суббота, 27 апреля 2024   Подписка на обновления  RSS  Реклама на сайте
Популярно
17:12, 06 September 2021

«Іске сәт» АӨК: бесағаштық миллионерлер


«Эк-Спорт» ақпараттық-талдау порталының тілшілері Жамбыл ауданы Бесағаш ауылдық округінің Бесағаш ауылында болып, ауыл тұрғындарының табысын арттыру бойынша пилоттық жобаға қатысушылармен кездесті, деп хабарлады ec-sport.kz.

Естеріңізге сала кетейік, тұрғындарының 60%-ын ауылдықтар құрайтын Жамбыл облысында жеке аула шаруашылықтарын дамытуды ынталандыру бойынша кешенді шаралар қабылдануда. 2019 жылы ҚР Үкіметі ауыл тұрғындарының табысын арттыру және ауылшаруашылығы өндірісін ұлғайту бойынша жамбылдық пилоттық жобаны қолдады. Бірінші кезеңде пилоттық жобаны 11 ауылдық округте іске асыру және ауыл тұрғындарының табысын 2,5 есеге арттыру көзделді. «Тараз» ӘКК» АҚ жылдық мөлшерлемесі 2,5% несиелендіруді тікелей жүзеге асырады. Техника, тұқым, минералды тыңайтқыштар мен химиялық қорғау құралдарын сатып алу құрылған кооперативтердің көмегімен қаржыландырылады.

Бесағашта «Іске сәт» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі 2019 жылдың қыркүйегінде құрылды. Оның құрамына 110 бесағаштық мүше болып кірді. Кооператив дәнді дақылдар, көкөніс және жем-шөп дақылдарын өсірумен айналысады.

Лизинг бойынша ауылшаруашылығы техникасының 22 түрін сатып алуға жүз миллионнан астам теңге жұмсалды.

— Пилоттық жоба аясында біз үш трактор, екі астық жинайтын комбайн, екі соқа, культиватор, дискілік тырма, астық жинайтын машиналар, тұқым сепкіштер, көгал шапқыштар, картоп және жем-шөп комбайндарын, пияз жапырағын турағыш, тыңайтқыш шашқыштар, тіркеме, көтергіш қалақ, арық тазалағыш машина сатып алдық, — деп атап өтті «Іске сәт» ӘКК атқарушы директоры Қадыржан Дөненбаев.

Оның айтуынша, сонымен қатар өндірістік кооператив ауыл тұрғындарының табысын арттыру жөнiндегi пилоттық жоба шеңберiнде мал сатып алған ауыл тұрғындарына техникамен және жемшөппен көмектесуде.

Ауылшаруашылығы кооперативiнiң аулалық алаңы 155 гектарды құрайды. Мұнда шаруалар қызанақ, сарымсақ, картоп, жүгері, пияз өсіруде. Оған қажетті айналым капиталы – 13,3 млн. теңге. АӨК бір ғана тұқымға 5,2 млн. теңге жұмсап, «Қазақ тұқым шаруашылығы ҒЗИ» АҚ-ынан сапалы тұқым сатып алуда. Жанар-жағармай материалдарына 2 млн. теңге, өсімдіктерді қорғауға қажетті материалдарға 170 мың теңге жұмсалады.

Ауыл сыртындағы егіс көлемі едәуір үлкен – 7477 га. Бұл 1397 гектар суармалы және 277 гектар тәлімі, 204 гектар шабындық және 5597 гектар жайылымдық жер. Егістік дақылдардан шаруашылықта арпа, бидай, дәндік жүгері, сүрлемдік жүгері, жоңышқа өсіріледі. Бұған қажетті айналым қаражаты 38 млн. теңгені құрайды, тұқымға 13,7 млн. теңгеден астам, өсімдіктерді қорғауға 3,6 млн. теңге және жанар-жағармай материалдарына 7 млн. теңгеден астам қаражат жұмсалады.

— Біз жобаға өте ризамыз, тұрғындар тұрақты жұмысқа орналастырылып, тұрақты табыс табуда, — деп түйіндеді «Іске сәт» АӨК атқарушы директоры Қадыржан Дөненбаев.

Бесағаш ауылдық округінде барлығы 1117 аула пилоттық жобаға қатысуда. Ауыл тұрғындары жобаның бес бағыты бойынша миллиард теңгеден астам қаржы алды.

Об авторе: Венера Ахметжанова


Leave a Reply

© 2024 Эк-Спорт

Яндекс.Метрика