пятница, 29 марта 2024   Подписка на обновления  RSS  Реклама на сайте
Популярно
15:08, 02 September 2021

Жамбыл ауданы Майский алабының тұрғындарын төлеу керек пе, жоқ па деген мәселе толғандырып отыр


Жамбыл ауданы Айшабибі ауылдық округінің тұрғындары мен ауылдарды ауызсу жүйесімен қамтамасыз етумен айналысатын ұйым арасындағы шиеленіс үшінші жылға созылып отыр, деп хабарлады ec-sport.kz порталы.

Жағдайды «Эк-Спорт» ақпараттық-талдау порталының тілшілері бажайлап қайтты.

Айша бибі ауылы — Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Айшабибі ауылдық округінің әкімшілік орталығы. Мұнда көне заманның көрнекті ескерткіштері – атақты Айша бибі және Бабажы Хатун кесенелері бар.

Айша бибі ауылы Тараз қаласынан оңтүстік-батысқа қарай алты шақырым жерде орналасқан. Елді мекен арқылы Тараз-Шымкент автожолы өтеді. Облыс орталығына жақындығы және жақсы магистральдың болуы кезінде осы ауыл маңында «Ынтымақ» және «Майский» саяжай алабтарының пайда  болуында шешуші рөл атқарған еді. Уақыт өте келе дачалар көптеген келушілер үшін тұрақты тұратын орынға айналды. Оларды «Ынтымаққа» қарағанда «Майскийдің» ешқандай мәртебесі жоқ екені, яғни «Майский» тұрғындарының тіркеуге тұра алмайтыны, әлеуметтік пакет пен өркениеттің басқа да игіліктерін ала алмайтыны ойландырмады. Түсініксіз жағдай қалыптасты – «Ынтымақ»-тың екі көшесі бұған дейін елді мекен мәртебесіне ие болса, «Майский»-дің бес көшесі әлі күнге дейін иесіз қалып отыр.

Дегенмен Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаев біздің тілшілерімізді «Майский»-ге елді мекен мәртебесін беру үдерісі басталғанын, жақын арада бұл мәселе шешілетінін айтып сендірді.

Бірақ мұнда ел буырқанып жатыр…

— 2019 жылы Айшабибі ауылдық округінің Ынтымақ дача алабындағы Ынтымақ, Ынтымақ-1 екі көшесіне ауызсу құбырын тартуға 6 млн 950 мың теңге бөлінді, — дейді Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Несіпбеков. — Ынтымақ дача алабының оң жағында «Майский» дача алабы орналасқан. Қазіргі уақытта ол Айшабибі ауылдық округінің аумағына жатпайды. Бұл қазір адамдар тұрып жатқан дача кооперативі,  ешқайда жатпайды, тіпті төрағасы да жоқ. Дача тұрғындары Ынтымаққа су құбырын тартқан кәсіпкермен әр аулаға 170 мың теңгеге су құбырын жүргізіп беру жөнінде келіскен. Кейін пандемияның басталуына байланысты тұрғындар бұл соманы азайтуды сұраған. Кәсіпкер түсіністік танытып, 150 мың теңгеге дейін төмендеткен. Сөйтіп су құбырын тартып берген. Кейбір аулалар келісілген соманы толық төлеген, кейбіреулері жартысын берген, біреулері енді ғана төлей бастаған. Көпшілігі төлей алмады. Қазіргі мәселе –  тұрғындар төлемақы көлемін тағы да азайтуды сұрап отыр.

Айта кетейік, жуырда Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Несіпбековтің, Айшабибі ауылдық округінің әкімі Дармен Дәулетовтің, бизнесмен Бауыржан Бозымбековтің, «Nur Otan» партиясы мен облмаслихат өкілдерінің қатысуымен тұрғындар жиыны өтті. Кәсіпкермен төлемді 100 мың теңгеге дейін азайту туралы келісімге қол жеткізілді. Бірақ тұрғындар тағы да келіспеді, одан да көп азайтуды талап етті.

Оған енді мердігер келіспеді, бұндай жағдайда ол шығынға ұшырайтын болып отыр.

— «Майский» алабында 122 аула мен 5 көше бар, — дейді Айшабибі ауылдық округінің әкімі Дәрмен Дәулет. — Осыдан екі жыл бұрын тұрғындармен жиналыс өтіп, 170 мың теңгеге су құбырын тарту туралы келісім жасалған болатын. Іс жүзінде кейбір аулалармен келісімшарт жасалмағанына қарамастан мердігер жұмысты атқарды. Оған «жасай бер, кейін есептесеміз» деген. Осыдан бір ай бұрын су жинау мұнарасы мен сорғы сынды. Өз жұмысына кепілдік берген мердігер ұңғыманы қайта бұрғылап, сорғыны орнатып берді. Алайда мердігердің төлемақыны 150 мың теңгеге дейін азайтқанына қарамастан «Майский» алабының тұрғындары төлеуге асықпады. Жұмсалған соманы жинау үшін мердігер су құбырынан су беруді уақытша тоқтатқан. Тұрғындармен бірнеше жиын, кездесулер өткізілді. Мен мердігерден төлемді бес айға бөліп-бөліп қабылдауды сұрадым. Адамдар үшін барлық соманы бірден беру қиынға соқпас үшін 30 мыңнан бөлуді ұсындым. Келесі отырыста төлем жүз мыңға дейін қысқартылды. Бірақ сонда да тұрғындар келіспеді, құбырларды кері қазып алуын талап етті.

Айта кету керек, Дәрмен Дәулеттің Айшабибі ауылдық округінің әкімі қызметін атқара бастағанына үшінші ай ғана. Дегенмен бұл округте жаңа мектеп салынып, жаңа жолдар төселе бастады. Жаңа әкім аудан әкімдігінің қолдауымен округ елді мекендерін көркейтуді, ауыл тұрғындарының өзекті мәселелерін шешуді жоспарлап отыр.

«Эк-Спорт» порталының тілшілері жергілікті тұрғындарды тыңдады.

— Біз осы уақытқа дейін шешілмеген мәселені көтеруді ұйғардық, — дейді «Майский» алабының тұрғыны Гүлжахан Ералиева. — Бізде ауыл мәртебесі жоқ, тұрғылықты жерімізге тіркелмегенбіз, көпбалалы аналар ретінде жәрдемақы алмаймыз. Мердігер Бозымбеков бізге газ тартып берді, қазір су құбырын жүргізуге қатысты дау туындап отыр. Біз қол қойғымыз келмейді, бізге тұрғын үй-коммуналдық қызметпен заңды келісімшарт керек. Біз бұл мердігермен 170 мың теңгеге су құбырын жүргізу туралы келіскен жоқпыз. Сол кезден бастап дау жалғасып келеді. Кейбіреулер қаржысы болмағандықтан су құбырын тартқызбады. Біз алдымен тұрғылықты жерімізге тіркеліп, содан кейін ғана су құбырын жүргізу бойынша келіссөздер жүргізуіміз керек. Мердігер өзі айтқан баға бойынша төлеуді талап етіп отыр. Ал біз олай істей алмаймыз, себебі біз еш жерде тіркелмегенбіз. Тұрғындар оның шарттарымен келіспейді. Біз төлем жасамаймыз деген жоқпыз. Бірақ ол келісімшартта көрсеткен бұл баға – 170 мың теңге – қымбат. Ал егер Айшабибідегідей құқықтық мәртебесіміз болғанда…

Мердігер – «Энергостроитель» компаниясының атқарушы директоры Бауыржан Бозымбеков өз пікірін білдірді:

— Тұрғындар талай рет бас қосты, бірақ келісе алмай келеміз, — деді ол. — 2018 жылы біз мұнда газ жүргіздік. 2019 жылы екі Ынтымақ көшесі тұрғындарының басқосуы болды. Басқа көшелердің – Центральная, Садовая, Набережная, Рощинская, Арычная – мәртебесі жоқ. Мәртебе беру мәселесі оған дейін кездесулерде көтерілген. Тұрғындардан қайда қарағылары келетіндері сұралды — ауданға ма, қалаға ма? Олар ауданды таңдады. Енді қазір олардың мәселелерімен аудан айналысып жатыр. 2019 жылы біз үш көшенің тұрғындарымен жиналыс өткіздік, тұрғындардың қойған қолдары бар. Жұмысты 40 күнде аяқтадық, сөйтіп олар 2019 жылдан бастап ауызсу ішіп отыр. Менімен келісімшартқа тұрмауда, қол қойғылары келмейді, екі жыл өтті. Мемлекет есебінен істегісі келеді. Не істеуім керек? Олар өз беттерімен қосылып алған.

Жобалық-сметалық құжаттама бойынша Ынтымақ көшелеріндегі 125 үйдің киломертажы  – 1850 метр. «Майский» алабындағы тізім бойынша 93 үйде – 3,8 шақырым. Әр нысанның ЖСҚ бар. Үшінші жыл жалғасып келеді, бес-алты жиын өтті. Осы уақытта ай сайын 10 мың теңгеден төлеп тұрғанда әлдеқашан төлеп қоятын еді. Оларда ниет жоқ. Қандай да бір жауапкершілік болуы тиіс қой! Карантинге байланысты 20 мың теңгеге азайттым – бұл да көмек. Неліктен мен су құбырын тегін жүргізуім керек? 2018 жылы газ жүргізіп бердік – әлі жұмыс ақысын төлемегендер бар. Мен оларды сотқа бергім келмейді. Соңғы кездесуде «Енді не істейміз?» деп сұрадым. Үндемейді. Қаламасаңыздар – кесіп тастаймыз. Кезекші кран бар, су тәулік бойы ағып тұр, шелектеп тасысын. Бұған дейін солай тасыды ғой. Олар Президент әкімшілігіне, прокуратураға жазды, бірнеше рет тексеру жүргізілді. Менде барлық тексерулердің қорытындысы бар. Ақиқат менің жағымда.

Бізге белгілі болғандай, Жамбыл ауданы әкімдігінің «Майский» дачасы алабына су құбырын тартуға қаржы бөлуге ешқандай заңды құқығы жоқ. Өйткені бүгінде бұл тұрғын алабының елді мекен мәртебесі жоқ және Айшабибі ауылдық округіне жатпайды.

Бір кездері адамдар осында жиналып, кооператив құрып, саяжайлар салды. Алайда өмір солай болды, олардың көпшілігі үшін бұрынғы саяжайлар тұрғылықты мекенжайларына айналды. Енді олар өздерінің мәртебелерін айқындап алулары керек, сонда ғана олар қаржыға қол жеткізе алады. ҚР Бюджет кодексінде саяжай алабтарына қаражат бөлу көзделмеген.

Ауызсу құбырын жүргізу туралы бастаманы «Ынтымақта» су құбырлары қалай тартылып жатқанын көрген «Майский» тұрғындарының өздері көтерген. Әрине олардың да өркениет игілігін пайдаланғылары келді. Мердiгер тұрғындардың алғашқы басқосуында оларға сметаны көрсетіп, өзiнiң алдағы шығындары 170 мың теңгені құрайтынын жеткізген. Тұрғындар келісіп, 49 аула осы сомаға келісімшарт жасасып, қол қойған. Кейін пандемияға байланысты мердігер 20 мың теңге көлемінде жеңілдік жасады, алайда тұрғындар төлеуге асықпады. Бүгінгі таңда мердігердің жұмысы үшін 22 аула ғана толық төлем жасаса, қалғандары ішінара төлеген.  Ештеңе төлемеген аулалар да бар, бірақ оларға су құбыры тартылған.

«Майский» тұрғындары бастамашыл топ құрды. Олар әкімдіктің «Ынтымаққа» қаржы бөліп, өздерінің алабына бөлмейтініне наразы. Жергілікті билік өкілдерінің барлық түсініктемелері халықтың ашу-ызасына «батып» кетуде. Қазір «Энергостроитель» компаниясымен азаматтық-құқықтық  сипаттағы сот ісі басталып та кетті.

«Майский» алабына елді мекен мәртебесін беру мәселесі аудан әкімдігінің бақылауында екенін атап өткіміз келеді. Бірақ мәселені шешу үшін біраз уақыт қажет. «Майский» саяжай алабына елді мекен мәртебесін беру құжаттары тиісті орындарға берілген. Құжаттама мәселесі шешіле салысымен қаржыландыруға мүмкіндік туады. Оған дейін мердiгер мен жеке тұлғалар арасындағы барлық келiспеушiлiктер азаматтық-құқықтық негізде шешiлуi тиiс.

Айта кетейік, Жамбыл ауданында осындай бірқатар дачалық алаб бар, олардың барлығында да елді мекен мәртебесінің жоқтығынан қаржыландырудың болмауына байланысты дәл осындай проблемалар туындап отыр. Сондай-ақ қымбат тарифтерге қатысты проблемалар да бар, мысалы, электр энергиясы үшін, себебі тұрғындар заңды тұлға ретінде төлеуге мәжбүр.

Жамбыл ауданының әкімдігі бұл мәселелерді біртіндеп шешуге ниетті.

Об авторе: Венера Ахметжанова


Leave a Reply

© 2024 Эк-Спорт

Яндекс.Метрика