суббота, 14 декабря 2024   Подписка на обновления  RSS  Реклама на сайте
Популярно
17:08, 06 September 2021

Тұрмыстық табысты арттыру пилоттық жобасы: Бесағаш ауылының тұрғындары жалғастыруды сұрайды


Жамбыл ауданының тұрғындары осыдан екі жыл бұрын Жамбыл облысында ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатында іске қосылған пилоттық жобаның әлеуетін жоғары бағалап отыр, деп хабарлады ec-sport.kz порталы.

Тұрғындарының 60%-ын ауылдықтар құрайтын Жамбыл облысында жеке аула шаруашылықтарын дамытуды ынталандыру бойынша кешенді шаралар қабылдануда. 2019 жылы ҚР Үкіметі ауыл тұрғындарының табысын арттыру және ауылшаруашылығы өндірісін ұлғайту бойынша жамбылдық пилоттық жобаны қолдады. Бірінші кезеңде пилоттық жобаны 11 ауылдық округте іске асыру және ауыл тұрғындарының табысын 2,5 есеге арттыру көзделді. «Тараз» ӘКК» АҚ жылдық мөлшерлемесі 2,5% несиелендіруді тікелей жүзеге асырады. Техника, тұқым, минералды тыңайтқыштар мен химиялық қорғау құралдарын сатып алу құрылған кооперативтердің көмегімен қаржыландырылады.

Пилоттық жобаны іске асыруда Бесағаш ауылдық округі жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр. Жалпы 6820 халқы бар бұл округке Бесағаш, Түрксіб ауылдары кіреді. Құнарлы жерлерде түрлі дақылдар – бидай, арпа, жүгері, картоп, көкөніс өсіріледі. Жайылымдарда қыруар төрт түлік мал жайылып жүр.

Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаевтың айтуынша, ауыл тұрғындарының табысын арттыру бойынша пилоттық жоба Бесағаш ауылдық округінің 1117 ауласын қамтып отыр. Пилоттық жобаның бес бағыты бойынша ауыл тұрғындары миллиард теңгеден астам қаржы алған.

— Барлық қаражат толық игерілді, — дейді Сәкен Арубаев. — Өнімділік жоғары. Барлығы 2655 тонна көкөніс, оның ішінде 900 тонна қызанақ, 30 тонна сарымсақ, 396 тонна картоп, 1200 тонна пияз, 129 тонна жүгері жиналды. Екі жылыжай салынды. Округтегі 276 аула 4760 мал мен құс сатып алып, 202 тонна ет, 233 тонна сүт өндірді. Олар: 268 сүтті сиыр, 360 бұқашық, 1443 қой, 1289 жылқы, 1400 күркетауық. 22 техника сатып алынып, 1335 га жем-шөп дайындалды. 560 тонна арпа, 170 тонна бидай, 1380 тонна жүгері, 4199 тонна көпжылдық шөп жиналды. Тұқым мен минералды тыңайтқыш 38,8 млн. теңгеге сатып алынды. Кондитерлік өнімдердің үлкен көлемін шығаратын цех ашылды.

«Эк-Спорт» порталының тілшілері Бесағашта болып, пилоттық жобаға қатысушылармен әңгімелесті.

Жобаның жүзеге асырылу барысы туралы Бесағаш ауылдық округінің әкімі Бейбіт Нығматуллаев баяндап берді.

— Бізде халық саны көп. Округімізде 1330 аула бар. Жалпы пилоттық жобаның бес бағыты бойынша барлығы 1117 аула тартылып отыр. «Іске сәт» ірі ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды. Қазір оларға тегін ағаш көшеттері, көкөніс көшеттері берілуде, кейін олар өз өнімдерінің бір бөлігімен төлейді. Негізінен, қазір пилоттық жоба бойынша мал өсіруге несие алып жатыр — 276 аула мал шаруашылығына алды. Бізде кондитерлік цех пен екі жылыжай ашылды.

Әкімдік кооператив қатысушыларына өнімдерін коммуналдық базарларда, жәрмеңкелерде сатуға көмектесуде. Биыл Бесағаш тұрғындары өз көкөністерін, сүт және кондитерлік өнімдерін елорданың, Алматы, Шымкенттің жәрмеңкелеріне апарды.

Бесағаш ауылдық округінің әкімі пилоттық жобаға 160 аула қатыспағанын, себебі олар көпқабатты үйлерде тұратынын, шаруашылық учаскелері жоқ екенін атап өтті. Соған қарамастан әкімдік оларға жеке қосалқы шаруашылықтарын ашуға ауыл сыртынан 50 гектар жер бөлді. Дегенмен әзірше бұл отбасылардың ауылшаруашылығымен айналысуға деген ынта-ықыласы болмай тұр.

— Пилоттық жобамен айналысып жатқандардың барлығы риза, — деп атап өтті Бейбіт Нығматуллаев. — Жылына 2,5 пайыздық несие – мұны басқа кім береді? Бірінші рет осылай болып отыр. Облыстың қоғамдық кеңесіндегі есебімде мен ауыл тұрғындарының бұл пилоттық жобаны жалғастыру туралы өтінішін жеткіздім. Бастапқыда қалай болар екен деген қорқыныш болды… Қиыншылықтар да болды. Бұған дейін адамдар 30 пайыздық несие алып, төлей алмады, көпшілігінің несие тарихы бүлінген, өздеріне тиесілі ғимараттардың құжаттамалары толық емес, үйлері заңдастырылмаған. Осылайша пилоттық жоба бойынша несие рәсімдеуде үлкен қиындықтар туындады, алайда заңгерлер де, ХҚКО да, МБТИ де көмектесті. Есесіне қазір жобаға қатысқандардың істерінің жүріп жатқанын, пайдасының өскенін көріп, қызығушылық пайда болды. Қазір біз осыдан екі жыл бұрын алынған несиені қайтарып жатырмыз. Осы сомадан тұрғындарымызға тағы да несие беруді сұраймыз, бірақ мал шаруашылығы үшін емес, себебі мал көп, тіпті жайылымдарға қатысты проблемалар туындауда. Енді біз өсімдік шаруашылығын дамытатын боламыз, жылыжайлар мен ауылшаруашылығы өнімдерін өңдейтін цехтар саламыз.

Об авторе: Жанна Сулеймани


Leave a Reply

© 2024 Эк-Спорт

Яндекс.Метрика