дмитрий Валышев Жаңатас қаласын дамытудың шебер-жоспарын ұсынды. Шебер-жоспар осы өңірде өндірісін өркендетудің ұзақ мерзімдік жоспары бар және әлеуметтік жауапкершілікті кәсіпорын ретінде оның дамуына қомақты қаржы құйып отырған «Еврохим» компаниясының тапсырысы бойынша әзірленген. «ЕвроХим-Қаратау» ЖШС-ының басшылығы мен «Биік және жер асты имараттарының конструкторлық бюросы» ресейлік компаниялар тобының мамандары Жамбыл облысының басшылығын моноқаланы дамыту жоспарын әзірлеу жөніндегі бірлескен жұмысының қорытындысымен таныстырды. Шебер-жоспар моноқалаларды жаңғыртудың және жайлы қала ортасын қалыптастырудың табысты әлемдік тәжірибелері ескерілген қала құрылысын, жобалау және экономикалық шешімдерді қамтиды.

«Жаңатасты дамыту ЕвроХим үшін стратегиялық міндет болып табылады, өйткені бұл аймақта жұмыс істеу компанияның ұзақ мерзімді жоспарына кіреді, – деді Дмитрий Валышев. – Қоғамның жауапкершілігі жоғары мүшесі ретінде біз өзіміздің өндірістік нысандарымызды ғана дамытпаймыз. Біз дамудың барлық бағытта – экологиялық, әлеуметтік және экономикалық бағыттарда жүруін қалаймыз. Біз үшін қызметкерлеріміздің тұрмысы мен еңбек жағдайлары бүгінгі күннің стандарттарына сәйкес болуы, адамдардың, оның ішінде жастардың тіпті Жаңатас сияқты шағын қалалардың өзінде өмір сүруі жайлы болуы аса маңызды».

Жоспарда ыңғайлы жаяу жүргіншілер өткелдерін жасау, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, әлеуметтік-мәдени және демалыс инфрақұрылымдары нысандарын орналастыру қарастырылған. Қалада мәдени-көңіл көтеру және жастар орталықтарын салу, үй аулаларын балалар алаңшаларымен жабдықтау, базарды қайта құру және басқа да мәселелер ұсынылып отыр. Ұсынылған шешімдер тұрғындардың қаладан кетуін азайтуға, өмір сапасын арттыруға және Жаңатас қаласының имиджін жақсартуға бағытталған.

Аймақтың әлеуметтк-экономикалық дамуына да бағдарланған жобаны жүзеге асыруда компания жергілікті билік органдарымен белсенді әріптестікте жұмыс істемек. «Ұсынылып отырған шебер-жоспар қаланың дамуына жаңа серпін беріп, жаңа даму көкжиегін ашады. Біз Жаңатастың келешегі жарқын екеніне сенімдіміз. Жергілікті билік өкілдерімен, бизнесмендермен және қаланың бейжай қарамайтын тұрғындарымен бірлесе әрекет етіп, біз моноқаланы жаңғыртудың ұсынылып отырған жоспарын жүзеге асыра аламыз, оны Қазақстан тұрғындары үшін де, инвесторлар үшін де тартымды қалаға айналдыра аламыз деп сенемін», – деп атап өтті Дмитрий Валышев.

Об авторе: Эк-Спорт


Leave a Reply

© 2021 Эк-Спорт